Өткен жылы өңір бюджетінің 57 пайызы әлеуметтік салаға жұмсалды. Инфрақұрылымды дамытуға, тұрғын үй және әлеуметтік нысандар құрылысына 202 млрд теңге бөлінді. Облыстың өз кірісі 93,3 млрд теңге болып бекітілді. Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында атқарылған жұмыс жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов кеңінен тоқталды.
Қызылорда қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлерге ыстық су келді. Былтыр 329 шақырым жол жөнделді, яғни аймақтағы жолдың 95 пайызының сапасы жақсы деңгейде. Биыл 146 шақырым жол жөнделеді, бұдан кейін көрсеткіш 96 пайызға жетпек.
– Барлық елді мекен 100 пайыз орталықтандырылған сапалы ауызсумен қамтамасыз етілді. Облыс халқының 83 пайызы табиғи газға қол жеткізді. Электр желілерінің тозу деңгейі 60,8 пайызға төмендеді. Мемлекеттік бюджет қаржысы есебінен Байқоңыр қаласында 250 пәтерлік 5, Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауында 400 пәтерлік 10 үй салынды. Әлеуметтік жағынан осал топ өкілдерін баспанамен қамтуда ауқымды жұмыс атқарылды. Биыл тағы 2444 пәтер пайдалануға беріледі. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында өткен жылы 41 ауылда 66 жоба жүзеге асырылды. «Дипломмен – ауылға!» жобасы аясында республикалық бюджеттен 194 маманға жеңілдетілген тұрғын үй несиесі берілді. Биыл 169 маманға бұл мақсатта 1,6 млрд теңге бөлініп отыр. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларында да ауқымды жобалар жүзеге асырылып, 26 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Д.Жаналинов 2025 жыл облысымыз үшін оң нәтижелермен қорытындыланғанын, экономиканың дамуын айқындайтын негізгі макрокөрсеткіштер бойынша оң динамика қалыптасқанын атап өтті. Экономиканы әртараптандыру мақсатында 300 млрд теңгеден астам қаржыға 27 инвестициялық жоба орындалды. Биыл 21 жобаны іске қосу жоспарланған.
Мемлекеттік қолдауды бизнес өкілдері де біркісідей сезініп отыр. 2025 жылдың 9 айында шағын және орта кәсіпкерліктің өнім шығару көлемі 30,5 пайызға артып, оның экономикадағы үлесі 20,5 пайызға жетті. Ал салықтық түсім 2,5 есе ұлғайды.
– Экономиканың әртүрлі салаларында 32 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды. Жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыздан 4,6 пайызға төмендеді. Аймағымызда 34 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тіркелген болса, оларды оңалту бағдарламасы аясында 35 454 техникалық оңалту құралы алынды. 2023-2027 жылдарға арналған жоспарға сәйкес былтыр 360 әлеуметтік инфрақұрылым объектісін бейімдеуден өткізу жоспарланып, жоспар толық орындалды. Мүгедектігі бар адамдарға 67 инватакси әлеуметтік қызмет көрсетеді. Оның 12-сі кресло-арбамен жүретін жандарға лайықталған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мониторинг тобының жұмысы нәтижесінде негізсіз көмек алушылар саны 30 пайызға азайды. Республикалық «Қандас» деректер қорының мәліметіне сәйкес 14 адамға қандас мәртебесі берілді. Оның көпшілігі Өзбекстан Республикасынан келген. Ал 3 адамның қандас мәртебесі ұзартылды, – деді Данияр Жаналинов.
Медицина саласында жаңадан көптеген нысан бой көтеріп, 12 нысан күрделі жөндеуден өтті. Осыдан кейін ғимараттардың тозу деңгейі 74,4 пайыздан 36,6 пайызға төмендеді. Көп ұзамай Қызылорда қаласы Сырдария өзенінің сол жағалауында 500 келушіге арналған қалалық емхана, ауысымына 400 келушіні қабылдайтын №5 қалалық емхана құрылысы басталады. Сонымен қатар Қызылорда қаласында 200 төсек-орынға арналған перинаталды орталықтың жоба-сметалық құжаттамасы әзірленуде.
– Денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыруға жіті көңіл бөлініп отыр. Осы бағыттағы жұмысқа байланысты медициналық құрал-жабдықтардың жарақтандырылу деңгейі 2022 жылғы 83,2 пайыздан 90,2 пайызға жоғарылады. Бұл негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштердің жақсаруына да оң әсер етті. Атап айтқанда, халықтың медициналық қызмет сапасы мен қолжетімділігіне қанағаттану деңгейі облыста 3,6 пайызға артты, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Сонымен қатар Д.Жаналинов мұның барлығы кезек күттірмейтін іс-шаралар екенін жеткізді. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт нысандары тек көрініс үшін емес, халықтың игілігіне арналғанын айта келе, Сыр жұртшылығын жаңа ғимараттардың әлеуетін тиімді пайдалануға шақырды.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»





