Жасай бер, менің қарашаңырағым!

520

0

Ертеректегі аталарымыздың сөзінше, 70-тен былайғы жастың оңып тұрмағаны анық. Мәселен, қырғыздың Қызылым деген кісісінің жұмбағын Жиренше шешен: «…Жетпіс бесте көңілің жерменен тең, сексенде селкілдеген шал боларсың, өлмесең де қор боларсың, жүзде дүниеден күдеріңді үз…», – деп шешсе, Жетес би: «…Жетпіске келдім – жеңілгенімді білдім, билікті бала-шағаға бердім, айтқанына көндім, жетегіне ердім, тап осы күнде сексендемін – алдым терең құз, артым биік жар, сол жағым – су, оң жағым – от, қалай қарай қозғалсам да, маған тірлік емес-ау», – деген екен. Десе де, артында атын мәңгі етер жақсы ұрпағы болса, адамның өмірі қысқа болса да ұзақ, ал ұзақ жасағандардың еңбегін елге жаяр  ұрпағы болмаса, оның өмірі қысқа. Құдайға шүкір, қазіргі кезде адамның өмір жасы ұзарып, жүзден де асып жатқанына куәгерміз. Алайда сол жүз жасағандардың бәрінің бірдей аттары тарихта мәңгі қалатындай ма? Олай бола бермейтініне де куәгерміз. Мұны неге айтып отыр десеңіз, әрі қарай оқи түсіңіз.

Биыл өзім оқып, білімі мен тәрбиесін бойға тоқу арқылы өсіп, азаматтық дәрежеге қол жеткізген, өз отбасымнан кейінгі қарашаңырағым – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 85 жылдығы. Егер осы жасты жоғарыдағыдай адам жасымен салыстырып, «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген тәмсіл тұрғысынан қарасақ, менің қарашаңырағымның өмірі ұзақ болады. Өйткені өз тарихының осы бір жігіттік кезеңінде (адам жасымен салыстырғанда) қаншама ұрпақты тәрбиелеп, қаншама жасты білікті азамат етіп, еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан ол әлі де талай жылдар осы қызметінен танбайтынына, содан да мың жыл жасауға лайықты екеніне сенім мол. Жасай бер, менің сүйікті қарашаңырағым!

Тарихына аз-кем көз жіберер болсақ, еліміздегі жоғары оқу орындарының алғашқыларының бірі болып есептелетін бұл оқу орны сонау халқымыздың басына қаралы күндер туған зар заманда, 1937 жылы Қиыр Шығыстан Қызылорда облысына жер аударылған корей халқымен бірге келген Корей педагогикалық институты (директоры Н.Цой деген кісі болған көрінеді) негізінде құрылған екен. Кейінірек педагогикалық институтты әуелі А.Боробов, С.Ривкин, О.Тоқмырзин, Ә.Коргулин, Қ.Жаманбаев, Ә.Ермеков, Б.Өсербаев басқарған. Мен орыс жазушысы Н.Гогольдің атын иеленген, педагогикалық аталатын осы оқу орнына Б.Өсербаевтың тұсында оқуға түскенмін. Біз бітіретін 1971 жылы ректорымыз кенеттен қайтыс болды да, орнына доцент О.Камардинов келіп, дипломымызға сол кісі қол қойған еді. Осы кісі ұмытпасам 17-18 жыл басқарған болуға тиіс. Бұдан соң институт ректорлары болып А.Айтмұхамбетов, Б.Досмамбетов, Б.Әбдірасилов қызмет атқарды.

Егемендік алғаннан кейін 1996 жылы пединститут «Қорқыт ата атындағы гуманитарлық университеті» болып қайта құрылды да, көп ұзамай, Ы.Жақаев атындағы Қызылорда политехникалық институтымен біріктіріліп, «Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті» деген жаңа атауға ие болды. Міне, сол кезден бастап университетті техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Алдабергенұлы Бисенов біраз уақыт басқарды. Арасында жерлесіміз, педагогика ғылымының докторы, профессор Б.Момынбаевтың да үш-төрт жыл басқарғаны бар. Ал 2020 жылдан бастап университеттің ректоры қызметіне Бейбіткүл Сәрсемханқызы Кәрімова келді. Мен университет қабырғасында жүрген жылдарымда 8 ректорды көріп, солардың бәрімен дерлік қызметтес болған екенмін.

