Малдың жаппай қырылу дерегі тіркелген жоқ

37

0

Облыстық ветеринария басқармасы «Жалағаш ауданында белгісіз індеттен мал жаппай қырылып жатыр» деген ақпаратқа байланысты өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында брифинг өткізді.

Бейнекөрсетілімде тұрғындар ірі қараларының ауызынан ақ көбік ағып, тілінің терісі сыпырылғанын, әлсіреп, тіпті төрт аяққа тұра алмай қалғанын айтқан. Алайда, ветеринарлар мұны жалған ақпарат деп жоққа шығарды.

Басқарманың мәліметіне сүйен­сек, аудандық аумақтық инспек­ция, ветеринария станциясы маманда­ры­нан құрылған арнайы топ мал иелеріне тиесілі аумаққа барып, жағдайға қа­нықты. Ауыл шаруашы­лығы жа­нуарларының дерекқор базасында Жа­лағаш кентінің тұрғындары Ф.Би­сенованың 8, Қ.Жолдыбаевтың 7 бас мүйізді ірі қарасы тіркелген. Барлығы аса қауіпті ауруларға қарсы алдын ала егілген.

– «Жаппай мал қырылып жа­тыр» деген ақпарат жалған. Біз тұрғын­дардың үйіне барып, ірі қаралардан қан сынамасын алып, лабораторияға жолдадық. Олардың айтқаны ауа ра­йының күрт сууынан күйі төмен малда кездесетін жағдайға ұқсайды. Жем-шөптен немесе судан уланды ма, қан сынамасы арқылы соны да анық­таймыз. Шын мәнінде мал басы түгел, ешқандай ауру белгілері бай­қалмады, – деді басқарма басшысы Шахмардан Қойшыбаев.

Биосынамалар мен қан сарысуы арқылы күлдірік стоматит, вирустық диарея, инфекциялық ринотрахеит, аусылдың құрылымсыз ақуызы ау­руларының бар-жоғы анықталады. Оның қорытындысы 7-10 күн шама­сында  белгілі болмақ.

– Бұл аурулардың клиникалық белігілері бір-біріне ұқсас. Ветеринар мамандар шұғыл әрекет жасап, мал иелерінің қора-жайларын залалсыз­дандырды, – деді Шахмардан Қой­шыбаев.

Басқарма басшысы өңірде эпизо­отиялық ахуал тұрақты екенін айтып, қандай да бір жағдай болса, тұрғын­дарды дереу ветеринария қызметіне жүгінуге шақырды.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»