Қала қан тамыры бүлкілдеп соғып тұратын тірі ағза тәрізді. Айналадағы жаңашылдықтар, қолға алынған бастамалар, түйінді мәселелер тұрғындардың өмір салтына әсерін тигізбей қоймайды. Мұнда түрлі идеялар мен тағдырлар тоғысады, білім мен тәжірибе алмасулар жүреді, жаңа жобалар өмірге келеді.
Кейінгі жылдары Сыр өңірінің бас қаласының тыныс-тіршілігінде ауқымды өзгерістер бар. Оның барлығы халықтың көз алдында өтуде. Өзгерістер туралы жергілікті тұрғындардың да, келген қонақтардың да пікірлері ашық дереккөзде жарияланып жатыр. Осы игілікті істердің бәрі де жұртшылықтың жайлы өмір сүруіне бағытталған. Әлеуметтік нысандар, көпқабатты тұрғын үйлер салу, демалыс орындары, көшелердің жаңғыртылуы, тазалық пен абаттандыру сияқты жұмыстар қаланың бейнесін қалыптастырды.
Биыл облыс бюджеті 790,4 млрд теңгеге жетіп, екі жылда 2,5 есеге өссе, қала бюджеті 2 есеге артқан. Оның ішінде кірістер 110,6 пайызға артығымен орындалған. Мұның бәрі де – салық базасын ұлғайтып, кірістерді арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстың жемісі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов айтты.
Қаржы көлемін ұлғайтуда кәсіпкерлік және басқа да жылжымайтын мүлік нысандары қайта бағаланды. Олардың құнын 10 есеге дейін арттырып, жер және мүліктердің нысаналық мақсаты кәсіпкерлікке ауыстырылуда.
Брифингте қала әкімі барлық салада өсім қалыптасқанын жеткізді.
– Биыл қаланың капиталына салынған инвестиция 147,5 млрд теңге, құрылыс көлемі 158,2, өңдеу өнеркәсібі 103,7, тұрғын үй 104,9, ауыл шаруашылығы 104,3 және сауда 104,4 пайызға өсті.
Кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту бағытында жүйелі жұмыстар бар. Мемлекеттік бағдарламалар мен қаржылық қолдаулар арқылы кәсібін кеңейткендер көбейді. Нақты айтар болсақ, 124 жоба субсидияланса, «Өңірлік инвестициялық орталық» арқылы өнеркәсіп саласының 7 жобасы қаржыландырылды.
Кәсіпкерлер саны 35 мыңнан асса, 63 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Шағын және орта бизнес саласында 176,6 млрд теңгеге өнім өндірілді. Алдағы бесжылдықта 28 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Сондай-ақ 4,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады, – деді қала әкімі.
Биыл сол жағалауда екі шағын өнеркәсіптік аймақ іске қосылуда. «Тұмар» ЖК мен «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС азық-түлік, кондитерлік, сүт өнімдері өндірісін қолға алды. Сондай-ақ «Қызылорда-нан» ЖШС кондитерлік және макарон өнімдерін өндіретін кешенді іске қоспақ. Ал «RemPlastInvest» ЖШС жылына 5,4 мың тонна қағаз өнімін шығаратын зауыттың құрылысын жүргізуде.
Маңызды шараның бірі – Қызылорда қаласында алғаш рет Ұлттық урбан форумы халықаралық деңгейде өтті. Ауқымды шараның Қызылордада өткізілуі – қаланың урбанизация саласындағы әлеуетін, даму бағытын халықаралық деңгейде таныту мүмкіндігі. Форум аясында экологиялық тепе-теңдік, қалаларды ақылды басқару, инклюзивті әрі климатқа төзімді инфрақұрылым қалыптастыру, тұрғындардың өмір сапасын арттыру мәселелері талқыланды.
Осы орайда облыс әкімі, Экология және табиғи ресурстар министрі, Парламент Мәжілісі депутаттарының қатысуымен Оңтүстік Корея технологиясына негізделген қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және өңдеу зауытының құрылысы басталды. «Қызылорда Саз-М» кірпіш зауыты іске қосылып, алғашқы өнімін шығарды. Зауыт жылына 90 млн кірпіш өндіреді, 70 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Ірі жобалар қатарында «SevenRiversBottlers» ЖШС-ның шыны ыдыс шығаратын және испаниялық «RocaGroup» компаниясымен бірлескен санитарлық-техникалық жабдықтар шығаратын зауыт бар. Бұл бастамалар – экологияны жақсарту, өндірістік қалдықтарды тиімді басқару және жасыл экономиканы қалыптастыру жолындағы нақты әрі нәтижелі қадам.
