Білім беру саласы еліміздің әл-ауқатын дамыту мен экономикасын жетілдіру жолындағы басты басымдықтардың бірі екені даусыз. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде бұл салаға жіті көңіл бөлініп, ұдайы қамқорлық көрсетіліп келеді. Адамзат баласы бүгінгі барша игілігіне оқу мен ізденістің арқасында қол жеткізгенін ескерсек, жарқын болашаққа ұмтылған кез келген мемлекет өскелең ұрпақтың сапалы білім алуы үшін аянып қалмауы тиіс.
Бүгінде Қызылорда қаласындағы жалпы білім беретін 57 мектепте 68 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. 2024-2025 оқу жылында 17 мыңнан астам бала 1-сынып табалдырығын аттаса, соның 8 мыңнан көбі Қызылорда қаласынан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс» деп баса айтқан болатын. Президент тапсырмасына сәйкес елімізде өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына қажетті жағдай жасау және олардың сапалы білім алуын қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бұл ретте Мемлекет басшысының бастамасымен қалалар мен шалғайдағы ауылдарда балалардың заманауи әрі жайлы ортада білім алуына жағдай тудырған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын ерекше атап өткен жөн. Ұлттық жоба аясында Сыр өңірінде 12 300 орынға лайықталған 21 мектеп салу жоспарланған. Қазіргі күні 10 мектептің құрылысы жүргізілуде. «Жайлы мектеп» жобасының аяқталуы аймағымыздағы 4 апатты және 3 бейімделген мектеп мәселесінің түбегейлі шешілуіне септігін тигізеді.
Қызылорда қалалық білім бөлімінің мәліметіне сүйенсек, 2023-2025 жылдар аралығында бағдарлама бойынша облыс орталығында өткен жылы 5 жаңа мектептің құрылыс жұмыстары басталды. Атап айтқанда, ол тізімде «Арай» шағын ауданынан 1500 орындық, «СПМК-70» шағын ауданынан 1500 орындық, «КБИ» шағын ауданындағы №197 мектеп ауласынан 600 орындық, сол жағалаудан 900 орындық, «Қызылжарма» ауылдық округінен 600 орындық жаңа мектеп бар. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған мектептердің арасында алғашқылардың бірі болып 900 оқушыға арналған білім ордасы жуырда қаланың сол жағалау бөлігінде бой көтерді. Республикалық бюджеттің тікелей қаржыландыруымен, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның үйлестіруімен салынған білім ошағы сол аумақ тұрғындарының мемлекеттік мектепке сұранысын толық өтейді. Онда оқушылардың барлық пәнді оқып үйренуіне, ұстаздардың шығармашылық еңбекпен айналысуына жағдай жасалған. Алғашқы «Жайлы мектептің» ашылу рәсімінде сөз сөйлеген облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа мектеп салу, апатты мектептер мен үш ауысымдық оқытуды жою – білім саласындағы басым бағыт екенін айтып, мұнда ұстаз бен шәкірт, мектеп пен ата-ана байланысы артып, алдыңғы буынның ізгі жолын жалғаған білімді де талантты, санасы сергек, ойы ұшқыр, бәсекеге қабілетті жас ұрпақ тәрбиеленіп шығарына сенім білдірді.
Қызылорда мектептерінің материалдық базасы жыл өткен сайын артып келеді. Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында жан басына шаққандағы қаржыландыруды іске асыру бойынша көліктер, жабдықтар, өндірістік және шаруашылық мүлік құралдарын сатып алуға барлығы 853 млн 800 мың теңге бөлінген. Соның есебінен LED экрандар, логопед құрал-жабдықтары, интерактивті панельдер сатып алынып, білім ошақтарының материалдық-техникалық қоры біршама толықты. Қалалық білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдары түгелдей бейнебақылау камераларымен қамтылған. Оның ішінде оқушылар көп шоғырланатын асхана, әжетхана, акт залы, баспалдақ және дәліздер толықтай қамтамасыз етіліп, ұлттық білім беру деректерінің қорына енгізілген. 57 мектеп жедел басқару орталығына қосылған, бәрінде турникет жұмыс істеп тұр. 44 мектепте ақылы күзет қызмет көрсетеді. Өткен жылы 13 ауыл мектебіне 416, 28 мемлекеттік балабақшаға 896 камера орнатылды. 55 мектеп пен «Оқушылар сарайына» мемлекет қаражаты есебінен дабыл түймесі қондырылды.
Аймақта келешек ұрпақтың саналы, білімді, жан-жақты азамат болып жетілуі үшін толымды тірлік атқарылып жатыр. Биыл осы салаға облыс бюджетінің 35,8 пайызы жұмсалды. Атап айтқанда, 262 млрд 100 млн теңге білім көкжиегін кеңейту бағытындағы мәселелерді шешуге арналып отыр. Жас ұрпақтың біліміне салынған инвестиция келешекте еселеп қайтатыны жасырын емес. Дегенмен, оқушылар қазірдің өзінде өз жетістіктерімен қуантып, білімнің биігінде екенін дәлелдеп келеді.
2023-2024 оқу жылында Қызылорда қаласында жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11, 7-8, 5-6 сынып оқушыларына арналған республикалық пәндік олимпиада ұйымдастырылды. 9-11 сыныптар бойынша олимпиаданың қалалық кезеңіне мемлекеттік және жеке мектептерден 1700-ден астам оқушы қатысты. Соның 650-дейі жүлделі орын иеленді. Облыстық кезеңге 40 оқушы қатысып, 28 бала жүлделі орыннан көрінді. Республикалық кезеңге 8 оқушы өтті.
