Жетістіктерге жету және жаңа көкжиектер

1048

0

КӘСІБИ БІЛІМ БЕРУ ЖОЛЫНДА – 25 ЖЫЛ!

Сыр өңірінің білім беру ісінде өзіндік орнын қалыптастырған жоғары оқу орындарының бірі – Қызылорда ашық университетінің құрылымдық бөлімшесі «Қызылорда технология және қызмет институты». Білім ордасы 1998 жылы Қызылорда инженерлік-экономикалық институты болып құрылып, 2009 жылы «Ақмешіт» атауын иеленсе, ал 2022 жылы Қызылорда технология және қызмет институты болып аталды.

25 жыл тарих бедерінде көп уақыт болмаса да, алған асулар мен бағындырған белестер аз емес. Бәсекеге қабілетті мамандар даярлау үшін институттың материалдық-техникалық базасын нығайтуда көптеген жұмыстар атқарылуда. Бүгінде жоғары оқу орны бакалавриаттың 18 білім беру бағдарламасы бойынша ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің лицензиясына сейкес білім беру қызметін жүргізеді.

Оқу орны отандық, шетелдік ЖОО-лармен, ғылыми орталықтармен тығыз байланыста. Қызылорда технология және қызмет институты 2022 жылы маусым айында Қазақстан Республикасында танылған аккредиттеу органдарының тізіліміне енген Қазақстанның Заманауи (Элиталық) Білім Ассоциациясы (KAZSEE) арқылы халықаралық институционалдық және білім беру бағдарламаларының мамандандырылған аккредиттеуінен өтіп, институтқа KAZSEE-нің Аккредиттеу кеңесінің шешімімен 5 жыл мерзімге (30.06.2022-29.06.2027 жж. аралығына) институционалдық және білім беру бағдарламаларының мамандандырылған аккредиттеуінен өткендігі туралы сертификаттар берілді. Сонымен қатар, 2023 жылдың мамыр айында оқу орнының тағы да 9 білім беру бағдарламасы Халықаралық мамандандырылған аккредиттеуден өтіп, аккредиттеу агенттігінің шешімін күтуде. Аккредиттеу қорытындысы – студенттердің білім сапасына берілген жоғары баға және олардың болашақ білікті маманға айналуының сенімді кепілі.

Жоғары білікті кадр даярлаудағы негізгі фактор – қуатты, қазіргі заманғы материалдық-техникалық базаның болуы. Осы орайда институт заман талабына сай оқу кабинеттерімен, зертхана, шеберхана, компьютер сыныбы, интернет жүйесіне қосылған компьютерлік парк, лингофон кабинеті, мәжіліс және спорт залы, мұражай, асхана, дәрігерлік пунктпен жабдықталған. 2012 жылы кітапхана салынып, 2014 жылы жаңа оқу ғимараты пайдалануға берілді. 2016 жылы үшқабатты оқу ғимараты бой көтеріп, 2017-2018 оқу жылында жаңа оқу-зертханалық кешен іске қосылды.

Сапалы білім шексіз мүмкіндіктерге жол ашады. Оқу ордамыздағы техникалық жабдықтардың түгел болуы сапалы кадр даярлауды көздейді. Біздің басты мақсатымыз да сол – мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, көңілге қуаныш ұялататындай сапалы білім беру. Әрине, ол үшін қаншама жан-жақты жұмыс жүргізу керек. Осыны ескерген институт білікті ұстаздармен толықты. Педагог – білім нәрін беретін, өмірлік рухани азықты игеруге жөн сілтейтін ұлы тұлға. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөздің түп-төркіні де осында болар.

