Бүгінгі жаһандану дәуірінде адамзат баласы үшін білімнің маңызы зор. Оның ішінде біздің қоғамдық пікір тұрғысынан қарастырсақ, білім алу үлкен жетістіктерді бағындырумен, бірнеше тіл білумен, ғылым мен техниканы игерумен, сондай-ақ, дамыған елдер қатарына қосылу барысында жан-жақты қабілетті адам болумен сипатталады.
Дегенмен, ата-аналар балаларын қалай оқытуда? Қандай мектепке, қандай жоғары оқу орнына беруді армандайды? Ол үшін қандай қадамдар жасап жатыр? Бұған мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетілуде?
Мемлекет тарапынан баланың жарқын болашағын қамтамасыз ету мақсатында өзі таңдаған оқуына түсу үшін ақша жинау тәсілі қолға алынған. 2013 жылғы 14 қаңтарда Елбасы «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Заңға қол қойды. Жүйенің негізгі мақсаты – білім алудың қолжетімділігін арттыру, яғни, ата-аналардың аз мөлшерден жинап бастаған салымдарының көбеюіне, ертеңгі күні мектеп бітірушілердің жоғары оқу орындарына немесе магистратура мен докторантураға түсуіне мүдделі болу. Осы Заң аясында бүгінде Білім және ғылым министрлігінің жанында «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамы жұмыс жасауда.
«Қаржы орталығы» акционерлік қоғамының мәліметіне сәйкес, бүгінде өз балаларының болашағы үшін он жеті мыңнан аса ата-ана білім беру депозиттерін ашып, ақша жинауда. Ал, депозитті ашып, ақша жинаудан бұрын қаншама жұмыс атқарылды десеңізші?! Өйткені, мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі Елбасының қолдауымен құрылған жүйе болғандықтан халық алдындағы жауапкершілігі де зор.
Ата-аналарды «Салынған ақшаға кепілдік бар ма?» деген мәселе алаңдатуы мүмкін. Инфляциядан қауіптенетін ата-аналар да аз емес. Бұл жерде айтарымыз, жеке тұлғалардың барлық салымдары сияқты білім беру депозиті де 10 млн теңге мөлшерге дейін «депозиттерді кепілдендіру қорымен» сақтандырылған. Оған қосымша, арнайы Заң бойынша білім беру жинақтау салымдары бұдан былай өндіріп алуға жатпайды.
Сондай-ақ, білім беру депозитінің басқа депозиттерден ең басты елеулі айырмашылығы ретінде банктің 14 процентке дейінгі жылдық сыйақысынан бөлек мемлекет тарапынан төленетін 5-7 проценттік сыйақыны атауға болады.
Қорыта айтқанда, Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі арқылы жас ұрпақтың болашағына жол ашу, олардың қиналмай оқуға түсуіне, өздері таңдаған мамандық бойынша елге қызмет етуіне мемлекет тарапынан көмек беру негізгі мақсат етіп қойылып отыр. Сол үшін банктен бөлек үстемеленетін мемлекет сыйақысының өзі әрбір салымшының келешекке сеніммен қарауына себеп болмақ.
ҚР Білім және ғылым министрлігі,
«Қаржы орталығы» АҚ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<