Білімді, мақсаты айқын, салауатты өмір салтын ұстанатын жастар – біздің жарқын болашағымыз. Олардың спортпен кәсіби түрде айналысып, республикалық, халықаралық жарыстарға қатысуы үшін қашанда қолдау көрсетеміз.
Бүгін «Дене шынықтыру және бастапқы әскери дайындық» білім беру бағдарламасы студенттеріне арнап салынған ашық футбол алаңы пайдалануға берілді.
Университетімізде спорттың әр түрінен 13 спорттық секция жұмыс істейді. Әлем чемпионатының – 9, Азия чемпионатының – 23, Қазақстан чемпионатының – 125 жеңімпазы мен жүлдегері бар. Студенттердің ішінде 8 – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 32 – Қазақстан Республикасының спорт шебері, 112 – ҚР спорт шеберлігіне үміткер, 80 – разрядты спортшы бар екенін де мақтанышпен айта аламыз. Волейбол, футбол және баскетболдан 3 командамыз Ұлттық студенттік лигаға қатысады.
Ал, ҚР ХІІ жазғы Универсиадасында университет спортшылары, спорттың 16 түрінен 37 медаль иеленіп, республикада үздіктер қатарынан көрінді.
Біз еліміздің абыройын асқақтатып жүрген спортшы жастарымызды мақтан тұтамыз.
Биыл «Дене шынықтыру және бастапқы әскери дайындық» кафедрасының құрылғанына 35 жыл толып отыр. Әлі де білім ордасы саңлақ спортшы, сайыпқыран шәкірттерді даярлайды деген сенімдеміз.
Қорқыт ата университетінен Илья Ильин, Қамшыбек Қоңқабаев, Мақсат Исағабылов, Мөлдір Жаңбырбай, Әсел Серікбай сынды әлемге танымал спортшылар шыққан. Сіздер де солардың жолын жалғайды деп сенеміз!
Студент жастарымыздың игілігі үшін жасалған футбол алаңы құтты болсын! Жарқын жетістік, жеңісті күндеріміз көп болсын!
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<