Әділдік пен қауіпсіз еңбек жағдайы әрдайым назарда

238

0

Жуырда Астанада Қазақстан кәсіподақтар федерациясының XXVII съезі өтті. Оған қатысқан қызылордалық делегация құрамында әртүрлі саланың кәсіподақ белсенділері, бастауыш кәсіподақ ұйымдары мен жастар кеңесінің өкілдері бар. Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде делегаттар қатарынан аумақтық кәсіподақ бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ жергілікті кәсіподағының төрағасы Бақытжан Мұқашева және «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы Айдын Әшірбекова съезд қорытындысы туралы брифинг берді.

Спикерлер БАҚ өкілдерін кәсіподақ қозғалысының 2030 жылға дейінгі даму стратегиясымен таныстырды. Құжатта Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған реформаларға, оның ішінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жүзеге асырудағы кәсіподақ рөліне көңіл бөлінген.

– Бұл съезд – есеп беру немесе кадрлық шешім қабылдау шарасы ғана емес, сонымен қатар Қазақстан кәсіподақтарының даму бағытын белгілейтін, еңбек адамының құқығы мен мүддесін қорғауға арналған жаңа тарихи кезеңнің бастауы. Біз Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» ретінде жариялау бастамасын құптаймыз, мұны жұмысшы мәртебесі мен беделін арттыруға, еңбекқорлық пен кәсіпқойлық идеяларын ілгерілетудегі маңызды қадам санаймыз. Құжатта сондай-ақ «Таза Қазақстан» стратегиясының мәні, әртүрлі салаларда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ба­ғытталған идеяларды іске асыру мәселесі қамтылған. Съезде ашық дауыс беру нәтижесінде Сатыбалды Дәулеталин бес жыл мерзімге федерация төрағасы болып қайта сайланды, – деді Мақсұт Нәлібаев.

Өңірлік кәсіподақтар бірлестігі бүгінде 12 салалық ұйым арқылы 97 мыңнан астам адамды біріктіріп отыр. Кейінгі жылдары еңбек қатынасының тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында айтарлықтай нәтиже байқалады. Әлеуметтік әріптестік аясында 52 меморандумға қол қойылып, 130-дан астам ұжымдық шарт жаңарды. Жалпы саны 5923 ұжымдық шарт жасалған, бұл – аймақтағы кәсіпорындардың 67,7 пайызы. Сонымен қатар жұмысшылар үшін бірқатар қосымша әлеуметтік кепілдіктер енгізілді.

– Біз еңбек адамын қорғау, әділдік пен қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету жолында нақты іс-шараларды қолға алуға дайынбыз, – деді бірлестік төрағасы.

«СБ» ақпарат