Жаңашылдыққа ұмтылған алтын ұя

1881

4

Шиелі ауданындағы №47 М.Ломоносов атындағы  мектеп-лицейі –  жаңашыл идеяларды іске асыруда көпке үлгі болып жүрген білім ошағының бірі. «Ұстаз – ұлық қызмет емес, ұлы қызмет» деген Бауыржан Момышұлының ұлағатты сөзін өмірлік ұстанымына айналдырған  ұжымның мақсаты – әр шәкіртке білім мен тәрбие беруде креативті идеяларды іске асыра отырып,  шығармашылық орта қалыптастыру. Бүгінде мұнда 1100 оқушы білім алып,  137 мұғалім еңбек етеді.

Мектеп ғимараты  480 орындық акт және  36  орындық оқу залдарымен, 280 орындық асхана,  48 оқу кабинеті, 3 зертхана, 3 шеберхана және 5 лингафон кабинетімен жабдықталған. Білім алушыларға жаратылыстану-математика бағытындағы  пәндер тереңдетіліп оқытылып, химия, биология, физика, информатика пәндері бойынша терминология курстары ағылшын тілінде жүргізіледі. «Жасыл мектеп» жобасы аясында теориялық білімді тәжірибеде қолдану дағдыларын арттыру үшін өсімдік өсірудің түрлі тәсілдерін, атап айтқанда,  топырақсыз ортада, арнайы субстраттарда өсірудің гидропоника, малазықтық гидропоника әдістерін қолға алған. Білім алушылар жаратылыстану пәндері зертханасында зерттеу жұмыстарын жүргізе отырып, химия, биология, физика пәндеріндегі білімдерін тәжірибемен ұштастыруда.

– Қазіргі кезде  жаңа технологиялардың тұрмысқа дендеп енуі экономикалық ұстанымды, адамдардың өмір сүру салтын және жұмыс күші нарығын түбегейлі өзгертті. Сондықтан мектеп жанынан агро-биологиялық кешен жұмысын ұйымдастыру қолға алынды. Онда физика, биология, химия, география, информатика ғылымдарының эксперименттік зерттеулері ашық аспан астында жүргізілетін болады. Адами капитал – бұл адам бойындағы білімі, қабілеті, тәжірибесі, іскерлігі, бәсекелестік заманындағы кәсіби құндылығы. Осындай басымдықтарды ескере отырып, мектеп-лицей ұжымы бірнеше стратегиялық жоспарларды іске асыруда. Атап айтқанда, «ІТ мектеп» жобасы аясында «ІТ ақпараттық технологиялар», «Цифрлы лаборатория»,  «3D  модельдеу», «Робот техникасы»  курстары жүргізіліп, кабинеттермен жабдықталды, – дейді мектеп-лицей директоры Сәуле Нұрманова

Сондай-ақ, білім ордасында әлеуметтік желідегі ақпараттарды сұрыптау, ғаламтор мүмкіндіктерін сараптай отырып қолдана білу, ақпаратпен және ақпараттық технологиялармен дұрыс жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру үшін биылғы оқу жылынан бастап «Медиасауаттылық» курстары ұйымдастырылған. Одан бөлек, 6-сыныптардағы музыка пәнінен домбыра үйрену бағдарламасының енуіне байланысты  «Домбыра» сыныбы ашылып, онда 5-6 сынып оқушылары домбыра үйренуде және «Үкілі домбыра» үйірмесі жүргізіледі. 

Оқушылардың сабақтан тыс уақыттарын тиімді ұйымдастыру да жақсы жолға қойылған. Ол үшін  түрлі жобалар аясында ашылған шахмат, тоғызқұмалақ, асық үйірмелері бар. Ұлттық құндылықтарға баулитын этноауыл ашық мұражайы, психологиялық тренингтер орталығы, «Қызықты математика» алаңы, мамандыққа бағдар беруге арналған «Сән орталығы», ағаш, металл өңдеу, тігін шеберханаларының да жас ұрпақ үшін маңызы зор.  Сонымен қатар рухани адамгершілік құндылықтарды дамытуға бағытталған  «Cinema day»,  «Artstudio» кабинеттері де жұмыс істейді. Инновациялық мектепте  сондай-ақ, «Серпін» педагогикалық, «Шаңырақ» оқушылар қоғамдастықтары, «Парасат» сынып жетекшілер қауымдастығы құрылған.

