Өңірдегі инновациялық экожүйені қалыптастыру және дамыту бағытында жүйелі жұмыс атқарылуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторының жетекшісі Жанарыс Түбекбаев айтып берді.
Kyzylorda Hub – аймақтағы инновациялық экожүйені дамытушы негізгі орталық. Өз жұмысын бастағаннан бері ауқымды нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Осы уақытқа дейін 389 іс-шара өткізіп, оған 13994 қатысушы тартылды. Оның ішінде жасанды интеллект бағытында 93 іс-шара ұйымдастырылып, 1752 адам қамтылған. Жобаларға тартылған инвестиция көлемі 42,2 млн теңге, бұл жұмыстың нәтижесін көрсетеді.
– Биыл жоспарланған жұмыстардың басым бөлігі ЖИ бағытында өрбитін болады. Мемлекет басшысы 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялады. AI-Movement концепциясы аясында мемлекеттік мекемелер, әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары және кәсіпкерлер үшін арнайы AI Bootcamp білім бағдарламалары ұйымдастырылады. Осылайша 4 күн ішінде қатысушылар генеративті ЖИ негіздерін меңгеріп, өз қызметтік қуаттылығын арттыруға мүмкіндік алады, – деді Ж.Түбекбаев.
Өңірлік стартаптарды дамыту үшін 2 маңызды бағдарлама жүзеге асады. Startup Joly (Преинкубация) технологиялық кәсіпкерлікке қадам басқысы келетін, 16 жастан асқан кез келген қатысушыны қабылдайды. Бағдарлама жобаларды идея сатысынан бастап MVP (минималды өміршең өнім) сатысына дейін дамытуға бағытталған. Ал Startup Orda (Инкубация) 2 айлық бағдарлама MVP сатысындағы жобаларды нарықтағы алғашқы сатылымға дейін жеткізеді. Онда 10 апта бойы қатысушылар семинарлардан өтіп, арнайы трекерлердің тегін консультациялық қызметін алады. Үздік атанған жобалар республикалық венчурлық қорлар алдында инвестиция тарту мүмкіндігіне ие болады. Бұл бағдарлама Astana Hub халықаралық технопаркінің жетекшілігімен Қазақстанның барлық өңірінде өтеді.
– Хакатондар және цифрлық шешімдер туралы айтатын болсақ, өңірдің үздік технологиялық шешімдерін әзірлеу және жергілікті мекемелер мен кәсіпорындарға ЖИ құралдарын енгізу мақсатында 4 мәрте хакатон ұйымдастырылады. Әр хакатонның өзіндік тақырыптары мен тапсырмалары бар. Жергілікті кәсіпорындар өздеріне қажетті IT шешімдерді табу үшін Kyzylorda Hub арқылы тапсырыс беріп, хакатон өткізу арқылы тиімді шешімдерге қол жеткізе алады, – дейді бизнес-инкубатор жетекшісі.
Сондай-ақ брифинг барысында Жанарыс Түбекбаев өңірлік IT компаниялар мен фрилансерлер үшін HUB TASKS платформасы жұмысын бастайтынын айтты. Бұл платформа Қызылорда облысының тапсырыс берушілерінің технологиялық тапсырмаларын орындап, келісімшарт әзірлеу нарығын дамытуға арналған. IT шешімді қажет ететін барлық кәсіпорындар мен мекемелер өз қажеттілігін сауалнама арқылы толтырып, өңірдегі ең үздік әзірлеушілердің ұсыныстарын қабылдай алады.
Бұдан бөлек IT саласында білім алғысы келетін жастар үшін Tech Orda бағдарламасы жалғасын табады. Бағдарлама аясында облыстың кез келген жас тұрғынына елдегі беделді, аккредиттелген жеке IT мектептерде білім алуға грант беріледі. Сондай-ақ қызылордалықтарға облыстағы мектептермен қатар, Астана және Алматы қалаларындағы IT мектептерде де онлайн білім алуына мүмкіндік қарастырылған.
Қазіргі таңда IT білім берудің үздік шешімдері Tomorrow School және TUMO School мектептерін ашу бойынша облыс әкімдігі мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қолдауымен жұмыс жүргізілуде.
Хабта IT және стартаптар бағытында тұрақты түрде воркшоптар, буткемптер мен кездесулер өтеді. LUPIC халықаралық бағдарламасы аясындағы 3 айлық 4 білім беру бағдарламасы қыркүйек айынан бастап білім алушыларды қабылдайды.
Маман өңірдің IT стартаптары мен компаниялары Astana Hub қатысушысы атанып, салықтық преференцияларға ие бола алатынын да жеткізді. Аталған қызметтер Kyzylorda Hub өңірлік хабында тегін көрсетіледі.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»






