Қызылорда облысында 2022 жылдың 11 айында құрылыс жұмыстарының көлемі 121,1 пайызға, ал тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші 106,4 пайызға өсті.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз конференциясында облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов мәлімдеді.
– Облысымызда жыл басынан бері 115 нысанның құрылысы жүргізілді. Бұл мақсатқа бюджеттен 24,2 млрд.теңге бөлінді. Бұған қоса, 1 422 пәтерді құрайтын 32 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Мұнан өзге, инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым тарту бойынша 38 жоба жүзеге асырылды. Айта кететін жайт, аймақ басшысының қолдауымен өңірімізде заманауи үлгідегі жаңа әлеуметтік нысандар салу бастамасы сәтті іске асуда. Сондай бастамалардың бірі Қызылорда қаласы, Сұлтан Бейбарыс көшесінің бойындағы Өнер орталығы мен Неке сарайының құрылысы басталып, келер жылы ел игілігіне берілетін болады. Алдағы 2023 жылға құрылыс жұмыстарының көлемі ауқымды болып отыр. Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылысына мемлекеттік бюджеттен тиісті қаржы бөлінуде. Бұл қаржыға облыс бойынша 128 нысанның құрылысы жүргізіледі, – деді Мархабат Жайымбетұлы.
Сонымен қатар, аймақта алғаш рет 7 қабатты 6 тұрғын үйдің құрылысын салу жоспарлануда.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<