– «Шаңырақ»  қауымдастығын құру арқылы оқушылардың кітап оқу дағдысын дамытатын «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясындағы  «100 кітап»,  «READ X», «BOOKCROSSING»,  «Book trailer», «3D» кітап жасау, психологиялық таным дағдысын дамытуды көздейтін «Құм терапиясы», ұлттық құндылықтарды дәріптеуге негізделген «Асық қобдишасы», «Қазақтың 100 әні», ата-аналармен бірлесіп жұмыс жасауға бағытталған «Ата-ана жұмысындағы бір күн», «Даналық бейсенбісі» секілді  жобаларды  жүзеге асырудамыз. Сонымен бірге оқушылардың командада жұмыс істеу дағдысын қалыптастыруға, қарама-қарсы пікірге құрметпен қарауға, өз көзқарастарын белсенді қорғауға үйретуге мүмкіндік беретін «Ұшқыр ой алаңы» оқушылардың дебаттық қозғалысы» жалпыұлттық мәдени білім беру жобасы жүйелі жүргізіліп келеді, – деп атап өтті Сәуле Құрманәліқызы.

Білім беру ұйымында сондай-ақ, ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға да  жағдай жасалып, ресурстық орталық ашылған. Онда арнайы педагогтар (дефектолог, логопед, сурдо, тифлопедагогтар, педагог-психологтар) бейімделген білім беру бағдарламаларын іске асыра отырып, инклюзивті тәрбиелеу мен оқыту процесін жүзеге асыруда. Балалардың зейін тұрақтылығын, танымдық дағдыларын жетілдіруге бағытталған оқу кабинеттері стандарт талаптарына сай көрнекі-әдістемелік құралдармен, материалдық-техникалық жабдықтармен жасақталып,  оқушылардың жеке ерекшеліктеріне сәйкес оқу үдерісін ұйымдастыруға мүмкіндік жасалған.

Педагогтардың кәсіби әлеуетін  арттыру үшін «Таным»,  «Тәлім», «Тағылым», «Өрлеу» секілді  шығармашылық топтар құрылған.

Бір мақсатқа бірге жету, бірлесе жұмыс атқару, бірін-бірі толықтыру, бір-біріне демеу жасау және жетекші мектеп ретінде өзге мектептерге әдістемелік қолдау көрсету – білім ошақтарының жетістікке жетудегі ең басты бағыты. Осы орайда №47 М.Ломоносов атындағы мектеп-лицейі жетекші білім ошағы ретінде серіктес №№155, 158, 49, 149, 151, 251 мектеп тәжірибесімен бөлісіп, әдістемелік қолдау көрсетіп келеді. Бұл орайда серіктес мектептермен  «Lesson Study – Time», «Шеберлік палитрасы», «Stand up»    жобалары  жүргізілуде.

