Қазақстанда картоптың қымбаттауына не ықпал етті – Министр есебі

498

0


ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Қазақстанда картоптың не себепті қымбаттағанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Картоп бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметтеріне сәйкес отандық өндіріс ішкі тұтынуды 108%-тен астам қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, картоптың тауарлық өндірісінің көлемі бар болғаны 2 млн тоннаны немесе жалпы түсімнің 47%-тін құрайды. Қалған көлемі тауар айналымында жүйелі түрде қатыспайды. Ол халықтың жеке қосалқы шаруашылықтарында өндіріледі», – деді Сауда министрі бүгінгі Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, өткен жылы экспорт 360 мың тонна көлемінде рекордқа жеткен. Осылайша, картоп экспортының үлесі 19%-ті құрайды, бұл нарық тапшылығына әкеледі. «Осыған орай, маусымаралық уақытта картопты импорттау қажеттілігі туындайды. Бұл жағдай жылдан жылға қайталанып келеді. Бірақ осы мәселені басқарып жүйелі шешімдерді табуға Ауыл шаруашылығы министрлігі шақырғанымен жергілікті атқарушы органдар аталған проблеманы жою бойынша тиісті шаралар қабылдамайды. Өткен жылы картоп экспортына тыйым салу арқылы ғана баға тұрақтандырылды. Биыл төмен бағамен экспортталған (69 мың тонна) отандық өнім қорлардың 3 есе қысқаруына (903 мың тоннадан 330 мың тоннаға дейін) әсер еткен», – дейді Бақыт Сұлтанов.

Аталған кезеңдегі теңгерімсіздікті толтыру үшін Иран мен Пәкістаннан 28 мың тонна қымбат импорттық картоп сатып алынды. Бұл отандық картопқа қарағанда үш есе қымбат. «Жалпы, биылғы 4 айда картоп импорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 67 есе өсті, ал жыл басынан бері импорт бағасы 47%-ке жоғарылады. Бұл ретте әкімдіктер барлық қажетті тетіктері болса да, халықты қамтамасыз ету үшін ішкі нарықта картопты ұстай алмады. Атап айтқанда, субсидиялау кезінде өндірушілерге «қарсы міндеттемелер» қойылмаған. Өңірлік тұрақтандыру қорларына картоп жеткілікті көлемде сатып алынбады, сондай-ақ форвардтық сатып алу және «айналым схемасы» сияқты нарықтық тетіктер толық пайдаланылмады. Аймақтардың тұрақтандыру қорларында қазіргі уақытта картоп қоры іс жүзінде жоқ», – деді Бақыт Сұлтанов.

Сауда министрі Үкімет басшысынан қысқа мерзімде Ауыл шаруашылығы министрлігіне Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, азық-түлік тауарларын өндіру мен тұтынудың болжамды теңгерімін әзірлеу туралы тапсырма беруді сұрады. «Бұл бағаның өсу тәуекелдерін дер кезінде анықтауға және бағаны тұрақтандыру бойынша алдын алу шараларын уақытылы енгізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қазірдің өзінде жергілікті атқарушы органдар АШМ жетекшілігімен ауыл шаруашылығы өндірушілерін субсидиялау шеңберінде ішкі нарықты бірінші кезекте өніммен қамтамасыз ету бойынша қарсы міндеттемелер қоюы қажет», – деді Бақыт Сұлтанов.


 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<