Жоғары оқу орны мен мектеп байланысы

1043

0

Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты жолдауында: «Қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде түлектің білімі еңбек нарығына шыққанға дейін-ақ жеткіліксіз болып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан, құзырлы министрліктің алдында оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеу міндеті тұр. Бұл – кезек күттірмейтін шаруа…

…Үкіметке бұл мәселемен, атап айтқанда қашықтан білім беруге қажетті ақпараттық жүйенің сапасын жақсартумен мықтап айналысуды тапсырамын.

Біздің білім беру жүйеміз қолжетімді әрі инклюзивті болуға тиіс. Сонымен бірге, жағымды жаңалығымыз да бар. Биыл бірнеше оқушы халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды.

Ондай дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсету қажет. Біз оларға жоғары оқу орнына түсу үшін конкурстан тыс гранттар береміз. Бір реттік ақшалай сыйақы да төлейміз.

Балалардың ұстаздарын да моральдық және материалдық тұрғыдан ынталандырған жөн», – деп атап көрсетілген болатын.

Бұл міндеттер Сыр бойылық ұстаздарды жаңа табыстарға жігерлендіре түсті, заман талабына сай білім беру жолдарын іздестіріп, ғалымдармен ынтымақтаса жұмыс жүргізе бастады. Сондай ұжымдардың бірі №4 Облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернат болса, ол Қазақстан теміржолы мекемесіне қарасты №26 мектеп-интернат негізінде Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 24 мамырдағы «Дарынды балаларға арналған мектептерді мемлекеттік қолдау және дамыту туралы» №3002 нұсқауына сәйкес қайта құрылған болатын. Содан бергі кезең білім беру мекемесінің дамуында ерекшелікті тұс болды, ал, Қызылорда облысы әкімінің 2004 жылғы 24 қарашадағы №196 шешімімен №4 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернат болып қайта құрылғаннан бері жас ұрпақа білім мен тәрбие беруде аймақ бойынша алдыңғы сапта келеді.

Оқу орны 2010 жылы 300 орындық оқу ғимараты мен 240 орындық жатақханасы бар жаңа ғимаратқа көшті. 2017 жылғы 10 наурыздағы Қызылорда облысы әкімінің №734 қаулысымен мектеп-интернатқа Қазақстанның үш облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына, елінің, жерінің гүлденуіне және өндіруші күштердің дамуына ұлан-ғайыр қомақты үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің есімі берілді. Мектеп-интернат директоры Ақышева Қарлығаш Дауылбайқызы: «Қазіргі таңда мектеп-интернатта 254 оқушыға 48 педагог маман сабақ береді, олардың 5-і үздік педагог, 2-і ғылым кандидаты, 11- білім магистрі, 4 –і шебер, 16 -зыерттеуші, 11 –і сарапшы, 8 – і модератор, 2- і жоғары санатты, 1-і І санатты, 1-і ІІ санатты мұғалімдер. 2021 жыл

мектеп-интернатымызда бірнеше жаңалықтармен басталды. Мамыр айында облыстық білім басқармасы басшысы, оқу-әдістемелік орталығы, «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығы директорлары, «Серіктес директорлар» лигасы мүшелерінің қатысуымен «Пәндік олимпиада: нәтижеге бағытталған оқу» тақырыбында семинар өткізілді. Сонымен қатар odmi4.edu.kz мекен-жайы бойынша мектеп-интернаттың ресми сайты іске қосылды. Қашықтық оқу жағдайында оқушылардың олимпиадаға дайындық жұмыстарын бәсеңдетпеу мақсатында форум форматында арнайы олимпиадаға дайындық бөлімі қосылды. Бұл бөлімде 5 жылдық олимпиада материалдары жинақталған және тіркелген оқушы мен мұғалім сайт арқылы дайындық жұмыстарын жүргізуге мүмкіншілік жасалды.

«Жас Дарын» ғылыми қоғамының жұмысы жолға қойылды. Ізденуге бейім оқушылардың мекені болған орталық «Зерттеу шеберханасы» және «Цифрлы олимпиада базасынан» жұмыс жасауда. Ғылыми жоба байқауларынан орын алған оқушылар макеттерінің музейі мен QR код арқылы олимпиада тапсырмаларын шешуге арналған видеолары топтастырылған» – деп ұжым туралы мақтанышпен баяндады.

Сонымен қатар мектеп басшысы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Б.Жанмолдаевпен ынтымақтаса жұмыс жүргізген соңғы екі жылдың өте табысты болғанын, ғалымның мектеп оқушыларын ғылыми жұмысқа бағыттап, пәндік олипиадаларға дайындаудағы еңбегін айрықша атап өтті. Ғалымның оқушылармен жүйелі жұмыс жүргізуі нәтижесінде «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен 2021 жылдың 15-18 қараша күндері Қарағанды қаласы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті базасында жаратылыстану – математикалық бағыттағы пәндер бойынша өткен XIV Президенттік олимпиаданың республикалық кезеңі ұжым үшін табысты болды.

Қорытынды кезеңге Қызылорда облысы бойынша 10 оқушы қатысты, олардың 5-і осы мектеп-интернат оқушылары болатын. Сыр елінің намысын Республика деңгейінде қорғап, топ жарған 2 оқушы күміс медаль иегерлері атанды. Олар: осы мектеп-интернаттың 11 сынып оқушылары Қақпан Нұрлыхан мен Бергенбекұлы Нұрдәулет еді.

Сонымен қатар, жеңімпаз оқушылар жоғары оқу орындарында оқуға арналған білім беру гранттарын жеңіп алды. Бұл табыс ұжымды жаңа жетістіктерге бастауда

Алдажар ӘБІЛОВ

ҚР Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<