Өндірісті ауданның өркені

783

0

Жаңақорған ауданында облыстық ішкі саясат басқармасы мен аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен  баспасөз туры өтті.  Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін аудан әкімі Руслан Рүстемов бастаған тиісті сала басшылары бастап жүрді. Шара барысында ауданда қолға алынған ілкімді жобалар таныстырылды.

Журналистер алдымен Жа­йылма ауы­лы маңынан бой кө­теріп жатқан құс фабрикасы­мен танысты.

«Абдулла» шаруа қожалы­ғының төрағасы Абдулла Тәжімбетов салып жатқан фабрика жыл соңына дейін іске қосылады деп күтілуде. Фабрика жылына 3,5 мың тонна құс етін  өндіріп, облыс халқы тұтынатын құс етінің 33 процентін беретін болады. Жобаның жалпы құны – 4 млрд теңге. Оның 2,8 млрд теңгесін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ бөлсе, қалған 1,2 млрд теңгесі – өз қаражаты. 12 құс күркесі белгіленген. Жоба толық күшіне енгенде 120-150 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда 20 гектар жер телімі тегістеліп, қажетті инфрақұрылымдар тартылуда. Сонымен қатар фабрикаға қажетті азық дайындау үшін 1000 гектар жер телімі бөлінді.

–       Құрылысты салуға бай­ланысты қоғамдық тыңдау өтті. Әлеуметтік желілерде тұр­ғындармен талқылау бол­­ды. Метрология саласы эко­логиялық әсері, басқа да сұрақтар бойынша зерделеу жүргізіп, келісімін берді. Бұл азаматтар – осы жердің тумалары. Сондықтан туған жердің өркендеуіне үлес қоспақшы. Мамандар фаб­ри­каның гер­маниялық технологиямен жаб­дықталатынын ай­тып отыр. Сондай-ақ, технолог, ин­женер секілді өндіріске қажетті мамандарды жер­гілікті тұр­ғындар арасынан дайындауды жоспарлап отыр, – деді аудан әкімі Руслан Рүстемов.

Аудан әкімінің сөзін ша­руа қожалы­ғының өкілі Ерлан Пірманбетов жал­ғады.

– Құрылысты биылғы қыр­­күйекте аяқтаймыз деп жос­парлап отырмыз. Қазір 12 құс ұстау орнының іргетасы көтерілді.  Жақын   арада   құ­рылыс материалдарының бар­лығы келеді. Әр құс күркесінің өз функциясы, яғни, қызметі бар. Фабрика неміс технология­сымен, автоматтандырылған түр­де жұмыс істейтін болады. Бұл фабриканың ерек­шелігі – қалдықсыз өнім шыға­ратынында, яғни, құстың өкпе-бауыры, ішек-қарыны, жүні, тіпті нәжісіне дейін пай­даға асыратын боламыз. Қа­зақстан аумағында неміс технологиясымен жұмыс істеп тұрған құс фабрикасы жоқ. Бұйырса, бірінші біз болмақпыз. Бастапқы кезде технолог мамандар ­Алматы қаласынан шақырылып, сонан соң осы жерден мамандар дайындауға күш саламыз. Бірінші кезекте жергілікті өнімдерді пайдалануға және осы жердің тұрғындарын жұмыспен қамтуға көңіл бөлінеді. Жергілікті өнімді пайдалану дегенде біз құс азығына қажетті дәнді-дақылдарды аудандағы шаруа­лармен келісіп, сатып алуды көздеп отырмыз, – деді ол.

Онан соң күн-электр станция­сы жұмы­сымен та­ныс­тық.

Бұл күн-электр стан­ция­сының қуаты – 10 МВт. Жоба бастамашысы «ХЕК КТ» ЖШС. Жоба құны 3,8 млрд теңгені құрайды.

