Мерейді үстем еткен марапат

176

0

Мұғалімдердің кәсіби мерекесі қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласына қосқан елеулі үлесі және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бір топ ұстазды қабылдап, мемлекеттік наградамен марапаттады.

Президент қолынан мектеп мұға­лімдерімен бірге колледж және жоғары оқу орындарының оқыту­шылары, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін мамандар да марапат алды. Солардың қатарында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профес­соры, фи­лология ғылымдарының кандидаты, «Парасат» орденінің иегері Ұлжан Жаңбыршиева және ардагер-ұстаз, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» Күміскүл Серекеева да бар.  Марапат иелері  өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингке қатысып, алған әсерлерін бөлісті.

– Мереке қарсаңында Мемлекет басшысының қолынан марапат алдым. Бұл күн мен үшін ерекше, әсерге толы сәт болды. Толқыдым, осындай марапатқа лайық болғаныма қуандым. Бұл ұстазға деген құрмет деп білдім. Осындай деңгейге жету үшін 50 жыл білім саласында еңбек еттім. Еңбек жолымды Ғ.Мұратбаев атындағы №171 орта мектептен бастадым. Мек­теп­те сегіз жыл жұмыс істедім. Одан кейін ғылымға бет бұрып, универ­си­тетке жұмысқа орналастым. Қара­па­йым мұғалімнен, аға оқытушы, доцент, профессор дәрежесіне дейін көте­рілдім. Бұл дәрежеге жету оңай болған жоқ. Оның астарында қаншама еңбек, ізденіс жатыр. Мұнда ғылыми негізде оқулықтар, әдеби әдістемелік кітаптар, әдеби зерттеулер жазу келешек ұр­паққа қажетті дүниелерді жарыққа шығару керек болды. Сол себепті уни­верситетте жүріп, Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетіне аспи­ран­тураға оқуға түсіп, әдебиеттің өзекті мәселелеріне ден қойып, соның ішінде Сыр сүлей­лерінің шығармаларын зерт­тей бас­тадым. Сондай-ақ «Тұр­мағамбет Ізтілеуов­­тің ақындық мұра­сы» деген тақы­рыпта диссертация қорғадым. Менің негізгі бағытым Сыр елінің ақын-жырауларының шығар­ма­ларын зерттеу болды. Мұнан бөлек жоғары оқу орнына арналған оқу­лықтар, әдісте­мелік оқу құралдарын, ғылыми мақа­лалар жаздым. Қазір 200-ден астам ғылыми мақала, 6 моно­графия, 8 оқу-әдістемелік құралдың авторымын, – деді ол.

Сондай-ақ ғылыми жобалар не­гізінде жасалып жатқан жұ­мыстарына тоқталды. Білім сала­сын­дағы серпіліс, ұстазға деген құрмет, педагог мәртебесі, ауыл мектебі, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы, ғылым мен білімді көтеруге бағытталған түрлі бағдарламалардың жемісті жүзеге асып жатқанын жеткізді. Білім беру ісіндегі цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын енгізу, қолданудың пайдасы туралы кеңінен айтып берді.

Одан әрі ардагер-ұстаз Күміскүл Серекеева еңбек жолына тоқталып, жастардың мамандық таңдаудан қателеспеу керектігін жеткізді. Білім саласында 40 жылдай еңбек еткен ұстаз талабы бар оқушыларды ғылыми жобаларға, байқауларға дайындап, жетістікке жетеледі. Мектеп жанынан ашылған жылыжайда оқушылармен бірге зерттеу жүргізе отырып, өнім алуды, күтіп-баптауды үйретті. Осы­лайша таза, табиғи өнімнен жасалған тағамды мектеп асханасының ас мәзіріне қосты. Қажырлы еңбегінің арқасында талай шәкірті халықаралық, республикалық додаларда топ жарып, ұстаз мерейін үстем етті. Кәсіби мереке қарсаңында еңбегі еленген ұстаз Мемлекет басшысының қолынан марапат алғанына, ұстаздардың ұлықталып жатқанына қуанышты екенін жеткізді.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр» бойы