Бүгін қаламыздағы Ә.Мүслімов атындағы №101 мектеп-лицейінде «Жасыл мектеп» жобасының жылдық қорытынды шарасы «ECOFEST-2023» фестивалі өтті.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін фестивальге облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің эколог-ғалымы, биология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Рахат Құрманбаев пен «Астана ботаникалық бағы» филиал директорының орынбасары Мархабат Қайырова және қала, аудан мектептерінің басшылары қатысты.
Фестивальдің ашылу салтанатында басқарма басшысы №101 мектеп-лицейі «Жасыл мектеп» жобасын өңірімізде алғаш жүзеге асырған мектеп екендігін айтып, бүгінде бұл білім ордасы жобаның ауқымын кеңейтіп, республикалық, халықаралық деңгейде ынтымақтастық орнатып жатқандығын атап өтті.
Шара барысында қатысушылар мектеп ауласында ұйымдастырылған көрмелермен танысты. Көрмеде «Жасыл мектеп» жобасы аясында 7 бағыттағы жобалар таныстырылды. Жобалар аллеясында жасыл мектептің жаңа өнімдері, жас ғалымдардың жаңалығы, шығармашылық алаңдағы жас суретшілер, қолөнершілер, жұмысы, шебер балалардың лайфхактары, мектеп жылыжайы таныстырылды.
Соңғы кездері «Жасыл мектеп» жобасынан туындаған идеялар көптеген жаңа жобаларға жол ашты. Оқушылардың жобаларға қызығушылығы, өзгерген көзқарастары, бойларында қалыптасқан жақсы қасиеттер олардың ізгілік қасиетін дамытуға күш салып, мұғалімдермен тығыз байланысын нығайтты. Соның арқасында оқушылардың мұғалім мамандығына қызығушылығы арта бастағандай. Балалар әсемдік пен әдемілікке, тазалық пен тәртіпке, жанашырлық пен ізгілікке бағыт ала бастады. Оқушылардың бұл қасиеті «Педагогикалық сынып» жобасының тууына негіз болып отыр. Айтулы жоба аясында, 50-ге жуық шәкірт мұғалімдіктің қыр-сырын үйренуде, деді – №101 мектеп-лицейінің директоры Айгүл Алтынбекқызы.
Айта кетейік, «Жасыл мектеп» тірек мектебінің бұл тәжірибелері облыстағы барлық білім беру ұйымдарына таратылып, жоба тиімді түрде жүзеге асырылатын болады.
Қызылорда облысының білім басқармасының баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<