Жүректе тербелген жарты ғасыр

1048

0

Мектеп – менің түсінігімде ұлы ұғым. Қысқасы, сол ұлы ұядан түлеп ұшқанымызға биыл 50 жыл толыпты. Қызылорда қаласындағы №212 мектепті бітірген түлектер бас қосып, балалық шақтың армансыз күндерін еске алуда. Бұл енді ғажап! Мерейтой қарсаңында ұстаздарды еске алуды ұмытпадық. Олардың есімдері біз үшін қастерлі еді.

Философ ағай

Мектеп директоры Мырзахмет Жетпісбаев ағай философ еді. Бала көңіл оны түсінбейді, түсінгісі келгенмен санасы қабылдамайды. Өткен ғасырдың 70-жылдарындағы оқушы бала сондай еді. Ол кезде кеңестік биліктің маркстік-лениндік философиясы сананы улап алған. Абайдан кем түспейтін Шәкәрім бір сөзінде: «Әрбір пендені өз заманындағы тіршілікпен бағалауға болады» депті. Философ ақынның осыдан 100 жыл айтқан әңгімесі тап осы заманға сәйкес келіп тұрғандай. Осы тұрғыдан келгенде Мырзахмет ағай өз заманының философы еді. Жамбылдың Сталинді жырлағаны сияқты ақылды аға өз дәуірін жақсы көрді, ұнатты. Іштей қаламаса да, шәкірттеріне білгенін үйретті. Айтпақшы, сол шәкірттері өз кезеңінің білгірі болып шықты. Біз сол үшін сонау 1974 жылғы Қызылорда қаласындағы № 212 мектептің түлектері, бүгінгі 70-ті алқымдаған, тарих өлшемімен алғанда кешегі бозөкпе бозбалалар білім ордасына, оны 30 жылға жуық басқарған Мырзахмет Жетпісбаевқа алғысымыз шексіз.

Өткен уақыт белестері қайта еске орала береді. Шамасы, 1988 жыл болуы керек, мен облыстық «Ленин жолы» газетінің тілшісімін. Мырзекең телефон соқты. Сөйтсем 60 жасқа келіпті.

Бұрыннан сыйластығым жақсы, сәлеміміз түзу кісі болған соң көп кешікпедім. Өтініш орындалды.1988 жылдың 14 сәуірінде газетте «Ұстаз мерейі» атты көлемді мақала шықты. Ұстаз алдындағы бір міндетімді орындағандай жеңілдеп сала бердім.

Уақыт шіркін зымырайды. Оған да 40 жылдан астам уақыт өтіпті. Мырзекең 2014 жылдары қайтыс болды. Өмірден озғанша жиі болмаса да кездесіп тұратынбыз. Егде тартса да ақылынан адасқан жоқ, жарықтық. Бұл да болса жаратылысынан дарыған қасиетінен шығар деп ойлаймын.

Мырзекеңнің жаттау қабілеті, еске ұстау дарыны ерекше болатын. Философияны меңгергендіктен шығар, әсіресе, Сұлтанмахмұттың өлеңдерін жатқа соғатын. Бұл енді өмірлік философияның бір көрінісі іспеттес. Ақын:

«Жақсылық көрсем – өзімнен,

Жамандық көрсем – өзімнен

Тағдыр қылды дегенді

Шығарамын сөзімнен» депті бір өлеңінде.

Зердеңе салсаң, тұнып тұрған философия. Демек, Мырзекеңді философ демей көріңіз. Айтпақшы, бір сөзімде айтқандай, ол кісі бірнеше мектепті жалпы алғанда 30 жылға жуық басқарды. Бұл қазіргімен салыстырғанда әлемдік рекорд деуге пара-пар. Бұрынғылар ақылмен арыстанды бағындыруға болады депті. Сол айтқандай Мырзекең философ болды, барлығын ақылмен жеңді, сол ақылды өмір бойы өзіне серік етті. Ол қарызын білді. Парызын әрдайым есте ұстады. Жаңылған, жаңылысқан кезі сирек. Бір сөзінде маған: «Қызметте барлығының қабілетін ескердім. Дұрысын айттым, бұрысын әрдайым қаперімде ұстадым. Өз ұстанымын білдірген Қызылорда қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Туровскийге алғысым шексіз» дегені есімде қалыпты.

«Жақсы ниет – ниет қана қарасаң,

Дұрысы оның іс қылуға жарасаң» – депті Жүсіп Баласағұн.

«Есті адамдардың мынадай үш үлкен қасиеті болады: біріншіден, жұртқа берген ақыл-кеңесін өзі орындайтын болады, екіншіден, ешуақытта әділдікке қарсы шықпайды, үшіншіден, төңірегіндегі жандардың кателіктеріне кешірімшіл келеді» дейді Лев Толстой. Бір данышпан «Әр адамның құдайы – өзінің ары» деген екен.

