Өткен жыл әлеуметтік қорғау саласы үшін мазмұнды әрі нәтижелі кезең болды. Өңірде халықтың осал топтарын қолдауға, жұмыспен қамтуды арттыруға, еңбек қатынастарын реттеуге және инклюзивті орта қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыс атқарылды. Ең бастысы, әлеуметтік көмектің шын мұқтаж жандарға жетуіне басымдық берілді. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев БАҚ өкілдеріне арналған брифингте айтты.
Былтыр әлеуметтік салаға республикалық және жергілікті бюджет есебінен 29,8 млрд теңге бөлініп, қаржы 100 пайызға игерілген. Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 46560 адамды жұмыспен қамту жоспарланып, нақтысында 46603 адам жұмысқа орналастырылған. Оның 31928-і – тұрақты жұмыс орны.
– Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» тапсырмасы аясында 13512 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жоспар 26,8 пайызға артығымен орындалды. Нәтижесінде өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,8%-дан 4,6%-ға төмендеп, республикалық көрсеткішпен теңесті. Жастар арасындағы жұмыссыздық 3,4 пайыз деңгейінде тұрақтады. «Бастау Бизнес» жобасы арқылы 3 852 адам кәсіпкерлік негіздеріне бағытталса, 38 175 адам электронды еңбек биржасы арқылы онлайн оқудан өтті. Жыл ішінде 118 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 2041 адам тұрақты, 1123 адам уақытша жұмысқа орналасты. Мүгедектігі бар азаматтар, пробация есебінде тұрғандар және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтар үшін белгіленген квоталар толық орындалды, – деді басқарма басшысы.
Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру мақсатында солтүстік өңірлерге 137 отбасы қоныс аударған. Оларға көшуге, тұрғын үйді жалдауға, коммуналдық қызметтерді өтеуге, кәсіптік оқытуға және тұрғын үй сатып алуға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Өткен жылдан бері тұрғын үйге арналған экономикалық мобильділік сертификатының құны 7 млн теңгеден асты.
Субсидияланатын жұмыс орындары мен гранттардың мақсатты жұмсалуына да жүйелі мониторинг жүргізіледі. Нәтижесінде 686 млн теңгеден астам қаржының мақсатсыз жұмсалуына жол берілмеген, заңбұзушылық анықталған қаражаттың едәуір бөлігі бюджетке қайтарылды. Бұл әлеуметтік саланың ашықтығы мен жауапкершілігін арттырды.
Мониторинг нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушы саны 6344 отбасынан 4468-ге дейін қысқарып, 2,8 млрд теңге шын мұқтаж отбасыларға бағытталған. Тұрғын үй көмегіне 64,6 млн теңге бөлініп, толық игерілген.
Өңірде 34 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тіркелген. Өткен жылы оларды оңалтуға 7,9 млрд теңге бөлініп, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қажетті құралдармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, 360 инфрақұрылым нысаны толық бейімделді, инватакси қызметі кеңейтілген.
Барлық қала, аудандарда ашылған Отбасын қолдау орталықтары арқылы мыңдаған азаматқа кешенді көмек көрсету жалғасып келеді. Үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында тұрмыстық зорлық-зомбылық пен адам саудасының құрбандарына арнайы қызметтер көрсетеді.
Биыл 26234 жұмыс орнын құру жоспарланған. Сондай-ақ жұмыссыздық деңгейін 4,8%-дан асырмау, мүгедектігі бар азаматтарға арналған оңалту бағдарламаларын орындау, 360 нысанды бейімдеу, әлеуметтік көмекті тек шын мұқтаж жандарға бағыттау, әлеуметтік төлемдердің уақытылы төленуін қамтамасыз ету негізгі міндет болып қала бермек.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»






