Қазір Байқоңыр қаласында Қазақстан тарапынан көптеген іс-шара жүзеге асып келеді. Атап айтқанда, олардың қатарында мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту, денсаулық және білім, мәдени және өзге мәселелер бар.
– Бүгінде Байқоңырда тұратын адам саны – 54,3 мың адам. Оның 71 пайызы Қазақстан, қалғаны – Ресей және өзге де елдердің азаматтары. Жұмыссыздық деңгейі 1,3 пайызды құрайды. Ғарыш саласы, Байқоңыр қаласы әкімшілігіне қарасты кәсіпорындар мен мекемелерде еліміздің азаматтығы бар 10 мыңға жуық адам еңбек етеді. Айта кетсек, мемлекеттік бағдарламалар аясында халықты еңбекке тарту мәселесі оңтайлы шешілген. Бұл үшін Қармақшы ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, қалалық «Мансап» орталығымен тығыз байланыс орнаған. Былтыр 336 адам табыс көзін тапты. Сондай-ақ «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыған 19 тұрғынға 29,8 млн теңге қайтарымсыз грант берілді. Олар негізінен шаштараз қызметі, шағын баспахана ашу, таза су өндіру, дәрігерге дейінгі қосымша медициналық тексеру, жартылай фабрикат өнімдерін дайындау және өзге де кәсіп көздерін дамытуға көңіл бөлді, – деді облыс әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның айтуынша, денсаулық сақтау саласы бойынша мемлекетаралық келісімге сәйкес, қалада қазақстандық және ресейлік медициналық ұйымдар халыққа қызмет көрсетеді. 2016 жылдан бастап Байқоңыр қаласының көпбейінді ауруханасы науқастардың қажетті ем алуына қолайлы жағдай жасап отыр.
– Айта кетсек, қалада гемодиализ орталығының қызметіне жүгінетін азаматтар бар. Оларға қолайлы жағдай жасау үшін аурухана жанынан гемодиализ орталығы ашылған. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына орай медициналық қызметтердің сапасын одан әрі арттыру үшін емдеу орны жалпы құны 806 млн теңгені құрайтын заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді. Қаладағы 12 мектептің 5-еуі қазақстандық білім беру стандартын қолданады. Онда барлығы 4906 оқушы қамтылған. Еліміздің білім беру ұйымдарына қарасты 5 балабақшада 1100 бала тәрбие алып жатыр. Байқоңырда көппәтерлі 351 тұрғын үй бар. Тұрғын үй мәселесін шешу үшін облыс әкімдігінің қолдауымен «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2019 жылы 50 пәтерлі 5 тұрғын үй ел игілігіне берілді, – деді Қайрат Ырзақұлұлы.
2019 жылғы 3 сәуірде қол қойылған «Байқоңыр» кешенін газбен жабдықтау туралы келісімге сәйкес, қаланың тұрғын үй қоры толық газға көшірілді. Оған қоса қала іргесіндегі Төретам және Ақай елді мекендері толықтай табиғи газбен қамтамасыз етілді. Байқоңыр қаласының әкімшілігімен «Байконурэнерго» жылу-электр орталығын мазуттан табиғи газға көшіру қолға алынып, бұл жұмыс 2027 жылы толық жүзеге асырылымақ. Облыс әкімдігінің қолдауымен «Байқоңыр қаласын сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қайта жаңарту» жобасы аясында 94,6 шақырым су құбыры және 84,6 шақырым кәріз желісін ауыстыру ойластырылып отыр.
– «Байқоңыр» кешенінің өзекті мәселелері бойынша шешімді талқылау және қабылдау жыл сайын Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссия отырысында қаралады. Комиссияның кейінгі отырысының бірінде бірқатар уағдаластыққа қол жеткізілді. Атап айтқанда, «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін құру» жобасын іске асырудың белсенді кезеңіне өтті. Қазір жерүсті технологиялық жабдықтарын жасау және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Оны іске асыру үшін кешендегі 170 мың гектарға жуық жерді жалдан шығарып алу жұмысы аяқталып келеді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жайылымдық жерлерді ұлғайту үшін іргелес елді мекендердің ауыл шаруашылығы қажеттілігіне пайдаланылмай тұрған жер учаскесін жалдан шығаруға мән берілуде. Ол шамамен 28 мың гектарды құрайды. Облыс әкімдігі мен қала әкімшілігінің қолдауы бойынша жыл бойы қаланың тыныс-тіршілігінің негізгі салаларында оң динамика сақталды, – деді Қайрат Ырзақұлұлы.
Әлемде Байқоңыр қала мен ғарыш айлағын біріктіретін, баламасы жоқ бірден-бір кешен ретінде бағаланады. Мұнда экономиканы әртараптандыру үшін туризмді дамыту басымдыққа ие. Еліміздің Туризм және спорт министрлігімен бірлесе отырып, кешенде туризмді дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді. Бұл үшін Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының шешімімен қазақстандық тараптан туристік қызметті жүзеге асыратын ұйымдар айқындалды. Қазіргі уақытта ғарыш айлағының «Гагарин старты», «Гагарин беседкасы», динамикалық сынақ стенді, «Буран» монтаждау-жанармай құю кешені секілді тарихи нысандарға туристік маршрут ашылды.
– Байқоңырда ұлттық құндылықты насихаттау және дәріптеу ерекше маңызды. Еліміздің барлық ұлттық және мемлекеттік мерекесін жоғары деңгейде атап өтеміз. Былтыр ғарыш айлағы мен қаланың құрылғанына 70 жыл толуына орай мәдени іс-шаралар Үкімет деңгейінде жүргізілді. Байқоңырдың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан қызметкерлер мен ардагерлер мемлекеттік және ведомстволық наградамен наградталды. Облыс әкімдігі тарапынан мерейтой аясында жыл бойы облыстық және республикалық деңгейдегі мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылып, өнер ұжымдарының концерттік бағдарламалары мен түрлі спорттық жарыстар өткізілді, – деді облыс әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»





