Жыл сайын күз-қыс айларында елімізде түрлі жұқпалы инфекциялар өршитіні белгілі. Әсіресе, балалар арасында қызылша ауруы белең алады.
Қызылша – қызба, интоксикация, дақты-папулалы бөртпе, энантема, конъюнктива және жоғарғы тыныс жолдарының зақымдалуымен сипатталатын жедел вирустық инфекциялық ауру. Ол адамнан адамға ауа тамшыларымен жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде жұғады. Қызылшамен ауыратын адаммен қысқа уақыт қарым-қатынаста болса да, екпе алмаған адамдардың жұқтыру қаупі өте жоғары.
Жыл басынан бері қызылша ауруының зертханалық жолмен расталмаған, эпидемиологиялық байланысы бар 17 клиникалық жағдай есепке алынды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау мәселелері жөніндегі орынбасары Мая Мирзанова, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова және облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Шарипа Әлиева айтты.
Жалпы өңірде қызылша ауруының эпидемиологиялық ахуалы тұрақты деп бағалануда. Былтыр 339 жағдай тіркеліп, аурушаңдық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 39-ды құраған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 4 есе төмен. Ауырғандардың 94-95 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар үлесінде, оның ішінде 82 пайызы – бір жасқа дейінгі нәрестелер, 71 пайызы қызылшаға қарсы екпе алмағандар болса, оның ішінде 46 пайызы – екпеден түбегейлі бас тартқандар. Оған өзіндік себептерді атаған, яғни діни көзқарасына, әлеуметтік желілердегі түрлі жалған ақпараттарға байланысты бас тартқандар. Науқастанғандар арасында қала тұрғындарының үлесі басым.
– Қызылша инфекциясының алдын алудың бірден-бір жолы – екпе. Екпе тегін салынады. Ауа тамшысы арқылы жұғатын болғандықтан, одан ешкім сақтандырылмаған. Тек екпе ғана тоқтатады. Сондықтан 1 желтоқсаннан бастап облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының екінші бөлімшесін ашып, сол жерде тек қызылшамен ауырған науқастарды емдеуге мүмкіндік жасалды. Онда балалар да, ересектер де емделеді, – деді Мая Миранбайқызы.
Қызылша ауруының облыс аумағында одан әрі таралуының алдын алу үшін санитариялық-эпидемиологиялық және профилактикалық іс-шаралар кешені жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, еліміздің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес, 6 айдан 10 ай 29 күнге дейінгі балаларға ата-аналардың ақпараттандырылған келісімімен қосымша иммундау жүргізілуде.
– Елімізде тұрғындарды вакцинациялау Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес 21 инфекциялық ауруға қарсы тегін жүргізіледі. Былтыр облыс көлемінде 16 жасқа дейінгі балалар мен жасөсіпрімдердің жұқпалы ауруларға қарсы профилактикалық екпелермен қамту көрсеткіші 96,8 пайыз, яғни көрсеткіш оңтайлы деңгейде қамтылған. Дегенмен иммундаудан бас тартушылар қатары да сиреп жатқан жоқ. Облыс бойынша жұқпалы ауруларға қарсы жоспарлы егулерден бас тартқандар саны 2024 жылмен салыстырғанда 18,7% жоғарылады. Оның ішінде қызылшаға қарсы вакцина алмағандардың 35,5 пайызы егу жасына жетпей (1 жасқа дейінгі балалар) екпемен қамтылмаған. Ал 46,5 пайызының ата-аналары екпеге қарсы, 17 пайызы – медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты егілмеген. Екпеден бас тарту ұжымдық иммунитеттің әлсіреуіне әкелетінін ескере отырып, вакцинацияның тиімділігі және бас тартқан жағдайдағы кері әсері туралы халық арасында түсіндірме жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Әр емханада екпеден бас тартқан ата-аналармен жеке жұмыс жүргізетін консультативті топтар тұрақты жұмыс жасайды. Нәтижесі де жоқ емес, 19 ата-ана өз көзқарасын өзгертіп, балаларына екпе салдырды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша иммундау жыл сайын 3 миллионға дейін өлім жағдайының алдын алуға мүмкіндік береді. Алайда кей тұрғындар тарапынан вакцинациялау мәселесіне салғырт қараудың салдары қызылша ауруының таралу қаупін арттырып отыр. Оған дәлел былтыр тіркелген 339 деректің 71,1 пайызы екпе алмағандар арасынан анықталды. Аурушаңдықтың салыстырмалы түрде өсу тенденциясы өткен жылдың маусым айынан басталды. Ауруға шалдыққандардың басым көпшілігі – 1-4 жас аралығындағы балалар, олардың үлесі 56 пайыз құрады. Өткен жылғы аурушаңдық деңгейі 2024 жылмен салыстырғанда 4,6 есе төмен. Бірақ бұл қауіп жоқ дегенді білдірмейді. Сондықтан сақтық шараларын әлсіретпеу маңызды, – дейді Әлия Мүтәліпқызы.
– Қазіргі кезде ауа райының бірде жылы, бірде суық болып құбылуына байланысты жұқпалы инфекциялық аурулар белең алуда. Бүгінде екінші бөлімшемізде 250 науқас стационарлық ем алуда, соның 80-і қызылшамен жатыр. Ауру белең алған алғашқы кезде балабақша, мектеп секілді ұжымдық қарым-қатынас болса, қазір отбасылық, яғни тұрмыстық қарым-қатынас бойынша жұқтыру жүріп жатыр, яғни, бір үйден бір бала ауырса одан екіншісіне, үшіншісіне жұғуда, – дейді Шарипа Жақсылыққызы.
Мамандар айтқандай, аурудан ең тиімді қорғану жолы – уақытылы екпе алу. Ол Ұлттық екпелер күнтізбесіне енгізілген, екпе тегін жүргізіледі.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»





