Прокуратура өзінің қадағалау әлеуетін әуелі Конституцияның басты құндылықтары – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандығын қорғауға бағыттайды. Оның жұмысындағы ең басты қағидат – заң мен тәртіпті бұлжытпай сақтау. Облыстық прокуратура өткен жылы осы бағытта атқарған жұмысы мен жетістіктерін жариялады.
Аталған ведомство мәлім еткендей, бүгінде аймақтағы қоғамдық саяси ахуал тұрақты. Жалпы қылмыс саны 2,5%-ға төмендеді. Мобильді топтар есепке алынған қылмысқа бейім, бұрын сотталған 1500-ден астам адамның мекенжайы мен жұмыс орнын тексерді. Осындай нақты шаралар нәтижесінде жекелеген қылмыс түрлері төмендеді.
– Атап айтсақ, аса ауыр қылмыстар 2, ауырлығы орташа дәрежедегі қылмыстар 4,8, онша ауыр емес қылмыстар 3,5, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру деректері 4, тонау 48,6, қорқытып алу 18,8, ұрлық 50, қоғамдық орындарда тіркелетін қылмыстар 10,8, оның ішінде көшеде жасалған қылмыстар 7,7 пайызға төмендеді. Алаяқтық бойынша 289 жәбірленушінің 298 млн теңгеден астам несие төлемін ҚПК-нің 200-бабы талабына сәйкес іс бойынша процестік шешім қабылданғанша тоқтату туралы 340 ұсыну енгізілді. 406 дроппер анықталып, 380-іне қатысты сотқа дейінгі шағым түсті. Антифрод орталығына күмәнді есепшот транзакцияларын бұғаттау үшін 1422 инцидент беріліп, нәтижесінде 1279 есепшот бұғатталды. 2,4 млрд теңге залалдың 1,5 млрд теңгесі тергеу барысында қайтарылып, 63%-ы өндірілді, – деді облыс прокуроры Ризабек Ожаров.
Прокурорлар былтыр қылмыстық қудалау органдарының 152 шешімін бекітуден және онымен келісуден бас тартты. Бұған шешімдердің азаматтардың конституциялық құқығына тікелей әсер етуі түрткі болған. 55 адам прокурор қаулысымен уақытша ұстау абақтысынан босатылды. Қылмыстық қудалау органдарына тергеу әрекеттерінің толықтығын қамтамасыз ету мақсатында 1524 нұсқау, 110 ұсыныс берілді, 404 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ал 91 адамның іс-әрекетін саралау туралы қаулыларға келісім берілген жоқ, 36 қылмыстық іс ақтау негізінде тоқтады. Азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандығының тиімді қорғалуын қамтамасыз ету бағытында кезекші прокурордың сенім телефоны жұмыс істеп тұр. Ол арқылы тәулік бойы қоңырау қабылданады. Рақымшылық заңына сәйкес 138 қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру сотқа жетпей тоқтады.
– Біздің бастамамызбен жасанды интеллект мүмкіндігін қылмыстық процесте кеңінен пайдалану бағытында IT TERGEU, «Smart білезік», «Киберволонтер» және «Қылмыссыз өңір» атты іс-шаралар жүргізілуде. Алтын сағат принципі негізінде «Киберпол» жұмысы жанданды. Бұл өз кезегінде интернет алаяқтардың арбауына түскен жәбірленушілердің арызын қабылдап, тергеу әрекеттерін қысқа уақытта жүргізуге мүмкіндік береді. Былтыр көп эпизодты алаяқтықпен айналысқан 3 адамға қатысты тергеу аяқталып, іс сотқа жолданды, – деді Ризабек Ожаров.
Қылмыстық атқару жүйесіне қарасты түзеу мекемелерінде 1466 сотталған адамның мыңнан астамы еңбекке жарамды. Қауіпсіздігі барынша төмен мекеме мен тергеу изоляторында жазасын өтеушілер толық жұмыспен қамтылған. Ал қауіпсіздігі аралас мекемедегі көрсеткіш – 52 пайыз. Өңірде сотталғандардың орта есеппен 75%-ы еңбек етіп жүр. №60 мекемеде қосымша 6 жеке кәсіпкер жаңа жұмыс орындарын ашты. Жергілікті бюджет қаржысы есебінен қосымша модульді жаңа ғимарат салынып жатыр. Сондай-ақ күндізгі стационар ашылып, мамандар қызмет көрсетіп келеді. Телемедицина іске қосылып, сотталғандар жаппай скринингтен өтті.
Есепті кезеңде облыста 3 мыңнан астам кәсіпкердің, кәмелетке толмаған 73 мыңнан астам адамның, 17 мың жұмысшының құқығы қорғалды. Кәсіпкерлік мақсаттағы 350-ге жуық жер учаскесінің игерілмегені анықталып, уәкілетті органдарға тиісті шара қабылдау тапсырылды. Құны 16,7 млрд теңге 9 мемлекеттік сатып алу конкурсының күші жойылды. Негізсіз шығындардың алдын алу бағытында 22,6 млрд теңге бюджет қаржысы үнемделді.
– Өткен жылы 400-ден астам облыс тұрғыны жеке қабылдауыма келді. Біздің құзыретімізге кіретін мәселелер бойынша әр сейсенбі күні сағат 10-нан бастап халықты қабылдауға әзірмін. Мемлекет басшысының тапсырмаларын бұлжытпай орындау, азаматтардың сенімін арттыру және қадағалауды күшейту бағытындағы жұмыс жалғасады, – деді облыс прокуроры.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»






