Жаңақорғандағы №110 мектеп-лицейі – аудандағы іргелі білім ошақтарының бірі. 1200 орынға арналған мектепте қазір 1700 бала оқиды. Білім ұясы облыстағы 50 инновациялық мектеп қатарында.
1996 жылы 420 оқушымен орталау мектеп болып ашылған білім беру мекемесі 2012 жылы мектеп-лицей статусын алды. Бүгінде мұнда жаратылыстану бағытында химия, биология пәндері тереңдетіліп оқытылады.
Мектеп-лицей директоры Әділмырза Тәждиновтің айтуынша, мекеменің материалдық-техникалық базасы талапқа сай жасақталған. Мұнда 58 оқу кабинеті, 2 шеберхана, биология, физика, химия кабинеттерінде зертхана құрал-жабдықтары бар. Оған қоса 500 орындық акт залы мен 400 орындық асхана да қызметін атқаруда. Мектептегі типтік спорт залы да талай өреннің спортқа деген құлшынысын арттырып, шеберлігін шыңдауға мүмкіндік беруде.
Мектеп ұжымы да көпке үлгі. Мұндағы жарасымды, жүйелі тірліктің орын алуына ұжым мүшелерінің де үлесі зор. Жаңашылдыққа ұмтылған мұғалімдер қауымы үнемі ізденіс үстінде.
Ұжым демекші, мұнда 158 жоғары білімді мұғалім еңбек етеді. Олардың 34-і жоғары санатты педагог-зерттеуші болса, 38-і І санатты сарапшы мұғалім, ал 47-сі ІІ санатты педагог-модератор.
– Педагог кадрларымыздың барлығы түгел түрлі бағыттағы курстардан өткен. Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша 100%, пән бойынша 95% қамтылды. Деңгейлік курстан өткен 21, үш тілділік бойынша оқыған 5 мұғаліміміз бар, – дейді мектеп директоры.
Мектеп оқушылары түрлі деңгейдегі білім жарыстарына белсенді түрде қатысады. Пәндік олимпиадалар, ғылыми-зерттеу жобаларына қатысып, мектеп абыройын асырып жүр.
Атап айтқанда, химия, биология және география пәндерінен мектеп оқушыларының «Жас зерттеуші» облыстық ғылыми-зерттеу жобалар байқауында химия бағыты бойынша 10 сынып оқушысы Дилназ Қалкөз І орынды жеңіп алса, республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде 5 сынып оқушысы Айзере Дәуренбек І орынды иеленді. Ал республикалық ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңінде «Биология» секциясы бойынша мектеп оқушысы Айда Нұрлах І орыннан көрінді. Осы конкурстың Математика секциясында Зарина Қалкөз ІІ орын алып, мектеп мерейін өсірді.
Тек пәндерден ғана емес, мектеп шәкірттері шығармашылық байқаулардан да талайларды шаң қаптырып, жүлделі орындарды қанжығаларына байлап жүр. Мысалы, 8-11 сынып оқушылары арасында қашықтан өткізілген «Абай әлемі» шығармашылық байқауының облыстық кезеңінде Асылзат Сатыбалды ІІІ орынды иеленді. ІІІ халықаралық «ART BASTAU» байқауында көркем сөз номинациясы бойынша үздік өнер көрсеткен 11 сынып оқушысы Біржан Ролан мен 6 сынып оқушысы Шахназ Саяуышқызы бас жүлдені жеңіп алды.
Жалпы мектеп шәкірттерінің жетістіктерін саусақпен санамалау мүмкін емес. Толағай табысқа жетіп, білім ұясының беделін көтеріп, атағын аспандатып жүрген алғыр, өнер-білімге құштар шәкірттер жетерлік.
Оқушылармен қатар мектеп мұғалімдерінің де жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Мәселен, рухани-адамгершілік тәрбие жұмыстары мен өзін-өзі тану пәні мұғалімдерінің аудандық «Үздік өзін-өзі тану мұғалімі -2020» байқауында пән мұғалімі Әйгерім Қалдыбаева І орын иеленді. Аида Абдуллаева – «Шығармашыл ұстаз» төсбелгісімен марапатталған шығармашыл ұстаз. Математика пәнінің мұғалімі Бағила Рүстемова мен биология пәнінің оқытушысы Рыскүл Абдразақова – ҚР Білім және ғылым министрінің «Алғыс хатымен» марапатталған мерейлі жандар.
Ұстаздардың білімі мен білігі мұнымен ғана өлшенбесі белгілі. Әрдайым шығармашылық, кәсіби ізденісте жүретін, жаңашылдыққа жаны құмар ұстаз – ұжым мақтанышы.
Ұстаздардың, жалпы, ұжымның бағы сыналып, еңбегі көрінетін кез бұл – ҰБТ екені белгілі. Білім безбенінде шәкіртінің бағы жанып, жоғары бал жинаса, білім ошағының да беделі артары сөзсіз. Бұл жағынан келгенде №110 мектеп-лицейінің еңсесі биік деп айта аламыз.
Биылғы оқу жылы да аяқталды. Мектепті 40 бала бітіріп отыр. Олардың 38-і ҰБТ-ға қатысуға ниетті. Түлектердің арасында 4-еуі Алтын белгіге, біреуі «Үздік аттестатқа» үміткер. Өткен оқу жылында 41 бала бітіріп, 5 оқушы Алтын белгі иегері атанған еді. Биылғы «Алтыннан» үмітті түлектерге де алдыңғы буынның жолын берсін дейміз.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<