Мамыр айында Үкімет қаулысымен «Қорқыт ата» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Бұл аймаққа тартылатын инвестиция көлемі 156 млрд теңге, оның ішінде шетелдік капитал 88 млрд теңге болады, өндірілетін тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің көлемі 527,1 млрд теңгеге жетеді деп күтілуде.
Экономикалық аймақ аумағында арнайы құқықтық режим әрекет етеді, бұл салықтық және кедендік жеңілдіктерді қамтиды. Қалада бұған дейін де 1996 жылы арнайы экономикалық аймақ болған. Араға 30 жылдай уақыт салып қайта жанданды.
Биыл 8695 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. «Қызылорда Құрылыс НК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 800 бас малға арналған тауарлы-сүт фермасы, «СК Сапа KZ» ЖШС 1500 тонналық көкөніс сақтау қоймасы, «Агро балық МА» мен «Бал Али» қожалықтары балық шаруашылығын дамыту және балық өсіру жобаларын іске асыруда.
Биыл 4652 жаңа жұмыс орны құрылса, 233 адамға мемлекеттік грант берілді. Жыл басынан бері 7 рет «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өткізіліп, 1589 бос жұмыс орны ұсынылды.
Пәтер кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарына 120 баспана табысталса, бюджеттен тұрғын үй құрылысы мен жеке салушылардан дайын пәтер сатып алу жалғасады. Биыл Сырдария өзенінің сол жағалауында бес қабатты 10 тұрғын үйдің құрылысына облыстық және қалалық бюджеттен 2 млрд 886,4 млн теңге бөлінді. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй сатып алуға 37,1 млрд теңге кредит қарастырылды.
Қазір қалада 75 тұрғын үй апатты деп танылған. Аталған санат бойынша кезекте 617 отбасы тұр. Жыл басынан тұрғын үйлері апатты деп танылған отбасыларға 135 пәтер табысталды. Осылайша апатты үйлер мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде.
Биыл «Сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамыту» бағдарламасы аясында 15 жоба жүзеге асырылуда. «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде қалаға қарасты 6 елді мекеннің халық жаңа қоныстанған аумақтарына электр желісі тартылып, тозығы жеткендері қайта жаңғыртылуда.
«Сабалақ» саяжайы, қалада газ желісі жүргізілмей қалып қойған шағын аудандар газдандырылуда. «Қызылөзек» және «Қызылжарма» ауылдық округтерінің елді мекендеріне газ құбырын тартудың жоба-сметалық құжаттамаларын сараптама қорытындысымен әзірлеуге 43,1 млн теңге қаралды.

Жол-көлік инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді. Биыл көлік инфрақұрылымын дамытуға 23,2 млрд теңге бөлініп, 64 жоба жүзеге асуда. Облыс орталығының негізгі көшесінің бірі «Тәуелсіздікке 25 жыл» даңғылын жаңғырту екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңі толық аяқталды. Екінші кезеңі бойынша Әбілқайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейін Сырдария өзенінің қорғаныш бөгетін бекітумен қатар құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жаңа жол түскенде көлік ағыны реттеледі.

Шет аймақтардағы көшелер де қалыс қалып жатқан жоқ. Жыл сайын қалаішілік және шет аумақтардағы көшелер ретімен жөнделуде. Биыл шет аймақтағы 17 көшеге кезек келді. «Аспалы көпір» аталып кеткен Шиелі бағытындағы автомобиль көпірі қайта жаңғыртылып жатыр. Қала мен Тасбөгет кентін байланыстыратын «Қызылжарма» каналының үстінен өтетін автожол көпірі пайдалануға берілді. «Қызылөзек» ауылдық округіндегі «Қожақ каналы» арқылы өтетін көпір де жақын күндері ел игілігіне айналады. Сондай-ақ Жанқожа батыр көшесі бойымен өтетін теміржоласты өткелінің құрылысы да қарқынды. Биыл қала аумағында 24,8 шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынып, 42 көше жарықтандырылады. Тұрғындардың сұранысына сәйкес 30 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры жөнделіп жатса, 20 үйдің қасбеттері жаңалануда. Бұдан бөлек, 18 көпқабатты тұрғын үйдің ауласын абаттандыруға және ойын алаңдарын салуға қалалық бюджеттен қаржы бөлінді. Оның ішінде, 19 шағын футбол, 25 жаттығу, 21 балалар ойын алаңы, 15 аулаішілік шаруашылық алаңы мен 13 демалыс орны қарастырылған.

Қалада қоғамдық көлік мәселесі толық шешімін тапқан. Жаңадан алынған заманауи үлгідегі 300 автобус 32 бағыт бойынша тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде. Облыс әкімінің қолдауымен 100 экотакси алынды.