Жоғарыда айтып өткенімдей, осы оқу орнына мектеп бітіргеннен кейін үш жылдық мұғалімдік жұмыс өтілімен келіп, 1967 жылы түстім. Оған да 55 жыл болыпты. Дәлірек айтқанда, университетіміздің жарты ғасырдан астам тарихы көз алдымда. Бұрынғы басшыларды тек ұстаздарымның айтуынан білсем, Б.Өсербаев ағамыздың кезінде студент атанғанымды, ал кейінгі басшылардың қарамағында қызмет жасағанымды, зейнетке шығып, ардагер атансам да, әлі де сол ортадан ажырамағанымды мақтанышпен айтуға тиіспін.

Өзім білетін ректорлардың қай-қайсысы болса да, өздері басшылық жасаған кезеңдердегі мүмкіншіліктерге және ұйымдастыру қабілеттеріне қарай университетіміздің заман ағымынан қалмай, өсіп-өркендеп, үнемі даму үстінде болуына күш-жігерлерін салып отырды. Бұл үрдіс, әсіресе, егемендік алғаннан бергі кезеңде (профессор Қ.Бисенов басқарған кезең) айқын байқалды. Мұнда тәжірибелі, жоғары дәрежелі маман ұстаздар мен әр кезде жаңарып, жасарып отырған оқытушы-профессор құрамының – жалпы ұжымның заман талабына лайық жасаған адал да абыройлы жұмыстарының жемісі бар десек, артық айтқандық емес.

Ал қазіргі университетті қай жағынан болса да бұрынғы пединститутпен ғана емес, алдыңғы онжылдықтардағы оқу орнымен ешбір салыстыруға келмейді. Оқу ғимараттарының, жатақханалардың, факультеттердің, мамандықтар мен онда оқитын студенттердің, кітапхана мен оқу залдарының, заманауи кабинеттердің, олардағы техникалық құралдар мен жабдықтардың саны мен сапасы жағынан болсын, университетіміздің еліміздегі және шетелдердегі жоғары оқу орындары ішінен алатын орны жағынан болсын, ауыз толтырып мақтанышпен айтарлық табыстары баршылық. Бұл жұмыс Президент Қ.Тоқаевтың білім беру орындарына қойып отырған жаңаша талабымен, соған сай оқу орнының жаңа статус иеленуімен, басқарма басшыларының өзгеруімен, әсіресе, жаңа басшы Бейбіткүл Сәрсемханқызының ұйымдастырушылық ерекшеліктерімен байланысты толығып, жаңа сипаттарға ие болуда. «Елу жылда ел жаңа» дегендей, өскен, өркендеген, жаңарған университетіміздің осындай ұшан-теңіз жетістіктерінің ішінде менің де қолтаңбам бар екеніне марқаямын.