Марқұм Мырзахмет ағайға осы қасиеттердің барлығы тән еді.

Мен көрдім ақылы кемел ғажап қария

Облыс әкімі болған Сейілбек Шаухамановпен бірге аймақтың аудандарына жиі сапарладым. Марқұм көңілі қалаған адамы болса шешіліп сала беретін. Бірде маған «Жолдасбек, үлкен кісілердің екі атауы болады. Бірін қария десе, енді бірін шал дейді. Қария – жақсы, сүйкімді атау. Әдетте онымен өмірден көрген-түйгені мол қазыналы кісілерді атайды. Жасы 90-ға келгенмен өмірден алған ештеңесі жоқ, дым көрмегендерді «шал» деп атайды. Сен үлкейіп келесің. Қадамыңды бақылап отырмын. Қария болғаныңды қалаймын» деп сүйсіне айтқаны әлі есімнен кеткен жоқ. Облыстың бірінші басшысы болған кезінде, одан кейін де сыйласып тұрдық жарықтықпен.

Сыныптас досым Торғай баласы Бектаймен бірге ұстазымыз Жолдыбай ағаймен кездесуге барғанда Сейілбек көкеміздің осы сөзі еске орала кеткені бар.

Сол айтпақшы, көпті көрген қарияның алдында отырмын. Аты-жөні – Жолдыбай Нұрымжанұлы. Жатын бөлмесінде газет-журналдардан көз сүрнігеді. Оқуға жақын жүретінін білетінмін. Әдеті әлі қалмапты.

– Газетке шығарасың ба? – деді ә, дегеннен.

– 2024 жылы 50 жылдығымызды атап өткелі жатырмыз. Жігіттердің өтінішімен келдім. Алдымен әлеуметтік желіге шығарамыз. Бір чатта отырған өзіңіз сабақ берген шәкірттеріңіз оқиды. Біздің шамалауымызша, олардың саны 160-тан асып кетеді. Мерейтой жақындағанда арнайы газетке шығарамыз. Мырзахмет Жетпісбаев, Айшагүл Балмағанбетова туралы жазылды. Ендігі кезек сізге келіп тұр, – дедім келген мән-жайымның жобасынан хабардар етіп.

Біраз сөйлестік. Өте бір сыпайы, ұқыпты адам еді біздің жас кезімізде. Шежіре дерсің, барлығын сайрап айтып отыр. 1935 жылы дүниеге келіпті.

Қызылорда қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумын техник-механик және Н.Гоголь атындағы пединститутты тарих пәні мұғалімі мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1957-1966 жылдары Шиелі ауданына қарасты «Тартоғай» кеңшарында жұмысшы, кіші есепші, радист болып бастаған.

1966-1967 жылдары №153 Тартоғай орта мектебінде мұғалім, 1967-1973 жылдары Қызылорда қаласында №4 кешкі орта мектебінде мұғалім және облыстық кәсіптік-техникалық білім беру басқармасында тәлімгер болған. 1973-1976 жылдары №212 орта мектепте мұғалім, 1976-1986 жылдары №253 мектепте мектеп директорының орынбасары қызметтерін атқарған. 1986-2000 жылдары №212 орта мектепте мұғалім болып, еңбек демалысына шықты. №253 және №212 орта мектептерде партия ұйымының хатшысы, 1990-1996 жылдары облыстық соттың халық заседателі болып қоғамдық жұмыстар атқарып, абыроймен зейнетке шыққан. Тізбелеп жатуды артық көрдік, мемлекеттік наградалары жеткілікті.

«Тағылымды тағдырлар» атты өзі жазған кітабын ұсынды. Бір ғасырдан астам қыпшақтардың шежіресін қамтитын кітапта көп нәрсе бар. Патша заманы, кешегі кеңес дәуірі, болыстар мен бірінші хатшылар бейнесі көз алдыңызға келеді. Шежірелі кітап, бір отбасынан асып көп қауымға белгісіз жайттарды баяндайды. Ұқыпты аға барлығын тірнектеп жинай беріпті. Кетерімізде дастарханға шақырды. Байқаймын, қолында тәуір коньяк. Сыпайылығын қараңыз, маған да, Бектайға да өтініш айтпай, өзі ашты. Мұны енді қонағын сыйлағандық деп түсіндік.

Төрағаның қызы

Есіме сонау бір 40 жыл бұрынғы оқиға түсіп отыр. Мектеп бітіргенімізге 10 жыл толғанда суыт хабар түсті. Ауыр хабар. «Айшагүл апай қайтыс болыпты». Жастықтың, шалалықтың әсері ме, көп нәрсені тез ұмыттық. Жуырда Шаймерден ағаймен хабарластым. Барлығы есінде екен.