7-8 сыныптар бойынша қалалық кезеңге 1300-ден астам оқушы қатысып, оның 30 шақтысы облыстық кезеңге жолдама алды.
5-6 сыныптар бойынша қалалық кезеңде 828 оқушы білім дәрежесін байқатып, 350-ге жуығы тұғыр биігінде болды.
Ал олимпиаданың облыстық кезеңіңде 20 оқушы бақ сынады. 9-11 сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық зерттеу жобалары конкурсының І кезеңіне (қалалық) 4 бағыт, 16 секция бойынша барлығы 500-дей оқушы қатысып, 275 оқушы іріктеуден өтті. Облыстық кезеңде 66 оқушы жүлделі орынға ие болды. Республикалық кезеңге 15 оқушы қатысып, 12 оқушы топ жарды. 2-7 сынып оқушылары арасындағы республикалық «Зерде» конкурсының І кезеңінде (қалалық) 12 секция бойынша барлығы 500-ге жуық оқушы бақ сынады. 30 оқушы облыстық кезеңге ұсынылып, одан 27 оқушы оқ бойы озық шықты. Білім бәсекесінің республикалық кезеңінде 2 оқушы мықты екенін дәлелдеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында мектептердің жұмысын жақсарту шараларын қолға алу керек екеніне тоқталды. «Мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және әлеуметтік мәртебесін көтеруге көңіл бөлген абзал. Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық» деп атап өтті.
Осы орайда облыс орталығында педагогтердің кәсіби біліктілігін жетілдіру бағытындағы жұмыстар үздіксіз жалғасып келеді. Өткен оқу жылында 1300 мұғалім әртүрлі мамандық бойынша біліктілік аттыру курстарынан өтті. «Жайлы мектептердің» ашылуына орай аз сағатпен жүрген мұғалімдерді сыныбымен ауыстыру немесе конкурс тәсілі арқылы сол мектептерге орналастыру жоспарланған. «Үздік педагог» байқауының республикалық деңгейдегі жеңімпаздары – №3 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ә.Пірмағанбетова, №101 мектеп-лицейдің информатика пәнінің мұғалімі М.Смаханова, №261 орта мектептің химия пәнінің мұғалімі Г.Әлиасқарова, №138 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ә.Пірімова, «Бегім ана» балабақшасының әдіскері Б.Мамыраеваның үздік сабақтары қала мұғалімдеріне насихатталуда.
Балаларға сапалы білім беру балабақшадан басталады. Мектепке дейінгі тәрбие баланың әлеуметтік дағдыларын қалыптастыруға көмектесетіні белгілі. Сол себепті мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мәселесі мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігіне айналған. Қызылорда қаласы бойынша мектепке дейінгі 249 білім беру ұйымы бар. Оның 28-і – мемлекеттік, 6-Уы – мектеп жанындағы шағын орталық, 215-і – жеке балабақша. Одан бөлек мектептерде мектепалды даярлық топтары жұмыс істеп тұр. Осылайша қала көлемінде 26 мыңнан көп бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылып отыр. 2-6 жас аралығындағы балалардың балабақшамен қамтылу көрсеткіші – 88,2 пайыз, ал 3-6 жас аралығындағы балалар түгел қамтылған. Білім бөліміне қарасты мемлекеттік балабақшалардың арасында күрделі жөндеуді қажет ететіні болғанымен, апатты жағдайда тұрғаны жоқ.
Баланың ортаға тез бейімделуіне, жан-жақты дамуына балабақша оң әсер етеді. Тәрбие мәселесіндегі әдіс-тәсілдер заманына қарай өзгеріп отыратыны белгілі. Осы ретте балабақшаларда үздіксіз тәрбие беру мен білім сапасын арттыру мақсатында жаңа технологияны тиімді қолдану жолға қойылған. Әрбір бала дамуының жеке траекториясын құру бағытында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының даму бағыттары анықталып, бейін бойынша құзыреттелік орталықтары қалыптасты. Барлық балабақшада қауіпсіздік мәселесі толықтай шешімін тапқан. «Баршаға қолжетімді сапалы білім» ұлттық баяндамасынан туындайтын іс-шаралар жүйелі жүзеге асырылып жатыр. «Балабақша – өсіп-жетілудің жайлы мекені» бөлімі бойынша 5 міндет аясында бірнеше бағыт негізінде іс-шаралар жоспарланып, іске асырылуда. Барлық мемлекеттік балабақшада ата-аналарға арналған консультациялық пункт ашылды. 2025 жылы жеке балабақшаларды қамту жоспарланып отыр.
«Білімді ұлт. Сапалы білім беру» ұлттық жобасы және 2023-2029 жылдарға арналған мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың тұжырымдамасында көрсетілген индикаторларға қол жеткізу бағытындағы жұмыстар Қызылорда қаласы бойынша оң нәтиже беріп отыр. Ел экономикасының дамуында айрықша орны бар білім саласының қарыштап дамуы өзге салалардың да алға басуына көмектеседі. Кез келген елдің өркендеу көрсеткіші осыған байланысты екенін ескерсек, салаға қолдау әркез жоғары маңызға ие.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<