Әскери дайындық пен тәртіпке баулиды

198

0

Жақында Ақтөбе қаласында XI халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны өтті. Дүбірлі додаға елімізден бөлек, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан барлығы 800-ге жуық сарбаз қатысты. Биылғы жиын Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Кеңес Одағының батыры, қазақтың қайсар қызы Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналды. Сайыста 20 команда 8 кезең бойынша сынға түсті.

Жастар жиынына облыстан «Сыр айбыны» командасы қатысып, үздік өнер көрсетті. Ау­дандық, қалалық іріктеуден өткен дарынды жастардан құралған команда жалпы есепте төртінші орынды иемденді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қызылорда облысының жастар одақтары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жасұлан Алдабергенов айтып берді. Сондай-ақ брифингке «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы облыстық филиалының төрағасы Жасұлан Жаңабай және «Сыр айбыны» командасының жас сарбазы Расул Ниетулла қатысты.

– «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл – жасөспірімдердің патриоттық рухын оятып, әскери дайындық пен тәртіпке баулитын маңызды алаң. Облыстан қатысқан командалар әр жылдары үздік нәтиже көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Биылғы көрсеткіш те жаман емес. «Сыр айбыны» командасы барлық кезеңдерден сүрінбей өтіп, төртінші орынды иеленді. Бұл – тынымсыз еңбек пен дайындықтың жемісі. Алдағы уақытта жас сарбаздарымыз бұдан да жоғары нәтижеге жететініне сенімдімін. Біздің командада 10 ұл, 5 қыз өнер көрсетті. Бұған дейінгі сайыста бірінші орынды да иемденген болатынбыз. Әр жиынның өз қиындығы мен қызығы бар. Биыл да жастарымыз намысты қолдан бермеуге тырысты, –деді Жасұлан Нұрланбекұлы.

Дәстүрлі жастар жиынының маңыздылығы туралы Жасұлан Жаңабай кеңінен әңгімеледі.

– Әскери-патриоттық жастар жиыны жастарды отансүйгіштікке, тәртіпке, ұйым­шылдыққа тәрбиелейді. Олардың бойында жауынгерлік рухты қалыптастырады. «Айбын» жиынына дайындық жұмыстары сайыс басталады дегеннен-ақ қолға алынды. Команданың әр мүшесі жауапкершілікпен қарап, тынымсыз дайындалды. Нәтижесінде «Сыр айбындары» командасы әскери кросс жарысында жалпы­командалық есепте 3-орынға ие болды, – деді Жасұлан Бақытжанұлы.

Ал автомат шашып жинау жарысында жерлесіміз Расул Ниетулла шапшаңдық танытып, 60 қатысушының ішінен топ жарды. «Болашақта өрт сөндіруші болғым келеді» деген жас сарбаз қаладағы Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектебінің оқушысы.

– Жарысқа үлкен жауапкершілікпен дайын­далдым. Әр жаттығуда жылдамдыққа мән бердім. Қарсыластар осал болмады, бірақ өзіме сенімді болдым. Автоматты 10 секундта шашып, 13 секундта жинадым. Осылайша командама жеңіс сыйладым. Бұл сайыс мен үшін үлкен тәжірибе болды, – деді Расул Ниетулла.

Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»