Осындай тынымсыз еңбектің, үздіксіз ізденістің арқасында «Ауданның тірек мектебі»,  «Ауданның ең үздік өнер ордасы», облыстың «Үздік жалпы білім беру мектебі»,  «Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы»,  «Ауданның ең үздік тағылым ордасы», «Алтын белгі иегерін тәрбиелеген мектеп», «Ауданның ең үздік шығармашылық ордасы», «Ауданның ең үздік білім ордасы» номинацияларын иеленді. Сонымен қатар  облыстық  білім басқармасы мен облыстық кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен өткен «Жыл таңдауы»  қорытындылары бойынша «Ынтымағы жарасқан ұжым-2018», «Үздік әлеуметтік әріптес-2021» номинацияларын жеңіп алды. 2020 жылы Қазақстан Республикасының оқу орындары арасында өткен байқауда «Үздік ауылдық лицей-гимназиясы» номинациясы бойынша гран-при иегері. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырған «Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» жобасы аясында «Мектеп – денсаулық сақтау аймағы» байқауында ІІІ орын, облыстық жетекші мектептер арасында өткен «Үздік жетекші мектеп – 2020» байқауында ІІ орын иегері атанды. Одан бөлек, мектеп-лицейде бірнеше авторлық бағдарлама, әдістемелік құрал авторлары, ҚР Білім және ғылым министрінің марапат иегерлері жұмыс істейді. Кәсіби әлеуеті жоғары  ұстаздар  республикалық деңгейдегі түрлі байқауларда топ жарып, ұжым абыройын асырып жүр. Мәселен,  «Үздік авторлық бағдарлама» байқауында Ш.Смайлова  «Өз ісінің шебері» номинациясын иеленсе, республикалық  «Үздік психолог» байқауында  А.Шағдарова «Үздік портфолио»  номинациясы,  «Жылдың 100 үздік ағылшын тілі пәні мұғалімі» байқауында М.Исаева төсбелгі иегері атанды. Сонымен қатар, облыстық «Үздік мектеп үйлестірушісі-2021» байқауында Ф.Арыстанова І орынды иеленсе, осындай облыс деңгейінде өтілген «Үздік бастауыш сыныптағы математика пәнінің мұғалімі-2021» байқауында мектеп-лицей мұғалімі Г.Нәлібаева І орын иегері атанды. Нұртай Алуа «Үздік бастауыш сынып жаратылыстану пән мұғалімі-2021» байқауында І орынды жеңіп алса, Эльмира  Саттарбай облыстық «Үздік дефектолог-2021» байқауында ІІ орынмен марапатталды. Шығармашыл ұжым жетістігі мұнымен ғана шектелмесі анық. Байқағанымыздай, өз ісінде табысқа кенелмеген, жетістікке жетпеген ұстаз жоқ деуге болады.

Жалпы, мектеп-лицейдің  ұстаздары мен оқушылары шығармашыл ортада білімі мен білігін қатар дамытуда. Мемлекет болашағының кілті – қазіргі жаңа технологияларды меңгерген, сонымен бірге, түп-тамырынан ажырамаған, салты мен дәстүрін, тарихын білетін нағыз сапалы азаматтарда екенін ескерсек,  бүгінде осы жерден білім алып, тәрбиеленіп жатқан шәкірттер арасында  аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі түрлі байқаулар мен олимпиадалар, ғылыми жобалардың жеңімпазы атанып үлгерген талантты жеткіншектер қатары баршылық. Атап айтқанда, Арсен Сисенбаев – Президенттік олимпиаданың аймақтық кезеңінде ІІІ орын, Нұршапағат Қалменова, Диана Баймырзаева  Ө.Жолдасбеков атындағы халықаралық конкурсында ІІ орын, Таңшолпан Сәбитқызы әл Фараби атындағы халықаралық олимпиадада ІІІ орын, Қорқыт ата атындағы ҚМУ ғылыми жобаларында ІІ орын иеленсе, Қасиет Шамшат республикалық әл Фараби атындағы ғылыми жобалардың қорытынды кезеңінде  ІІ орын, облыстық кезеңде ІІ орын, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ ғылыми жобаларында ІІІ орын және «Хабар» агентігінің ұйымдастыруымен өткен «ХХІ ғасыр көшбасшы» зияткерлік сайысының 2 аймағында жеңімпаз болып сертификатпен марапатталған. Өздерінің талантымен, білімімен түрлі жарыстарда жеңіске жетіп, мектеп абыройын асқақтатып жүрген шәкірттердің бірнешеуін ғана атадық. Шын мәнінде олардың қатары әлдеқайда көп.

Жалпы  ұстаздың да, шәкірттің де тынымсыз еңбегі елеусіз қалмайды. Бәсекеге қабілетті, оның ішінде білім бәсекесі озған заманда шәкірттердің   жетістігі шынайы еңбектің нақты көрінісі екені белгілі. Шәкірт болашағына жол сілтеп, келешегімізді кемел біліммен сусындататын ұстаздар қауымы болса, сол ұстаздар мен шәкірттердің басын қосып, бағытын айқындайтын білім ордасы  қашан да мектеп болмақ. Мектеп – қызығы мен шыжығы көп балалық шақтың куәсі, әр балаға білім берер алтын ұясы ғана емес,  болашақтың негізін қалап, қоғамның келбетін қалыптастыратын, мемлекеттің мәртебесін арттырар азаматтар тәрбиелейтін киелі мекен. Олай болса, жаңашылдыққа ұмтылған білім ордасының тынымсыз еңбегіне  алдағы уақытта да толайым табыс тіледік.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<