«Ауыл аманаты» – айрықша қолдау

7

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Жыл басында аудандарда атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы міндеттер жайы нақтылануы дәстүрге айналған. Өткен аптада өңірлік коммуникациялар қызметінде Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов аймақтағы БАҚ өкілдерімен кездесіп, ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігінен хабардар етті.

– 2025 жылы ауданның эконо­микалық дамуында оң тенденция қа­лыптасты. Атап айтқанда, өнер­кәсіп өнімінің көлемі 102,3, өңдеу өнеркәсібі 108,2, инвестициялар тарту 101,3, бөлшек сауда 100,2, ауыл шаруа­шы­лығының жалпы өнімі 100, тұрғын үй көлемі 104,3, құрылыс жұмыстары 115,1 пайыз орындалды.

Аудан бюджеті 9,2 млрд теңге көлемінде қалыптасып, 9,5 млрд теңгеге нақтыланып, 100 пайыз игерілді. Оның ішінде өз кірістеріміз 2,6 млрд теңге болып, 116,8 пайызға орындалды, – деді аудан әкімі.

Баяндамада шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, ауыл тұрғындарының табысын арт­тыруда «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру жайы айтылды.  «Бай­қоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­порациясы арқылы 166,5 млн теңгеге 33 жоба қаржыландырылып, 35 жаңа жұмыс орны құрылған. Нақтырақ айтқанда, өңдеу бағытында 14 жоба, асылтұқымды мал бағытында 12 жоба, құс шаруашылығы 1 жоба қызмет көрсету бағытында 6 жоба іске қосылған.

– Жыл басынан «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2 жоба 15,2 млн теңгеге қаржыландырылып, 117,8 млн теңгенің 18 жобасының құжаттары «Amanatnesie» цифрлық платформасына енгізілді.

Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға 1 млрд теңгенің 4 инвестициялық жобасы енгізіліп, іске асты. Нәтижесінде өңдеу саласында 19 жаңа жұмыс орны құрылды. «Harvest Agro Holding» компаниясының техникалық дақылдарды егу және қайта өңдеу кластері жобасы жүзеге асырылуда. Бұл Тәуелсіздік жыл­дардағы ауданымызда инвестор қар­жысына салынған ең ірі жоба болмақ.

Су тапшылығына қарамастан, мемлекеттік қолдау мен жаңа тех­нологияларды пайдалану нәтиже­сінде егін жинау жұмыстары талапқа сай орындалып, гектарына 60 центнерден астам өнім алынып, 116 331 тонна астық жиналды. Егін науқанының нәтижесі бойынша Жалағаш «Ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту бойынша «Озат аудан» деп танылды, – дейді Ардақ Әбдіғаппарұлы.

Аймақ басшысының қолдауымен жол саласын дамы­туға бюджеттен 2 млрд теңге бөлі­ніп, аудандық маңызы бар 1 авто­мобиль жолы және кент, ауылдық округтердегі 37 ішкі көшеге күр­делі жөндеу, 8 көшеге тас төсеу жұ­мыс­тары жүргізілген. Сонымен қатар, Жаңадария, Аққыр елді мекендерінің 5 көшесін күрделі жөндеуден өт­кізуге бюджеттен қаржы бөлінді.

Аудан халқы 100 пайыз орталық­тандырылған ауызсумен қамтылған. Сонымен қатар, өткен жылы Есет батыр елді мекенінде ауызсу жүйесін қайта жаңғыртуға бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр.

Аудан халқының 50 пайызы «көгілдір отынмен» қамтылған. Бұл жұмыстар жүйелі түрде жал­ғасын табады. Айталық, өткен жылдың қараша айында Қаракеткен және Далдабай елді мекендерін газдандыруға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, газ желісін тарту жұмыстары басталды. Сонымен қатар, Бұқарбай батыр елді мекенін газдандыру мақсатында демеушілер есебінен жоба-сметалық құжат­тама әзірленіп, бюджеттік өтінім салалық министрлікке жолданды.

Аудан басшысының баянда­масында айтылғандай, әлеуметтік сала бойынша да айтарлықтай оң нәтижеге қол жеткізілген.

2024-2025 оқу жылын 20 мек­теп­тен 6 603 оқушы, 11-сыныпты 450 түлек бітіріп шықты. 16 түлек «Ал­тын белгі», 48-і «Үздік аттестат» алды.

Денсаулық сақтау саласы жылдан жылға тұрақты дамып келеді. Оның бір көрінісі, республикалық бюджеттен 388 млн теңге бөлініп, Қаракеткен ауылдық округінде дәрігерлік амбулатория салынып, пайдалануға берілді.

Аудандық ауруханаға 62,4 млн теңгенің заманауи ультра­дыбыстық-диагностикалық аппарат (УДЗ), сонымен қатар, 98 млн тең­геге рентген-маммографиялық жә­не стационарлық цифрлық рент­ген-флю­орографиялық аппараттар алынды.

«Руханият орталығы» халыққа қызмет көрсетіп тұр. Аталған көпфункционалды ғимаратта музей, кітапхана, архив, неке қию залы, сондай-ақ ардагерлер және аналар кеңесі, жастар орталықтары, азаматтық қоғам өкілдері сияқты тарихи-мәдени және рухани ұйымдар біріктірілген. Спорт саласына келсек, бүгінде шамамен 16 мың тұрғын, яғни жалпы халықтың 44,3 пайызы бұқаралық спортпен тұрақты түрде айналысады.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында кент орталығында  дене­шынықтыру-сауықтыру кешені пай­да­лануға берілді. Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қоры арқылы Аққыр елді мекенінде ашылған денешынықтыру-сауықтыру кешені ауыл тұрғындарына қызмет көрсетіп тұр.

Қазақстан футбол федера­ция­­сымен әріптестік байланыс орна­тылып, екіжақты жасалған мемо­рандум нәтижесінде УЕФА-ның Alan жобасы аясында орталық стадионның жасанды алаңы қайта жаңғыртылды. Оған қоса, аудан бюжетінен 43,5 млн теңге қаржы бөлініп, жөндеу жұмысы жүргізілді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бел­сене араласып жүрген демеушілер көмегімен 261 млн теңгенің жоба­лары жүзеге асырылған.

Мемлекет басшысының тапсыр­масына сәйкес, «Таза Қазақстан», «Өңірлерді дамыту» бағдарламалары аясында Жалағаш кенті мен 14 ауылдық округте абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстары қарқын алды.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»