– Жаңақорған күн-элек­тр стан­циясының қуат­тылығы – 10 МВт. Ин­вес­­тор – ресейлік компания. Құ­рылыс жұмыстарын қыр­күйек айында бас­тап, нау­рыз айында аяқтап отырмыз. Станция күн сәулесін екі жақтан да қабылдай береді. Мұнда 26 мың күн фотоэлекторлық модуль бар. Ауданды түгел электр энергиясымен қамтиды. Күн электр станциясы экологияға зия­ны жоқ, яғни, жасыл энергетика болып саналады. Еуропада бұл кеңінен қолданылады. Біздің елімізге келгеніне де екі-үш жылдың көлемі болды. «Хевел» компаниясы осыған дейін елімізде 7 күн электр станциясын салды. Оның біріншісі Нұр-Сұлтан қаласында тұр, – деді жоба инженері Аят Қареев.

Онан соң тілшілер қауымы «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ жұ­мы­сына қанықты.

«Шалқия Цинк ЛТД» АҚ Жаңақорған ауданы аума­ғын­дағы Қаратау жота­сының оңтүстік батыс ете­гінде орна­ласқан.  Кен ор­нының ресурсы 140 млн тоннаны құрайды. Бұл– 6 млн тонна мырыш қоры бар әлемдегі бесінші кен орны. Тау-кен кешенінің құрылысы жер­асты кенішін кеңейтуді және ба­йыту фабрикасын салуды көздейді. Түпкі өнім – қорғасын және мырыш концентраттары. Компания жылдық қуаты 4 млн тонна кен байыту фабрикасын салу жобасы бойынша екінші жартыжылдықта кеніштің құ­рылыс жұмыстарын бас­тауды көздеуде. Оған 500-ден астам адам тартылады деп жоспарлануда. Олардың көпшілігі аудан тұрғындарынан құра­латын болады. Фабрика салын­ғанда онда 1500 адам жұмыс істейді.

– Жұмысшылардың 80 про­­центі жергілікті тұрғын­дар­дан құралады. Соның ішінде көпшілігі Шалқия және Құттықожа елді мекендерінен. Нақтырақ айтқанда, шахтаны өз жұмыскерлеріміз салады.  Ал болашақта қажетті мамандарды өзіміз оқытып аламыз деп жоспарлап отырмыз. Қазір бұл бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді персоналмен жұмыс істеу және құжат айналым басқармасының басшысы Сағадат Қуаныш.

Қазіргі кезде құрылыс жұмыстарын жүргізуге конкурс жарияланып қойған.  Қытай немесе неміс компа­ния­сының бірі жұмысты қолға алады  деп күтілуде.

Баспасөз туры Жаңа­қорған кен­тіндегі №110 мектеп-лицейі базасында өткен білікті ұстаз, математик Үкібай Исаев атындағы аудан мектептерінің 11 сынып оқушылары арасында математика пәнінен өткен олимпиаданың жабылу салтанатына қатысумен аяқ­талды. 

Үкібай Исаұлы 1945 жылы Жаңақорған ауданы Бесарық ауылдық кеңесіне қарасты қазір «Қосымсарай» аталып жүрген жердегі Ворошилов колхозында дүниеге келген. Мектеп бітірген соң Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атын­­дағы мем­лекеттік педа­гогикалық институтына түсіп, математика мамандығы бо­йынша оқып, бітіреді. Еңбек жолын өзі оқыған №54 «Октябрь» орта мектебінде математика пәнінен сабақ беріп бас­тайды. Бүкіл саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ол «Бесарық» сегізжылдық мек­тебінде директордың орын­басары, №239 «Кеңес» сегіз­жылдық мектебінде математика пәнінің  мұғалімі, Алматы облысы Қаскелең қала­сындағы орта мектепте мате­матика пәнінің мұғалімі бо­лып қызмет етеді. Көптеген мем­лекеттік марапатқа ие бол­ған.

Олимпиада қоры­тын­ды­сында жүл­де­­герлер анық­талып, оларға сый-сия­паттар тапсырылды.

– Әкеміз – осы аудан­ның тумасы. Осы ауданда еңбек етіп, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеуге арнаған ұстаз. Былтыр 75 жасында дүниеден өтті. Әкемізді еске алу әрі жастардың мате­­матикаға деген қызы­ғу­шылығын арттыру мақсатында ұрпақтары пән олимпиадасын өткізіп отырмыз, – деді ұлы  Әбіләзиз Исаев.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<