Оқушы кезінен шәкірт тәрбиелеп, ұстаз болуды армандаған жандардың бірі – Жазира Тынымбек. Бала арманына қол жеткізген жас ұстаз қазір Қызылорда қаласындағы Е.Әуелбеков атындағы №4 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында биология пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді.
Мектепті бітіріп, үлкен өмірге жолдама алған соң 2015 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінен «Биология» мамандығын алып шығады.
Педагогика саласындағы еңбек жолын 2015 жылы Астана қаласындағы «Нұрорда» халықаралық балабақшасында ағылшын тобы тәрбиешісінің көмекшісі қызметінен бастаған. 2016 жылдан бері Қызылорда қаласындағы №4 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында биология пәнінен сабақ береді.
– Педагогикалық қызметті таңдағаннан кейін, ғылым мен техниканың дамыған заманында ХХІ ғасырдың есігінен еркін енетін, адамзаттың сәулетті болашағын жасаушы шәкірттерге білім мен тәрбие беру – басты бағытым. Мақсатқа жету жолында табанды еңбектің қажеттігін түсініп, білім мен тәрбие беру, кәсіби құзырлы маман иесі болуға жұмыс жасаудамын, – дейді Ж.Тынымбек.
Өзінің жүрек қалауындағы мамандығын терең меңгеру, білімін тереңдету үшін биыл магистр дәрежесін алған. Педагогика саласында 6 жыл табысты еңбек етіп келе жатқан жас ұстаз бүгінгі күні мектептің барлық қоғамдық, оқу-әдістемелік жұмыстарына, пәндік-циклдік комиссия жұмысына белсенді қатысады.
Одан тәлім алған шәкірттер республикалық, облыстық, қалалық жалпы пәндер олимпиадаларынан жүлделі орындарды иемденіп, ұстаз үмітін ақтаған. Кейінгі жылдары ҰБТ бойынша биология пәнін таңдаған шәкірттері 100% көрсеткішпен жоғары оқу орнына түсіп, грант иегерлері атанып, республикамыздың әр түкпірінде медицина, педагогика саласында білім алуда.
Табысты еңбегімен еленген Жазира Тынымбек білім берудегі қол жеткізген жетістіктері үшін облыстық білім басқармасы басшысының, Қызылорда қаласы әкімінің алғыс хатымен марапатталған. «Жыл үздігі – 2021» номинациясының, «Үздік авторлық бағдарлама – 2022» облыстық конкурсының І орын иегері. Сондай-ақ, 2021 жылы Өскемен қаласында өткен «Дарынды балаға – талантты ұстаз» республикалық байқауының І орын иегері атанды.
– Әр адам мамандығын шексіз сүйгенде ғана үлкен табыстарға қол жеткізе алады, оны үнемі дамытуға, жетілдіруге ұмтылады. Мен де өзім бала кезімнен армандаған ұстаздық салада еңбек етіп, осы саланың гүлденуіне үлес қосқым келді, – дейді жас ұстаз.
Жазира жас өркеннің сырлы әлеміне тереңірек үңіліп, шығармашылық шабытын шыңдап, жұмыс жасауда.
Б.САҒЫНДЫҚҰЛЫ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<