Жақында облыста сұйытылған газ тапшылығына байланысты мәселе туындаған болатын. Бұл мәселенің басты себебі – Қазгермұнай компаниясында техникалық ақаулық орын алып, газ өңдейтін екі қондырғының біреуі істен шыққан.
Осыған байланысты әкімдікпен арнайы жұмыс тобы құрылып, газ тапшылығын реттеу бойынша жұмыстар қолға алынды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов хабарлады.
Облыс аумағында сұйытылған мұнай газды өткізумен 212 автогаз құю станциясы арқылы 25 оператор жүзеге асырады.
Энергетика министрлігімен айына облысқа орта есеппен 7,5-8 мың тонна шамасында газ көлемі бөлініп келеді. Осы көлемнің 6 мың тоннасы Қазгермұнай компаниясынан бөлінетін еді.
Республикада өндірілген газ көлеміне қарай қазан айына Энергетика министрлігі облысқа 6 791 тонна газ бөлді. «Қазгермұнай» – 5427 тонна, «Петро Қазақстан Ойл Продактс» – 1364 тонна.
Осы кезге дейін Қазгермұнай компаниясының УПГ-1 мен УПГ-2 қондырғылары жұмыс істеп тұрған болатын. УПГ-1-де қазір техникалық ақаулық орын алып, істен шықты.
УПГ-1 қуаттылығы айына 6 мың тоннаға дейін сұйытылған газ өндіретін еді. Қазір УПГ-2 қондырғысы 4800-ден артық газ өндіре алмайды.
Осыған байланысты қазан айында облысқа бөлінген газ көлемі 6,2 мың тонна шамасында болды.
Облысқа 7,5 мың тоннадан аз көлемде газ бөлінген жағдайда операторлар газды сатуға шектеу қоюға мәжбүр болады (талондар және бекеттен бір көлікке газды сату лимиті).
Осы мәселеге байланысты әкімдікпен арнайы жұмыс тобы құрылып, тәулік бойы әр ауданда және елді мекендерде бақылау жүргізілуде. Облыстағы газ тапшылығын реттеу үшін Энергетика министрлігімен жұмыс жасап «СНПС Ақтөбемұнайгаз» компаниясынан қосымша 504 тонна көлемде газ бөлінді. Бұған қоса өзімізде өндірілетін «Саутс Ойл» компаниясынан 104 тонна сұйытылған газ бөлініп, осы айдың аяғына дейін қосымша 140 тонна газ алуға келісімге келдік.
Сондай-ақ, «Петро Қазақстан Ойл Продактс» компаниясынан 1364 тонна газ толық көлемде жеткізілді.
Облыстағы газ тапшылығына байланысты әкімдікпен жұмыс тобы құрылды. Бұл топпен, газды тиеп-жөнелту пунктінен бастап, автожанармай құю станцияларын толтыруға және одан әрі түпкілікті тұтынушыға сатуға дейінгі процесске бақылау жүргізуде.
Облыс шекараларында блок-посттар орнатылды. Газ толтыру станцияларында кезекшіліктер орнатылды.
Айта кету керек газбен жүретін автокөлік жанар-жағармаймен де жүреді. Облыста жанар-жағармайдың жетіспеушілігіне байланысты мәселе жоқ. Қазіргі таңда «Петро Қазақстан Ойл Продактс» компаниясынан Шымкенттен 2 мың тонна АИ-92 маркалы бензин алдыруға келісім бар.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде сұйытылған газ нарығындағы жағдай қалыпты және әкімдіктің қатаң бақылауында. Қазан айының соңына дейін шамалы шектеулер орын алуы мүмкін, қараша айында жағдай тұрақталатын болады. Себебі қараша айына облысқа 7,5 мың тоннаға жуық газ көлемі бөлінген. Оның ішінде «Қазгермұнайдан» – 4 740 тонна, ал қалған 2 718 тоннасы Атырау мұнай өңдеу зауытынан бөлініп отыр, – деді Серік Салауатұлы.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<