Білікті ұстаздардан құралған ұжым оқу-тәрбие жұмысын оңтайлы ұйымдастырып, сапалы кадр дайындау бағытында ауқымды жұмыс атқарып келеді. Сонымен қатар, тәжірибелі мамандарды оқытып, өркениеттің ұлы көшіне жастарды ілестіруді мақсат еткен оқу орнында тәжірибелі ұстаздар Б.Көптілеуов, Р.Нарманова, Г.Сауытбаева, М.Елпанова, Р.Аханова, А.Әлібекова, Д.Байниязов, М.Бисенова, К.Ерімбетов, А.Примжанова, Ғ.Айдарбеков, Н.Алибековтер және бөлім меңгерушілері А.Омарова, А.Абдраманова, Р.Өмірбеков, Ш.Бисенов, Н.Саймағанбетовтер заман талабына сай маман даярлау жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізуде. Ал институттың оқытушы жас мамандарынан да білімге деген құштарлықты көріп, шәкірт тәрбиелеудегі жауапкершілігіне тәнті болып ризашылық сезімге бөленесің. А.Бимурзаева, А.Ябинова, А.Байарыстанова, А.Ажмолдаева, А.Адамбаева, А.Сарсенбаева сынды жас оқытушылар шәкірт жүрегінен орын тауып, білікті маман даярлау жолында ізденісімен дараланып жүргенін атап өткенім жөн болар. Еліміздің білім беру жүйесін алға бастырып, оны заман талабына сай етіп құрудың негізгі алғышарты мұғалім біліктілігінде. Білімді ұрпақты, бәсекеге қабілетті мамандарды тәжірибелі мұғалімдер, жан-жақты кемел ұстаз ғана тәрбиелей алады.

Білім беру мекемесі интернационалдандыру үрдісін жалғастыру мақсатында алыс және жақын шетелдік жоғары оқу орындарымен әріптестік қарым-қатынас орнатып, ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қоюда. Мәселен, 2022 жылдың өзінде Ресейдің Мәскеу кәсіпкерлік академиясымен, Ресей мемлекеттік аграрлық сырттай білім беру университетімен, Мемлекеттік әкімшілендіру институымен, бауырлас Түркия елінің Сакария қолданбалы ғылымдар университетімен, Ыстамбұл Есенюрт университетімен әріптестік қарым-қатынас орнатылса, биылғы жылдың басты жетістігі – Корея Ұлттық ашық университетімен арада өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ, қазіргі уақытта университет 1987 жылы құрылған Азия Ашық университеттер қауымдастығына толық мүше болуға ауқымды жұмыстар атқаруда.

Қызылорда ашық университетінің құрылымдық бөлімшесі «Қызылорда технология және қызмет институтының» 25 жылдық мерейтойы қарсаңында мәдени-көпшілік іс-шаралар, тәрбие жұмыстары, жастар саясаты бағытында студенттеріміз көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Республикалық, облыстық, қалалық сайыстар мен конкурстарға қатысып, үздіктер қатарынан көрінді. Қызылорда облыстық оқу орындары арасында ұйымдастырылған «ТОП-20 студент» жобасының жеңімпазы да біздің оқу орнының білім алушысы атануы – үлкен жетістік. «ЖасFest-2023» өнер байқауына да белсенді қатысып, үздіктер қатарынан көрінуі белсенділер мен өнерпаздар құрамының ұйымшылдығының дәлелі іспеттес. Жастарды тәрбиелеу, ұлтжанды ұрпақ қалыптастыру жұмыстарының басында тәрбие, мәдени-көпшілік жұмыстарды ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Саймағанбетов Нұрлытаң Кәдірбекұлы бастаған Жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Томирис Қанатқызы, жастар көшбасшылары Медет Бауыржанұлы, Гүлсезім Қайратқызы сияқты белсенді студенттер жүр.

Саймағанбетов Нұрлытаңның Сыр өңіріндегі жастар саясаты, волонтерлік салада атқарған еңбектерінің нәтижесі – Қызылорда облысы әкімінің «Сыр үміті» жастар сыйлығының жеңімпазы және 2022 жылдың қорытындысы бойынша «Жыл волонтері-2023» жеңімпазы атануы.

