Түркі мәдениетін тоғыстырған «Қорқыт және Ұлы дала сазы»

171

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Тұран мәдениетінің бастауында тұрған түркі әлемінің ортақ тұлғасы Қорқыт баба мұрасын насихаттау мақсатында түркітілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі биыл VII мәрте өткізілгелі отыр. Айта кетейік, фестиваль облыс әкімдігінің қолдауымен, халықаралық «Түркі мәдениеті және мұрасы» қорымен бірлесіп ұйымдастырылуда. Сыр өңіріндегі дәстүрлі мәдени-танымдық іс-шараға Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Алтай, Тывадан және 200-ге жуық отандық өнерпаздар, ғалымдар, өнер зерттеушілері қатысады деп күтілуде.

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс­тық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы бас­шысының орынбасары Қуаныш Жанұзақов, «Түркі мәдениеті және мұрасы» халықаралық қорының Қазақстан Республикасы тарапынан ресми өкілі Серік Нұрмолдаев, Түркия елінің этномузыкатанушысы, фольклортанушы ғалым Фикрет Қаракия, Алтай Республикасының Халық артисі, «Алтай Кай» фольклорлық ансамблінің негізін қалаушы Владимир Ынтаев БАҚ өкілдерімен кездесті.

Ең алдымен басқарма басшысының орынбасары фестиваль аясында ұйымдастырылып отырған мәдени-көпшілік іс-шаралардың барысымен таныстырды.

– Өздеріңізге белгілі, фестиваль ең алғаш 2006 жылы бастау алған болатын. Биыл VII мәрте өткізілгелі отыр. Оның аясында туысқан халықтар арасында дәстүрлі өнерді дәріптеу, сол арқылы мәдени байланысты нығайтуға назар аударылады.

Фестиваль бағдарламасы Н.Беке­жан­ов атындағы театрда қазақ өне­рін әлем сахналарында паш етіп жүрген «TURAN» этно-фольклорлық ансамблінің концертімен бастау алмақ.

Ал 9 қазан күні фестиваль қонақтары, ғалымдар мен өнерпаздар  Қорқыт бабаның кесенесіне арнайы ат басын бұрып, түркі руханиятын қайта жаңғыртып, баба рухына тағзым етеді. Одан әрі қарай  Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалды кешенінің амфитеатрында фестивальге қатысушылардың концерті өтеді.

 10 қазанға «Қорқыт мұрасы: Түркі әлеміне ортақ эпикалық құндылықтар» тақырыбында халықаралық ғы­лыми-теориялық конференциясы жос­парланған. Конференцияда ғалым­дар зерттеулері арқылы Қорқыт мұралары кеңінен насихатталып, тақырып ауқымы тарихи деректермен толыға түсеріне сенімдіміз.

Сол күні «Өнер орталығында» «Жібек жолы жаңғырығы» атты  Сыр бойы дәстүрлі-мәдени мұраларының  Мodern-көрмесі ұйымдастырылып, халықаралық «Қорқыт және Ұлы дала сазы» фольклорлық-музыкалық өнер фестивалінің гала-концерті ұйым­дастырылады, – деді Қ.Жанұзақов.

Қордың ресми өкілі Серік Нұр­молдаев Сыр елінде ұйым­дас­ты­рылып отырған халықаралық фести­вальдің тарихи-мәдени тұр­ғыда маңыздылығын атап өтіп, «Түркі мә­дениеті және мұрасы» халық­аралық қорының пре­зиденті Ақтоты Райымқұлованың сәлемін жеткізді.

– Біздің қор 2012 жылдан бастап түркі мәдениетін әлемге насихаттау жолында көптеген жобаны жүзеге асырып келеді. Биыл да қорға төрағалық ететін Қазақстан Республикасы. Бұл орайда ел аумағында атқарылатын жоба аз емес.

Өздеріңіз білесіздер, Қорқыт ата – тек қана қазақ халқы үшін емес, бүкіл түркі әлемін біріктіріп тұрған ұлы тұлға. Сондықтан бұл жобаны іске асыру біздің қасиетті борышымызға айналған десек болады. Осынау ха­лық­аралық іс-шараны өткізуге қол­дау көрсеткен Қызылорда облысы әкім­дігіне алғысымыз шексіз, – деді ресми өкіл.

Ғалым Фикрет Қаракия жас күнінен дәстүрлі музыка саласын зерттеп келе жатқанын, бүгінде «Түркі әдебиетіндегі әуендер, мақамдар және дауыстар» кітаптары жарыққа шыққанын айтты. Осы орайда Қорқыт бабаның музыкалық мұрасы бойынша зерттеу еңбектер жазған. Қазір Стамбул университетінде дәріс береді. Бүгінде оның ізденісін шәкірттері жалғастыруда.

Владимир Ынтаев Алтай елінің ыстық ықыласын жеткізіп, қазақ еліндегі дәстүрлі музыканың сақталуы және оның халықаралық деңгейде  насихатталуы өте маңызды әрі өміршең жоба екенін айтып, ризашылығын білдірді. Өзінің айтуынша, ол «Қорқыт және Ұлы дала сазы» фестиваліне екінші рет қатысқалы отыр.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі шеңберінде түркі халықтарының рухани және мәдени мұрасын жаңғыртып, әлемдік деңгейде танытып келе жатқан «TURAN» этно-фольклорлық ансамблі «TAMYR» атты ерекше музыкалық жоба аясында өнер көрсетті. 

«TAMYR» – түркі халықтарының бай этномузыкалық дәстүрлерін қазіргі заманға лайықты тыңдау үлгісімен ұштастырып, ұлттың рухани тамырын жаңғыртуға арналған жоба. Оған қазақ, түрік, ұйғыр, қырғыз, әзербайжан және басқа да түркі халықтарының музыкасы енген.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»