– 1984 жылдың шіліңгір шілдесі болатын. Аспан айналып жерге түскендей, – деді ол кісі сабырлы жүзбен. – Айшагүл апай еңбек демалысына шығып «Минводыға» ұшатынын айтты. Ақшасын беріп, «мынаған бір коньяк, жеңіл шарап әкелерсің, әріптестеріме жуу керек» деді. Дүкенге алып-ұшып жүгірдім. Жаспын, сонымен бірге ол кісі менің жақын жеңгем еді. Ол кезде кеңес заманы, отырыспаларда ішімдікті ешкім теріс көрмейді. Мектеп асханасында апайға әріптестері жылы сөздер айтып, шығарып салдық.

Көп ұзамай «Минводыдан» «апай қайтыс болыпты» деген суыт хабар жетті. Есімізден танып қала жаздадық. Мырзахмет ағай байсалды қалпымен «Денесін Қызылордаға жеткізуді саған тапсырамын. Қасыңа адам қосып беремін», – деді. Мұндайда Мырзекеңнің ұйымдастырушылық қабілеті мықты еді. Ә дегеннен бірнеше жерге хабарласып үлгеріпті. Артынша «Басқа адамдардың баратын жолы болып тұр, әзірге сен дайын отыр» деді. Сөйтсем, Айшагүл апайдың жақын ағайындары бұл миссияны өздері орындайтын болыпты. Ол кезде жаңылыспасам Сейтқасым Жүнісов – қалалық білім бөлімінің меңгерушісі. Бір-екі кісімен ұшатын болыпты. Сөйтіп мүрде салынған ұшақ Ташкентке келіп қонды. Қызылордадан Ташкент әуежайына көлікпен мен бардым. Реті келгенде айта кетейін, С.Жүнісов – Айшагүл апайдың туған күйеу баласы. Айекеңнің туған сіңлісі Ұлтай апайдың күйеуі. Қысқасы, барлығы ағайынгершілік жолмен орындалды. Сол кезде апай небәрі 52 жаста екен. Осы қайғылы оқиға бүгінге дейін менің жүрек түкпірімде сақталып қалған, – деді сөзін аяқтаған Шәймерден ағай.

Содан бері 40 жылға жуық уақыт өтті. Мен осы әнгімені жуырда ғана Шәймерден ағаның аузынан естігенде көңілім құлазып кетті. Шәкірт ретінде не тындырдық? Парыз бен қарызды қаншалықты өтедік? Сұрақ көп, оның жауабы бұлыңғыр тартады. «Д» класының жетекшісі Айшагүл Балмағанбетова ақылды, байсалды кісі еді. Сол уақыттың тәртібі сондай ма, әйтеуір балаға деген ықыласы ерекше болатын. Қалаға белгілі математик, Қызылорда пединститутының түлегі еді. Шәкірттері Кенжегүл, Гүлнар, Айтбай, Қамшыбек, Мұхтар, Телібай, Күлпаш, Бақыт, Мұрат, Данияр, Бектай, Зәуреш, Зейнеш, Жамал, Зейнеп, тағысын тағылар, қалғандарының көңіліне келмесін, барлығы бірдей ол кісіні құрметтеп өтті. Шәкірттерінің көңіліне жол тапқан пәк сезімі үшін құрметтеді. Одан да зорын айтайын, Айшагүлдің еңбегі еселеп қайтты. Басқа сыныптағы шәкірттерінің көпшілігі «Нархозға» түсіп, сауда саласында, тұтынушылар одағында, нарықтың кейін пайда болған монополияға қарсы органдарында жемісті қызмет атқарды. Ал Айшагүл апай жетекшілік жасаған «Д» класының үш түлегі КазГУ-дің студенті атанды.

Жуырда апайдың туысқандарын телефон соғып іздедім. Марқұм Сейтқасым ағаны да, Ұлтай жеңгейді де танушы едім. Ұлтай жеңгей толқып кетті. Айшагүлдің ұрпақтары дін аман, біреуі Шымкентте, екіншісі Алматыда аман-сау жүріп жатыр.

Апай – Жалағаш ауданы «Аққұм» ауылының тумасы. Әкесі Балмағанбет колхоз, ауылдық кеңестің төрағасы болған. Бұл – Ұлтай апайдан алған дерегім. Әкем Әлен Айшагүлмен институтта бірге оқығанын айтып «колхоз бастықтың қызы» деп отыратын. «Жақсыдан жақсы туады» деген осы шығар, бәлкім.