Ұлағат ұясы, білім шаңырағының құрылғанына биыл 25 жыл толуы біз үшін үлкен мәртебе. Мерейтойды атап өтудегі басты мақсат – өткенді саралап, алдағы міндеттерді айқындап алу. Осы ретте ардагер ұстаздарды, институт түлектерін білім ұясының бүгінгі күнгі жетістіктерімен таныстыру – ойға алған жоспарымыздың бірі. Мерейлі жыл бойы жастар үшін тәрбиелік мазмұнға толы іс-шаралар өткізу жоспарланып, соның бірқатары жүзеге асырылып та үлгерді. Оқу ордамыздың 25 жылдық мерейлі мерекесі аясында профессор-оқытушылар мен қызметкерлер арасында «Спартакиада-2023» атты спорт түрлерінен сайыстар өткізілді. Салауатты өмір салтын қалыптастырып, отансүйгіштікті насихаттау, денешынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жастар арасында достық қарым-қатынасты нығайту бағытында болды. Екі күндік спорттық турнирде облыстағы 8 оқу орнынан жиылған командалар бақ сынасты.

Бірінші күнгі жарыс қорытындысы бойынша волейболдан «Ең нәтижелі ойыншы» болып Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы Балғабаев Мансұр Әбдімәлікұлы, «Ең үздік қорғаушы» атағына И.Әбдікәрімов атындағы аграрлы-техникалық жоғары колледжінің оқытушысы Сүйеубаев Руслан Мұратұлы, «Ең үздік шабуылшы» болып «ORDA» жоғары колледжінің оқытушысы Аралбаев Айдын Сейдуллаұлы танылды. «Ең үздік ойыншы» номинациясына Қызылорда жоғары көпсалалы колледжінің оқытушысы Әбілқасымов Бақытжан Қалдыбекұлы ие болды.

Командалық турнирде волейболдан И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлы-техникалық жоғары колледжі 3-орынға жайғасса, 2-орынға «ORDA» жоғары колледжі қол жеткізді. Турнирдің 1-орнын Қызылорда ашық университетінің командасы жеңіп алды.

Шахматтан командалық есеп бойынша М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжі 3-орыннан көрінді. Ал И.Әбдікәрімов атындағы аграрлы-техникалық жоғары колледжі 2-орынға ие болса, жарыстың бірінші жүлдесімен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті марапатталды.

Теннистен командалық есеп бойынша Қызылорда ашық университеті 3-ші орын иеленсе, 2-ші орынға «ORDA» жоғары колледжі қол жеткізді. Турнирдің 1-ші орнын И.Әбдікәрімов атындағы аграрлы-техникалық жоғары колледж командасы жеңіп алды. Жүлдегер командалар ұйымдастырушылар тарапынан алғыс хаттар, диплом мен мерейтойлық кубоктарға ие болды.

Сонымен қатар, алыс және жақын шетелдік оқу орындарындағы әріптестердің қатысуымен «Бәсекеге қабілетті жеке тұлға қалыптастырудағы цифрлық технологиялардың рөлі» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Конференцияның ұйымдастырылуындағы басты мақсат – цифрландыру құралдары дендеп енген жоғары білім саласында қашықтықтан оқыту технологияларының, жаппай ашық онлайн курстардың трендтерін анықтау, білім беру платформаларын зерделеу. Конференция жұмысына білім беру мекемесінің алыс және жақын шетелдердегі әріптес жоғары оқу орындарының белгілі ғалымдары, зерттеушілер мен профессорлар қатысты. Бұл білім алушыларды ғылыми жұмыстарды жүргізуге, зияткерлік-шығармашылық әлеуетін және танымдық қызығушылығын оятуға мүмкіндік берді.

Бұл – 25 жылдық мерейтой қарсаңында жүзеге асқан шаралар ғана. Мұнан бөлек рухани санамызды серпілтетіндей шаралар да аз болған жоқ.

