Жастарға қанат байлаған жарқын болашақ колледжі

1870

0

Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында, «Білімді ұлт, сапалы білім беру» ұлттық жобасында және «Өмір бойы оқу тұжырымдамасында» айқындалған жалпыұлттық негізгі басымдықтардың бірі сапалы, қолжетімді, үздіксіз білім беруді қамтамасыз ету болып табылады.

Білім беру саласындағы саясатты іске асырудан күтілетін басты нәтиже – дәсүрлі оқыту бағдарламаларынан білім алушыларды білім мен дағдыларды, кәсіби және қажетті құзыреттерді өмір бойы тұрақты жетілдіруге ынталандыруға бағдарлау.

Облысқа белгілі кәсіпкер, білім меценаты Сейітқали Алшынбаев Үкіметтің білім беру саясатына қатысты осы ұстанымдарын негізге ала отырып, облыстың үздіксіз білім беру саласына қомақты инвестиция салып, үделі үлес қосып келеді.

С.Алшынбаев басқаратын құрылыс компаниясы іргесін қалаған төрт балабақша мен «Зерде» интеллектуалдық мектебін қызылордалықтар сымбатты келбетінен, сыртқы бояуынан да жазбай таниды.

Биылғы оқу жылында сол әсемдіктің қатары тағы бір білім мекемесімен толықты. Ол – Қызылорданың қақ ортасында, Абай даңғылы мен Ғ.Мұратбаев көшесінің оң қиылысында орналасқан Смағұл Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжі.

Біз, тілшілер қауымы биыл көктем мезгілінде осы нысанды жөндеу жұмыстары басталғалы жатқанда келіп көрген едік. Ол көрініс қазір жоқ, сол кезде біз бұл ғимаратты көрікті қаланың ішіне әкеліп қойған кенеуі кеткен бір ескі үй есебінде қабылдадық. Шұрық-тесік, есігі еңіреп ашылып, едені айқайлап басылатын колледжді бейнелеп айтқанда Қожанасырдың шапанындай деп жазғанбыз. Осынымызға асыра айтыпсың дегендер де болды.

Бұл оқу орнына отыз жылдан бері бір қалақ лай жағылып, бір тақтай жамалмаса, соңғы 12 жылда бірде-бір компьютер алынбаса, интерактивті тақта заманында оқушылар ағаш тақтаға бормен жазып, шүберекпен сүртіп жүрсе, есепте 186 қызметкер болып, оның 136-сы ғана жұмыс істесе, сонда біз өтірік сөйлеуіміз керек пе еді?!

Жоқ, расында колледж өз егесін тапты деп қуандық. Оқу орнын сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкер С.Алшынбаев сол ескі ғимаратқа күрделі жөндеу және жаңа құрылыс жүргізу жұмыстары арқылы ерекше бет-бейне берді. Бұл үшін 3,5 млрд теңгеге инвестициялық жоба жасалып, бүгінгі күнге дейін 1 млрд-ға жуық қаржы салынды. Қазір күрделі жөндеу аяқталып, колледж ғимаратының инфрақұрылымы толық жаңартылды, жобалық қуаттылығы ұлғайтылды.

Шынына келсек, бұл жұмыстарды күрделі жөндеу деп айту атқарылған қыруар істің бір қырын ғана көргеніміз болып саналады. Турасы, кәсіпкер «адам көрместей» колледж ғимаратын «адам танымастай» қылып өзгертті.

Жаңадан көтерілген үш қабатты қасбет, 2450 шаршы метр құрылыс аумағы қосылды. Акт залы, мәжіліс залы, кітапхана залы, медтірек өмірге келді. Су, кәріз, жылу жүйелері толық жаңартылды.

Биылғы жаңа оқу жылында айқара есік ашқан колледждің 1-курсына 192 білім алушы қабылданды. Барлығы 472 білім алушы заманауи оқу кабинеттері мен зертханалардың, интернет жүйесіне қосылған цифрлық ақпараттық техникаларды пайдаланатын болады. Сонымен бірге 24 ноутбук, 7 ледэкран, 20 компьютер, 14 тігін машинасы алынған.

Колледждің басты мақсатының бірі – теория мен тәжірибені тығыз ұштастыру.