Шәкірттері ұлықтаған Шәймерден

Шәкең – Жалағаштағы «Ақарықтың» тамасы. Сонда туып- өскен. 1969 жылы №212 мектепке келіп денешынықтыру пәнінен сабақ берді. Табаны күректей 40 жыл. Сөйтіп 2010 жылы зейнетке шықты. Қазір аман-сау, бейнеттің зейнетін көріп жатқан жағдайы бар.

Ұлы Абай: «Ең ақылды адам – өзінің шамасын білген адам. Ақылың көп болған сайын өмір сүру қиындай түседі. Ақылдың азабы қарғыспен тең» депті. Міне, Шәймерден аға менің түсінігімде осы философиямен өмір сүрді. Алға ұмтылып өзеуремеді, кейін қалыс қалып өкінбеді. Менің білуімше ақылдылық деп осыны айт!

Зердеден, санадан сүзгілеп өткізсеңіз, 40 жыл уақыт жеміссіз өтпеді. «Қайсар» футбол клубының басшысы Серік Досмамбетов, «Сейхун» гандбол клубының ойыншысы Шолпан Сейтенова, Қазақ физкультура институтының түлегі Ғалым Бекенов, тағы 20 шақты түлектері бүгінде тәлімгерлігі үшін ол кісіге дән риза.

«Ішінде дәнегі жоқ жаңғақ шағылғанда ұятқа қалады» депті бір данышпан ертеректе. Әңгіме жаңғақтың өзі туралы болып отыр. Түсінсеңіз бұл да – философия, теңдессіз теңеу. Сол айтпақшы, Шәкең – мен үшін ұлы адам. Ұлы дейтінім, орынсыз әңгіме айтпайды, ретсіз ешнәрсеге килікпейді. Спорттағы сияқты ол кісінің өмірдегі әрбір қимылы жеміспен бірге, жеңіс те әкелді.

Ұмытпасам, 1974 жыл еді. Қызылорда қаласының спартакиадасында негізінен 10 «Д» сыныбынан құралған футбол командасы қалада күміс жүлдегер атанды. Бұл көрсеткіш мектеп тарихында бұрын-соңды болмаған еді. Мектеп басшылығы қуанды, бізде балаларда шаттықтан ес жоқ. Олар –  Данияр, Айтбай, Мұрат, Жалғас, Қалдыбек және мен. Қалғандары басқа сыныптың оқушылары – Жайғали, Асан, Мұқан.

Шәкең спортта №212 мектептің беделін көкке көтерді. 40 жыл абыроймен қызмет істеп өзінің орнықты, орынды адам екенін көрсетті. Біреуге артық ауыз сөзі жоқ біздің кезімізде, одан кейін де дұрыс адам болып қалды. Орыстарда «порядочный человек» деген ұғым бар. Менің аудармамда оны ұяты бар адам дейді. Шәкең ұятты өзінің критерийі деп санады. Соңғы жылдары сәті келіп көп кездесіп жүрдік. Шәкеңнің байсалды, орнықты сөзін тыңдаймыз. Ол кісінің ғажайып кереметтігі сол, өзі білмейтін, топшылайтын нәрсеге араласпайды.

Ағаның спортқа әлі де бейім, тың жүретінін ескеріп, 80-ге қарай қадам басқанын ойға алып «Құранға қалайсыз?» деген сұрақ қойдым. Бұл да бір қулығым еді. «Орынды жерінде аздап оқимыз ғой» деді жай ғана. Қазір қасымызда молдасымақтар қаптап жүргеннен кейін әр нәрсені сұрағыштай беретінім үйреншікті дағдыға айналды.

Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың хадистерінде: «бір сағат ілім үйрену бір кеш бойы құлшылық етуден жақсы, бір күн бойы дәріс алу – үш ай ораза тұтқаннан сауапты» деп жазылыпты. Демек, Пайғамбардың өзі де соқыр сенімді емес, оқуға, ілім-білімге, ізденуге үндегені осыдан-ақ көрініп тұрған жоқ па?

Айта берсең, әңгіме көп. Спортпен айналысқаннан болар, Шәкең әлі қуатты, жұбайы орыс тілінің маманы Гүлжахан жеңгеймен балалары мен немерелерінің қызығын көріп отырған ғанибет жағдайы бар.

Осылайша, Шәкең – дініне адал, тіршілігіне бекем, білімге құштар парасат адамы. Білімді дейтінім, ол кісі әлемдік саясатты да шолып отырады. Жаһандық спорттың мәселесі және де әңгіме тиегінен қалмайды.

Менің білетінім, Шәймерден Төкенов – жан-жақты адам. Біздің ұстаздарымыз осындай.

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<