Статистика саласының саңлағы

13

0

«Адам өмірге бір-ақ рет келеді. Аққан селдей, соққан желдей тасқындаған өмір өтеді де кетеді, артына бұрылмайды. Адам есі болмай туады, есеңгіреп өмір сүреді, есі кіргенде ана дүниеге аттанады. Бар болғаны осы» – деп, бір ғұлама айтқандай, өмірге келген пенделердің көпшілігі неге келгенін де білмей өтеді екен.

Тек жарық дүниеге жалындап келген, көкірегінде алысқа самғасам, биікке шарықтасам, тереңге сүңгісем, бәйгеде озсам деген асқақ арманы мен үміті буырқанған бірен-сараны ғана маңдай терімен, қажырлы еңбегімен Жаратқан иесі берген талантын ұштап, мақсатына жетіп, артына із қалдырады. Бақыт Иниятұлы Сапар ағамыз да дәл сондай жан болатын.

Бақыт Иниятұлы 1950 жылы 7 маусымда Арал ауданы «Қамбаш» станциясында дү­ниеге келген. «Баланың алғашқы тәр­бие­шілері – ата-аналары. Өмір сыйлау – барлық тірі болмыс иелеріне жалпы берілген парыз болғанымен, қоғамға пайдалы, адамзатқа лайық адамдарды сыйлау үлкен міндет. Осы міндетті Иният ақсақал мен Күнжамал анасы ұрпақтарын жастайынан оқуға, өнер-білімді игеруге және еңбек етуге тәрбиелеу арқылы орындауға ұмтылғандай.

Ол орта мектепті бітіргеннен кейін Совет Армиясы қатарындағы азаматтық боры­шын орындап, еңбекке араласты. Әр жыл­дары ҚазССР Тұтынушылар одағының нұс­қау­шы-ревизорлар мектебінде «Ревизор», Қа­рағанды кооперативтік институтында «Бухгалтерлік есеп», Бағалау институтында «Бағалау» және «Болашақ» университетінде «Заңтану» мамандықтары бойынша оқып, жоғары білім алды.

Еңбек жолын 1966 жылы Қазалы тұ­тынушылар қоғамының үйренуші-счето­во­ды болып бастап, өзінің алғырлығы мен кез келген іске жауапкершілікпен қарауы ар­қасында бас есепшінің орынбасары қыз­метіне дейін көтерілді. Онан кейінгі жыл­дары бухгалтерлік есеп бойынша ҚР Ұлттық комиссиясы аумақтық басқармасының бас­тығы, Қаржы министрлігінің об­лыс­тық бухгалтерлік есеп және аудит бас­қар­масының басшысы, «Клиринг» ауди­тор­­лық компаниясының бас директоры қыз­мет­те­рін абыроймен атқарды.

Кез келген ел үшін статистика дерек­те­рінің стратегиялық маңызы зор. Өйткені, статистика нақты деректер тілі және осы мәліметтерге байланысты экономиканы да­мыту, әлеуметтік саясат, ресурстарды бас­қару және т.б. маңызды бағыттарға сәйкес елдің даму жоспары айқындалады. Мем­лекет үшін маңызды облыстық статис­ти­ка саласын Бақыт Иниятұлы 2002 жыл­дан бастап 2015 жылы құрметті еңбек дема­лы­сына шыққанға дейін басқарды. 2015 жыл­дан 2019 жылға дейін Статистика агент­тігінің облыстық филиал директоры болып қызмет атқарды.

Бақыт ағамыз статистика органдарында жұмыс істеген кезеңінде өзін сауатты, бі­лікті, жауапкершілігі мол басшы, мықты ұйымдастырушы ретінде көрсетіп, пара­сат-пайымымен ұжымды біріктіре білді. Мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне, күш-қуа­­тының артуына, экономикалық, өндіріс­тік, әлеуметтік, демографиялық, халықтың тұрмыс-тіршілік жағдайын шынайы мәлі­меттермен қамтамасыз ету ісіне зор үлес қосты. Тындырымды тірлігімен көпшілік ал­ғысына бөленген, қоғаммен тығыз қа­рым-қатынас орнатып, қиын кезеңде елдің мәселесіне ерекше мән берген басшы бол­ды.

Табиғатта заттардың негізгі төрт агрегат күйі болатыны белгілі. Қатты күй, сұйық күй, газ күйі және плазма. Молекулалардың орналасу және олардың байланыс энергия­ларына сәйкес әрқайсысының өзіне тән фи­зика-химиялық қасиеттері болады. Со­ның ішінде, сұйық күйдегі заттар өзінің фор­масын оңай өзгерте алады, қандай формалы ыдысқа құйсаң сондай формаға оңай келе салады. Қазіргі қазақ қоғамында осы сұ­йық тектес жандар тым көбейіп барады. Та­банының бүрі жоқ, өз позициясын қор­ғай алмай, тек бас шұлғып тірлік ете­тіндер көбеюде. Ал Бақыт ағамыз әркез шын­дықты, өз пікірін күлтектемей тура айта­тын. Қандай деңгейдегі басшы болса да өзінің ойын қаймықпай айтып, дәлелдеп шыққан сәттерін жақсы білеміз. Өйткені статистикалық мәліметтер барынша нақты, шынайы болу керек деген ұстанымда бо­латын.

Жасында жетім қалып, білім бұлағынан сусындай алмаған Мұхаммед (с.ғ.с.) пай­ғамбар бір хадисінде «Бір сағат ілім үйрену – бір сағат құлшылық етуден жақсы, бір күн бойы дәріс алу үш ай ораза тұтқаннан кем емес» деп білімнің құлшылықтан кем емес екенін салмақтап кетіпті.