Жиырма бес жыл – жан-жақты ізденістің, тынымсыз еңбектің жемісті әрі жеңісті белесі. Өткен уақыт ішінде білім беру ұйымы инженерлік-экономикалық және гуманитарлық білім беру саласында елеулі жетістіктерге қол жеткізді, соның арқасында ол Арал өңірінің жоғары білім саласында лайықты орнын алды. Осы уақыт аралығында оқу орны академиялық, ғылыми, әлеуметтік және тәрбие жұмыстары тұрғысынан көптеген жетістіктерге жетіп, білім алушыларға өңірдің сұранысы мен заман талабына сай жоғары білім мен біліктілік беріп келеді.

Білім беру мекемесінің мерейлі мерекесі – ашылғаннан бері өткен уақыт емес, сол жылдар ішінде жеткен жетістіктер екені белгілі. Бүгінгі таңда оқу орны өзіне тән барлық дәстүрлері қалыптасқан заманауи білім беру ұйымы болып табылады: гуманитарлық-техникалық білім беру бағдарламаларының кең таңдауы, білікті профессор-оқытушылар құрамы, заманауи білім беру технологиялары, инновациялық білім беру бағдарламаларын оқу процесінде кеңінен пайдалану, жетекші шетелдік университеттермен ынтымақтастық туралы меморандумдар арқылы әріптес болып, халықаралық білім беру және ғылыми қоғамдастықтың толық мүшесі атану.

Өткен уақытқа көз жүгіртсек, білім беру мекемесі ел экономикасының түрлі салаларында табысты еңбек атқарып жүрген жоғары білікті мамандарды дайындады, бұл, әрине, оның одан әрі нығаюы мен дамуына ықпал етті.

Жоғары оқу орындарының білім беру сапасын анықтайтын көрсеткіштердің бірі түлектердің жұмысқа орналасуы болып табылады. Институтты бітірген білім алушылардың да жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғары. Институтты бітіруші түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 2019 жылы – 91,5 пайызды, ал 2020 жылы – 92,8 пайызды, 2021 жылы – 93,2 пайызды құрады.

Институт Жалағаш ауданындағы «Бақдәулет» агрохолдингімен бірге білім алушыларды өндірістік тәжірибеден өткізу, теориялық білімді практика жүзінде іске асыру, түлектерді жұмысқа орналастыру жұмыстарын бірлесіп атқаруда.

Сондай-ақ, институттың оқу ақысы білім алушыларға қолжетімді деңгейде. ҰБТ нәтижелеріне және талапкерлердің отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты оқу ақысын төлеуге қолайлы жағдайлар жасалынған.

Атап айтатын болсақ:

– ҰБТ-дан 50 балл жинаған талапкерлерге 10%;

– 60 балл жинаған талапкерлерге 15%;

– 70 балл жинаған талапкерлерге 20%;

– 100 балл жинаған талапкерлерге ректордың гранты 100%;

– Толық емес отбасының балаларына 20%;

– Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған талапкерлерге (тұл жетім) 100%;

– Қызылорда жоғары көпсалалы колледжінің түлектеріне 30%;

– Қызылорда гуманитарлық-экономикалық колледжінің түлектеріне 20%;

– Текей батыр Қарпықұлы атындағы жоғары колледждің түлектеріне 20% оқу ақысына жеңілдіктер қарастырылған.

Оқу орнының білім берудің жаңа деңгейіне көтерілуіне, институттың жеткен жетістіктеріне ұстаздарымыз бен ғалымдарымыздың қосқан үлесі орасан зор деп білемін.

Білім – адам баласының өмірлік рухани қазынасы болса, сапалы білім әрі саналы тәрбие беру жүйелі еңбектің, үздіксіз ізденістің, қарымды қабілеттің нәтижесі болып қала бермек.

Жалпы алғанда, кемел келешек – тек білім бәсекесінің бәйгеге түсетін уақыты!

Қ.А.БИСЕНОВ,

техника ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым

академиясының академигі,

 Қызылорда ашық университетінің ректоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<