Қаланы жасыл желекке бөлеу, көгалдандыру бағытында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жаңа механизм енгізілді. Ол бойынша қала аумағын көгалдандыру және абаттандырумен «КазСтрой Капитал Қызылорда» мекемесі айналысуда. Мекеме құрамында 250 қызметкер жұмыс істейді, техника жеткілікті. Қала аумағына 46 мыңға жуық тал көшеті мен 800 мың дана біржылдық гүл, 13500 көпжылдық гүл көшеті отырғызылып, 10 мың шаршы метрден астам алаңға көгал төселді. Оған «Hunter» технологиясына негізделген автоматты суару жүйесі қолданылады. Қазір 992 гектар жерге жасыл белдеу құру жобасы басталды. 2030 жылға дейін 2,5 млн ағаш отырғызып, тұқымбақтар мен зертхана салу жоспарлануда.
Сырдарияның сол жағалауында «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен денешынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатса, облыстық тарихи-өлкетану музейі жұмысын бастады. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 900 орындық мектеп және «Ақмаржан» шағын ауданынан 300 орындық екі мектеп пайдалануға берілді. Заманауи үлгіде салынған үш мектептің құрылысы тамыз айында аяқталмақ. Жарқын жобалар қатарында физика-математика бағытындағы лицей-интернаты да бар.
Сондай-ақ «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен салынған музыкалық колледж, балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында бой көтерген «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы пайдалануға берілді.

Қарқынды құрылыс әлі де жалғасуда. Облыс әкімінің бастамасымен халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 11 мың орындық орталық стадион аяқталуға жақындаса, «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешенінің құрылысы сапалы жүргізілуде. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «ҚазАтомпром» Ұлттық атом компаниясы» АҚ-ның қолдауымен «Достық үйінің» жаңа ғимараты да бой көтеруде. Бейбарыс сұлтан көшесі мен Назарбаев даңғылы қиылысында «Көрме залы» орталығының құрылысы қарқын алды.
Аймақ басшысының шешімімен өңірдегі денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне арнап 100 пәтерлік тұрғын үй, бір ауысымда 100 келушіге арналған емхана, онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухана салынуда. Жеке инвестицияға салынған жылына 3,5 мың адам қабылдайтын «ОрхунМедикал» медицина орталығы жақын күндері пайдалануға берілмек.
Мемлекет басшысының, Үкіметтің тікелей қолдауымен салынып жатқан қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығының құрылысын «АксаЭнерджи» түрік компаниясы 80 пайыз еңсерді. Нысан қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Жаңа станция облыс орталығын жылумен, аймақты электр энергиясымен толық қамтамасыз етеді.
Қызылорда қаласын ыстық сумен қамтамасыз ету жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Алдағы жылу беру маусымында пәтерлер толық ыстық сумен қамтамасыз етіледі.
«Таза Қазақстан» ұлттық экологиялық жобасы аясында өңірде санитарлық тазалықты сақтау, абаттандыру және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытында жүйелі шаралар қолға алынды. Биыл 3 демалыс орны қайта жаңғыртылуда. Қалалық мәдени-демалыс паркі жаңа кейіпке енді. Президент, Қорқыт ата кітабының 1300 жылдығы ескерткіші маңындағы саябақтар қайта жаңғыртылуда.
– Биыл Қызылорда қаласының еліміздің астанасы болғанына және «Қазақ» атауының қайтарылғанына 100 жыл толып отыр. Бұл – тұтас ұлт, мемлекет тарихындағы маңызды белес. Осы орайда мерейтойды атап өтудің тұжырымдамасы мен облыстық іс-шаралар жоспары әзірленді. Жақында «Тарихтың таңбасы, рухтың ордасы – Қызылордам» атты облыстық өнер байқауы өтті. Бұл байқаудың бас жүлдесін Сырдария ауданы жеңіп алды. Енді «Қызылорданың астаналық кезеңі» тақырыбында дөңгелек үстел, «Көктем нұры» оқушылар айтысы, архив қоры құжаттарынан «Ғасырлық тарихтың куәсі – қазыналы мекен», «Үш дәуірдің астанасы – Қызылорда» атты жылжымалы көрме, спорттық шаралар, «Алаштың астанасы – Қызылорда» атты брейн-ринг секілді мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылады. Сондай-ақ «Қызылорда – Алаштың жүрегінде» атты тарихи-танымдық кітап шығарылуда. Кітап төрт бөлімнен тұрады. Онда тарихи оқиғалар және Қызылорда қаласының 100 жылдық жылнамасы, шежірелі фотосуреттер, бейнесюжеттер қамтылған, – деді қала әкімі.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»