Уақыт шіркін тоқтаусыз өте береді екен. Жүріп өткен жолыңа қайырылып қарасаң, бір кезде өзіңе сабақ берген, тіпті сабақ бермесе де азаматтық өсу жолыңа білімімен де, адамгершілік жақсы қасиеттерімен де үлгі болған аға буын ұстаздар шоғыры көз алдыңа көлбеңдеп тұра қалады. Осындайда ғылым докторлары, профессорлар, ғылым кандидаттары, доценттер С.Елубаев, С.Тайбеков, А.Жұмаділдаев, Ә.Тәжмағамбетов, С.Бекбаев, Ә.Оразалиев, Б.Ділманов, Қ.Балтаев, А.Канцев, М.Кереев, А.Айдосов, Б.Тайлақбаев, С.Тайбеков, Н.Шиндин, Ж.Өтемісов, К.Әлжанов, Н.Көшекбаев, Д.Қоянбаев, Е.Исабеков, А.Ержанов, А.Тоқбергенов, Т.Әкімтаев тәрізді, тағы да басқа ғалым ағайлар алдымен еске түседі. Бұлардың әрқайсысы өздері қызмет жасаған, осы қарашаңырақтың қай жағынан болмасын дамуына өлшеусіз үлес қосқан, оқытып жатқан студенттеріне ағалық та, ұстаздық та көзқараспен және жанашырлықпен қарайтын асыл жүректі жандар болып көрінетін маған. Қазіргі университетте осы ұстаздардың алдын көрген ұрпақтар мен сол ұрпақтың шәкірттері қызмет етуде. Олардың кез келгені осы ұстаздар жөнінде біледі және сол аға-апалары қызмет еткен оқу орнында жұмыс істеп жүргенін мақтан тұтады. Өйткені, университет басшылығы тарапынан аға буынның есімдерін ұмытылмастай етіп ұлықтауға барлық жағдай жасалған. Олардың атына арнайы кабинеттер мен заманауи жабдықталған дәрісханалар ашу, мерейлі жасқа келгендерді ұжым алдында ұлықтау, еңбегіне қарай марапаттау тәрізді іс-шаралар – осының айғағы. Нағыз ұрпақ жалғастығы, университет ғұмырының мәңгілігі деген осы болса керек.

Ғылыми ұстаздық жолымның алғашқы жылдарын Нұрлыбек Ерназарұлы басқарған «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» атты факультетте өткізіп, осында жүріп кандидаттық диссертация қорғадым. 80-жылдардың орта тұсында «Филология» факультетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасына аға оқытушы қызметіне ауыстым.

Бұл кафедраның тарихы да институт тарихымен тығыз байланысты. Алғашында институтта төрт факультет болса, соның бірі «Тіл және әдебиет» факультеті екен. Факультет кафедраға да, мамандыққа да бөлінбеген, өйткені студенттер саны өте аз болған. Алғашқы оқу жылында 13 студент қана бітіріпті. Соғыстан кейінгі жылдары факультет «Филология» деген атқа ие болып, оның қарамағында үш кафедра – «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Орыс тілі мен әдебиеті», «Шет ел тілдері» болған. Бұл кафедралар әр жылдарда жеке факультет болып та, кейде қайта қосылып та отырған. Біз оқыған жылдары да факультет осы үш кафедрадан тұратын.

«Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасына келгелі өзімнің студент кезімдегі ұстаздарыммен қайта кездесіп, қызметтес болдым. Солардың қолдауымен ғылым докторы дәрежесін иелендім. Тіпті, кафедра басқарып, ұжым басшысы деген лауазымға ие болсам да, оларға деген шәкірттік сезімім жоғалған емес. Өйткені олар барда үйренерім көп еді. Бүгінгі күні сол аяулы ұстаздарымның бәрі бақиға аттанып, ұжымның үлкені болып өзім қалған кезде, ендігі міндетім осы кафедраның тірегі болған ұлағатты жандар жөнінде әркез еске алып, кейінгі жастарға үлгі ретінде айтып отыру болмақ.

Осындай мақсатпен сол ұстаздар ішінен, әсіресе, сырт көзге өте қарапайым, тіпті «әпенді» дерлік, бір көргенді есіне сақтай бермейтін ұмытшақ, қызметтегі, отбасындағы кей қылықтары ел аузында аңызға айналып, қазірге дейін айтылып жүрген, бірақ қазақ әдебиеті мен мәдениетінің сонау көз көрмес көне тарихын терең білетін, түркі әлеміне танымал ғұлама, филология ғылымдарының докторы, профессор Әуелбек Қоңыратбаевты, филология ғылымдарының кандидаттары, доценттер, ерекше тұлғасымен, түрлі адами сипаттарымен басқалардан оқшау көрінетін, ұстаздардың ұстазы ғана емес, қалың қауымға үлгі боларлық нағыз зиялылықтың символындай көрінетін Н.Жүнісовті, кез келгенге ұқсай бермейтін мінезіне, іс-әрекетіне, шағып сөйлер ащы тіліне қарай сырт көз «ағаш атқа мінгізетін», алайда, менің түсінігімде, өз пәнін жетік меңгерген, білімді де сауатты Ә.Байжоловты, аудиторияға бір бет қағаз ұстамай кіріп, қажетті тақырыпты жетесіне жеткізе түсіндіретін, орыс тіліне де өте жүйрік М.Бимағамбетовті, ғылыми атақ-дәрежесі болмаса да, ауыз әдебиетінің білгірі ретінде сабақ берген, соғыс ардагері Н.Нұржанов ағайды, студент кезімізде кафедра басшысы болған Г.Смағұлова мен куратор ретінде анамыздай болған А.Шамшатова апайды айрықша шәкірттік ілтипатпен, зор сағынышпен әркез ойыма алып, мақалаларыма, жастармен түрлі кездесулер кезіндегі әңгімелеріме арқау етіп келемін.

Сондай-ақ, менің І.Кеңесбаев, М.Балақаев, А.Ысқақов, Ә.Қайдар тәрізді қазақ тіл білімінің атақты ғұламаларымен танысуыма себепші, кейін диссертацияларымды қорғау кезінде ынта-жігерімен жанкүйер болған ағайым, филология ғылымдарының докторы, профессор Ә.Аблақовты, студент кезімізде сабақ беріп, кейін Алматыға қызмет ауыстырған кезде де маған жанашырлық танытқан филология ғылымдарының докторы, профессор Т.Сайрамбаевты, кафедраға менің алдымда ғана келген, тәжірибе жағынан ұстаздарымдай болып кеткен ғалымдар М.Достанов пен Ә.Өтеуліні қалайша еске алмаймын. Бұлардың әрқайсысының менің ғана емес, жалпы университеттің өмірінде елеулі орны болғанына көзкөргендердің бәрі куә.

Осындай ұлағатты жандардан сабақ алып, тәрбие көрген, сол кісілердің таңдауымен кафедраға қызметке шақырылып, олардан кейін кафедраның іргесін мықтауға атсалысқан талай шәкірт ғылыми атақ-дәрежелерге ие болып, университеттің жаңа қоғамдағы өмірінің жаңаша жаңғыруына атсалысып келеді. Тәуелсіздік жылдарында кафедра ұжымының қатары еліміздің әл Фараби атындағы ҚазМҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ тәрізді іргелі оқу орындарын және өзіміздің қарашаңырақты бітірген талантты жастармен толықты.

90-жылдардың орта тұсына жақын кафедраға «Журналистика» мамандығы қосылып, іргесі кеңи түсті. Бұл мамандық үшін ҚазМҰУ-дың «Журналистика» мамандығын бітірген жастар арнайы шақырылып, олардың өзі бұл күнде ғылыми атақ-дәрежелі, тәжірибелі мамандарға айналды, қатарлары жастармен толыға түсті. Бұл мамандықты бітірушілердің алды Астана мен Алматының, басқа да облыстардың, ал басым көпшілігі Қызылорда қаласы мен аудандардың БАҚ-тарында абыройлы қызмет атқаруда.

Университетіміздің 85 жылдық торқалы тойы қарсаңында осы кезеңге қатысты болған өз өмір жолыма да көз сала отырып, «өткенге салауат, қалғанға берекет» айтуды, сөйтіп қысқаша болса да, өткенсіз келешектің болмайтынын жас ұрпақтың есіне салуды жөн көрдім.

Келгеніне көп болмаса да талапқа сай жан-жақты жаңашылдығын көрсету арқылы ұжым тарапынан беделге де, абыройға да ие бола бастаған ұжым  басшысы Бейбіткүл Сәрсемханқызы басқарған қарашаңырақтың бүкіл ұжымын 85 жылдық мерейлі тойымен құттықтай отырып, университетіміздің өркендеуі жолында еңбек етіп жатқан әр жанға денсаулық, отбасылық баянды бақыт, жемісті шығармашылық тілеймін!

Жеңіс СӘДУАҚАСҰЛЫ,

ардагер ұстаз, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің құрметті профессоры, филология ғылымдарының докторы, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<