Бұрынғы тәжірибе жасау шеберханасы жекеменшікке сатылып кеткен. Сондықтан, балалар теория жүзінде оқумен шектелген немесе практикалық сабақ алу үшін қаладағы өндіріс орындарына апарылған. Бірақ, ол тек тәжірибеден өтті деген қағаз толтыру үшін ғана жасалған.

Енді колледж оқушылары тәжірибеден өтіп ғана қоймай, өздері де табыс  таба алады. Ол үшін оқу орнымен іргелес дәмхана, шаштараз, тігін цехын салу жұмыстары қолға алынып отыр. Осындай мамандықтар бойынша білім алып жатқан балалар бір мезгіл бүгінгі талапқа сай қызмет көрсету орнында жұмыс істеп, еңбекақысын алады.   

Бұларға қоса заманауи жабдықталған асхана мен өндіріс талаптарына сай оқу өндірістік шеберханалар құрылысы да жүргізілуде.

«Білімді ұлт, сапалы білім беру» ұлттық жобасында белгіленген басты міндеттің бірі – Құзыреттілік орталықтарын ашу. Колледж базасында Құзыреттілік орталығын ашып, үздіксіз білім берудің формальді емес білім беру бағытын дамытуды, яғни, қысқамерзімді курстар арқылы кәсіптік даярлау мен қайта даярлау бағдарламаларын жүзеге асыру да жоспарланған.

Формальді емес үздіксіз білім берудің негізгі нысаны – ересектер.  Ғылым мен техниканың күн санап қарқынды дамуы жағдайында дипломы бар мамандардың он-он бес, тіпті, төрт-бес жыл бұрын алған білімдері мен құзыреттіліктерінің ескіріп қалу қаупі зор. Сол себепті формальді емес үздіксіз білім беру – бүгінгі өндіріс пен экономика үшін қажеттілік тудыратын өте өзекті мәселе. 

Сонымен бірге кешенді жоспарда Атырау қаласындағы Apec Petrotechnic  колледжінің  тәжірибесі негізінде Құзыреттілік орталығында сұраныс бойынша мамандардың кәсіби құзыреттілігін халықаралық стандарт талаптарына сәйкестендіруге бағдарланған ақылы негіздегі курстық даярлықты ұйымдастыру да бар.

Колледж сәулет және қала құрылысы, жиһаз өндірісі, дәнекерлеу ісі, тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу, тамақтандыруды ұйымдастыру, шаштраз және косметологиялық қызметтер, радиотехника, электроника, энергетика мамандықтарын дайындап шығарады. Оқу барысында әртүрлі мәдени, спорттық секциялар жұмысы мен жарыстары да жүргізіліп тұрмақ.

Жалпы, бала бойына кәсіби біліктілік пен рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру бағытында сапалы және барлық талап деңгейіндегі жұмыс жүргізіледі.

Білім меценаты С.Алшынбаев өзі іргесін қалаған әрбір жаңа ғимаратты жеке туындым деп санайды. Сондықтан да оған күш-қуатын аямай жұмсайды.

Сондай сипатқа ие болған құрылыс және бизнес колледжі сөз жоқ, облыс білім саласындағы бірегей оқу ордасының бірі саналады.

Жақында колледжде «Ұстаз – ұлы есім» атты ұстаздарды құттықтауға арналған шара өтті.

Коллеждің сенімгерлік басқарушысы Сейітқали Алшынбаев ұстаздарды төл мерекемен құттықтап, бірнеше оқытушыны қала әкімінің Алғыс хатымен  марапаттады. Колледж директоры Әлия Досмаханова колледждің жеті ұстазына облыстық білім басқармасының және білім және ғылым саласындағы облыстық кәсіподақ комитетінің Алғыс хаттарын табыстады.

Колледж студенттері өз өнерлерін көрсетіп, ұстаздарға мерекелік кеш сыйлады.

Мерекелік іс-шара колледж мүмкіндігінің мол екенін танытты. Бұл білім ордасынан тек маман иесі емес, болашақтың құрылысшылары қанаттанып жатқанына көз жеткізуге болады.

Дүйсенбек Аяшұлы,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<