Жер басқан пенденің тыныш өтуі мүм­кін емес, өйткені өмір – мақсатқа ұмтылу. Мақ­сат ешқашан жеткізбейді, оны ғұмыр бойы қуып отырасың дегендей, Бақыт ағамыз да өмір бойы оқу, үздіксіз білімін жетілдіріп оты­ру жолын таңдаған жан. Жақсы кітап­тар­ды таңдап жүріп оқып, оқығанда да оның ішіндегі терең ойларды, қанатты сөз­дерді теріп жазып алатын. Қазақ халқы та­ри­хында өшпес із қалдырған атақты би-шешендердің нақыл сөздерін жинайтын, керекті жерінде орынды пайдаланатын.

Әбіш Кекілбаевтың мына сөздерін жиі айтатын. «Бәрін жиып қойып елдікті ой­ла­йық. Өйткені бәріміздің де көкейімізді те­сіп жүрген әділет пен теңдік болса, тек елдік бар жерде болады. Елдік болуы үшін жүйесін тапқан жүйелі сөзге тоқтай білер жоралы жұрт керек. Жұрт тоқтата алатын өнегелі сөз керек. Көш бағытын түзейтін көсем пікір керек» деп отыратын.

Бақыт ағамызбен 30 жылға жуық ағалы-інілі қарым-қатынаста болдым. Алқалы жиындардағы өзекті мәселелер қозғалған ойлы баяндамаларын тыңдағанбыз. Респуб­ликадан келген статистика са­ла­сының бас­шыларымен араластым. Бар­­лығы да аға­мызды адамгершілігі, шы­на­­йылығы, терең білімі мен өзіндік ұста­ны­мы үшін сыйлайтын, құрметтейтін. Сол кездегі респуб­ликадағы статистика саласы­­ның басшысы, кейін Премьер-ми­нистр бол­ған Әлихан Смайылов және оның орын­­­ба­­сарларымен жақсы байла­ныс­та болды. Тәуелсіздік мерекелері қар­са­ңын­да про­фессор Баймырза Қожам­бер­лиев екеу­­міз статистика мамандарына Тә­уел­­сіздік алар кездегі және қазіргі уақыттағы елдегі жағ­дай жөнінде көп­теген сандық мә­лімет келтіріп, салыс­тыра дәріс оқи­тын­быз, басқа да семинар, конферен­ция­ларына жиі қатысатынбыз. Өз кезегінде ағамыз «Бо­лашақ» университетінде мем­ле­кеттік аттес­таттау комиссиясының мү­шесі ретінде түлектердің білімін баға­лап, эко­номика, қаржы мамандығы студент­теріне дәріс оқитын.

Қоғамда туындап отыратын өзекті та­қырыптарға байланысты азаматтық үнін әлеуметтік желіде, газет беттерінде білді­ріп отыратын сергек жан еді. Семей по­ли­гонында зардап шеккендердің қозғалы­сына да белсене араласатын.

Бәкең есеп-қисап жұмыстары ғана емес, барлық жағынан да талантты жан болатын. Ол мықты математик, шахматист болуымен қатар, бильярд және үстел тен­нисі ойындарының нағыз шебері бо­латын. «Мен» деп келген өзінен әлдеқайда кіші жігіттерге талай мәрте мастер-класс көр­сеткенінің куәсіміз.

Елу жылдан астам еңбегінің нәтижесінде Президент Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл», «ҚР Конституциясына 20 жыл» мерейтойлық медальдарымен, Статистика агенттігінің «Статистика үздігі» төсбелгісімен ма­ра­патталған, «Нұр Отан» ХДП және облыс әкімінің Құрмет грамоталарын бірнеше рет иеленіп, Экономика министрлігінің «Еңбек ардагері» медалінің иегері атанған.

Осындай қыруар істің басы-қасында жүрген ардақты ағамыз Бақыт Иниятұлы Сапар 2025 жылдың 18 желтоқсанында 75 жасқа қараған шағында дүниеден озды.

«Өмір барда өлім бар, өзгеру бар. Өлмес өмір жоқ, сынбас темір жоқ. Бәрі де өледі, өзгереді, ұмыт болады. Тек мәңгі өлмейтін нәрсе – адамның өмірінде істеген игілікті ісінің нәтижесі» деп түркі жұртының ғұ­ламасы Қорқыт бабамыз айтқандай, Бақыт ағамыз көзден кетсе де, көңілден кетпек емес.

Биік таулардан қуалап, кеңістікке бет түзейтін жойқын дария сияқты толассыз уақыт ағынында еш тоқтам жоқ.

Ағамыздың талбесіктен жербесікке ауысқанына да 40 күннің жүзі болып қа­лыпты. Топырағыңнан торқа шапан жамы­лып, мына дүбірлі дүниенің тылсым үнін тыңдап жатқандайсың, аға! Өзіңді ардақ тұтар жандар барда, өзіңнен тәрбие алған інілерің, ұрпағың барда Көбей шешеннің:

Дүниеде жақсылықпен шыққан атың,

Ол атты қандай адам ұмытатын.

Тұлпардай тулап өтер талай заман,

Жақсы ел еш ұмытпас, азаматын, – деп жазғанындай, елдің мәңгі жүрегіндесің, Бақыт аға!

Бауыржан ЕЛЕУСІНОВ,

физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор