«Қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілістің отырысында Үкіметке елді дамытуға қатысты көптеген тапсырма берді. Соның бірі «Самұрық-Қазына» қорына қатысты болатын. «Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, «Самұрық-Қазынаның» жұмысына қатысты квазимемлекеттік секторды түбегейлі реформалау үшін ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын. Егер «Самұрық-Қазына» жұмысын реформалау мүлдем мүмкін болмаса, ондай құрылымның экономикамызда болмағаны дұрыс», деді Қ.Тоқаев. Осы орайда, әлемдегі әл-ауқат қорларының қалай жұмыс істейтінін сараптап, Норвегияның Жаһандық зейнетақы қорына тоқталғанды жөн көріп отырмыз.
Норвегияны таңдауымыздың бірнеше себебі бар. Біріншіден, аталған елдің Жаһандық зейнетақы қоры (Government Pension Fund Global) әлемдегі ең үлкен әл-ауқат қоры саналады. Оның нарықтағы құны 1,4 триллион долларды құрайды. Төрткүл дүниеге «Мұнай қоры» атымен танымал қор бүгінде әлем байлығының 1 пайызын иеленіп отыр.
Екіншіден, скандинавиялық мемлекет Қазақстан секілді мұнай өндіруші ел. Ерекшелігі сол, тоғызыншы территорияның мұнай қоры 30 миллиард баррельге тең, әлемдегі мұнай қорының 1,8 пайызын құрайды. Норвегияның үлесі 5 миллиард баррель, сәйкесінше 0,31 пайыз. Әйтсе де, өндіретін мұнайдың көлемі шамалас.
GPFG-ның құрылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Геологтер 1969 жылы Норвегия жағалауларынан өте үлкен мұнай кен орындарын табады. Сөйтіп, шетелге сататын «қара алтынның» көлемі көбейіп, ел экономикасына қыруар қаржы түсе бастайды. Викингтер ұрпағы мұнайдың ертелі-кеш бітетінін көп ұзамай-ақ түсінді. Сондықтан ел арасында артық ақшаны қорландыру туралы әңгіме қызу талқылана бастады.
Ақыры 1990 жылы Норвегия парламенті арнайы қор құру туралы заң қабылдады. Осылайша, бүгінде Government Pension Fund Global деп аталатын қордың іргетасы қаланды. Оған алғашқы қаражат 1996 жылы түсті. Қорды құрудағы басты мақсат – мұнай таусылғаннан кейін де Норвегия экономикасын тұрақты қалпында сақтап қалу.
GPFG-ның қалай жұмыс істейтіні де жіті назар аударуды қажет етеді. Бастапқыда оған мұнайдан түскен артық ақшаны жинай бастаған. Кейін қор түрлі салаларға инвестиция салуға көшті. Нәтижесінде, табысы жылдан жылға артып, қазіргі кезде әлемдегі бүкіл компаниялардың 1,5 пайызын иеленіп отыр. Яғни жер жаһандағы байлықтың осынша бөлігі норвегиялық қорға тиесілі деген сөз.
Қор жұмысының тиімділігін мынадан-ақ аңғаруға болады. Мұнайдан түскен ақша ондағы қаражаттың жартысына да жетпейді. Басым бөлігі тиімді инвестиция салудың арқасында қорға түскен қаржы. Бүгінде «Мұнай қоры» акцияларға, тұрақты кіріске, жылжымайтын мүлікке және жаңартылатын энергия инфрақұрылымына қаржы құяды.
Мәселен, қордың 9 мыңға жуық компанияда еншісі бар. Шартараптың әйдік шаһарларынан жүздеген ғимарат сатып алған. Оларды жалға беру арқылы да миллиондаған доллар кіріс кіреді. Бұдан бөлек, кейбір елдер мен компанияларға несиеге қаражат береді. Осылайша, түрлі бағытта жұмыс істеу арқылы табысын еселеп арттырып отыр.
Норвегия үкіметі жыл сайын қор табысының азғана бөлігін пайдалануға құқылы. Бірақ соның өзі ел бюджетінің 20 пайызын құрап отыр. Алда-жалда ондағы қаражатты халыққа таратып берсе, әр норвегтің еншісіне 250 мың доллардан келеді. Дегенмен скандинавиялықтар қаражатты жаратуға асықпайды. Өйткені бүгін аз жаратса, ертеңге, қиын-қыстау кезеңге көбірек қалады. Экономикаға ақша жетпесе ғана қорға қол созып, қалған жағдайда бюджеттің артылғанын қорға аударып отырады.
Тағы бір ерекшелігі, үкімет GPFG-ның негізгі капиталын емес, оның табысын ғана жұмсай алады. Оның өзінде, бұл 3 пайыздан аспауы тиіс. Осындай мақсат қойған норвегтер келешекте мұнайға тәуелділіктен біржола құтылмақ.
Қор басшылығы инвестиция салғанда да ақшаны оңды-солды шашпайды. Ұзақ мерзімде кірісті арттыратын компанияларға ғана қаражат құяды. Мәселен, Facebook компаниясы жалпы нарыққа шыққанда викингтер зерделей келе, оның акцияларын сатып алды. Рас, алғашқыда қымбатқа сатылған компанияның құнды қағаздары көп ұзамай арзандады. Бірақ қор басшылығы сабырлық танытты. Уақыт өте келе Facebook-тың құны артты. Сөйтіп, одан еселеп пайда әкеле бастады.
Айтпақшы, Қордың арнайы инвестициялық этикасы бар. Оған сай келмейтін компаниялар GPFG-дан соқыр тиын да ала алмайды. «Мұнай қорына» жауапты мекеме болғандықтан, Норвегия қаржы министрлігі бұл тізімді бекітеді. Мәселен, қару-жарақ, темекі және қазба отын шығаратындарға тыйым салынған. Бұдан бөлек, тікелей және жанама түрде адам өліміне, зорлық-зомбылық әкелетін, адам құқығын бұзатын не соғысқа қатысы бар компанияларға инвестиция салынбайды.
2012 жылы мынандай қызық оқиға болды. Dagens Næringsliv газеті қор бақылау, телефон тыңдау және коммуникация секілді түрлі технологиялармен айналысатын 15 компанияға 2 миллиард доллар қаражат құйғанын анықтайды. Әлгі компаниялар тікелей қару жасап, адам құқығына қарсы келетін әрекетке бармаса да, олардың өнімдері Иранда, Сирияда және Мяньмада қолданылады екен. Басылымның мақаласынан кейін елде қызу пікірталас өрбіп, қор аталған компанияларға салған қаражатын қайтарып алды.
Сондай-ақ Палестина аумағында адам құқығының бұзылуына үлес қосқаны үшін Израильдің «Африка Израиль инвестмент», АҚШ-тың әуе күштеріне құрлықаралық баллистикалық зымыран жасауға көмектескені үшін Boeing, ядролық қару жасайтыны үшін Airbus, темекі өндіретіндіктен Philip Morris International, адам құқығы мен еңбек құқығын бұзғаны үшін Wal-Mart Stores секілді компанияларға салған инвестициясын тоқтатты.
Енді Норвегияның Жаһандық зейнетақы қоры қаржы құйған компаниялардың тізіміне көз жүгіртіп көрелік. Жалпы инвестицияның 72,8 пайызы акцияларға салынған. Солардың ішінде Apple-дың үлесі жоғары. Викингтер ұрпағы аталған компанияның 21,2 миллиард долларлық акциясын сатып алған. Бұдан кейінгі орында Microsoft Corp (16,9 миллиард доллар), Amazon.com Inc (14,2 миллиард доллар), Alphabet Inc (11,1 миллиард доллар), Nestle SA (8,8 миллиард доллар), Facebook Inc (7,6 миллиард доллар) компаниялары тұр.
Сонымен қатар АҚШ үкіметіне 82 миллиард доллар, Жапонияға 33 миллиард доллар, Германияға 16 миллиард доллар қарыз берген. Норвегтерге қарыз елдер тізімі мұнымен бітпейді. Бақандай 45 мемлекет алақандай Норвегияға борышкер. Бұл аз десеңіз, 32 миллиард долларды әлемнің 14 еліндегі ғимараттарды сатып алуға жұмсаған.
Осындай алпауыт қорды кім басқарып отыр деген сұрақ туындайды. GPFG негізі үкіметтің меншігінде. Бірақ оның жұмысын жүргізетін менеджер Николай Танген есімді миллионер. Ол қор тізгінін 2020 жылдан бастап ұстады. AKO Capital компаниясының негізін қалап, қалтасын қалыңдатқан Танген мырза қордың жұмысын жүргізуге барынша кірісті. Осы қызметке келу үшін ол AKO Capital-ды сатып жіберді. Тіпті жалақысы салыстырмалы түрде төмен екеніне (672 мың доллар) қарамастан қорда еңбек етуге шешім қабылдаған.
Әлбетте, қор менеджеріне төленетін жалақы басқа салалардан әлдеқайда жоғары. Мәселен, қарапайым норвег орташа есеппен 67 мың доллар еңбекақы алады. Николай Тангеннің жалақысы он есе көп. Ең қызығы сол, оның байлығы шамамен 500 миллион долларды құрайды. Яғни Танген мырзаның салыққа төлейтін сомасы алатын жалақысынан әлдеқайда көп.
Жаһандық зейнетақы қоры қызметкерлерінің жалақысына жыл сайын шамамен 100 миллион доллардан астам қаржы жұмсайды. Мәселен, 2020 жылы еңбекақыға 122 миллион доллар төленген. Әлемнің түкпір-түкпірінде қордың мыңдаған қызметкері бар екенін ескерсек, бұл айтарлықтай көп сома емес. Бір айта кетерлігі, қордағы түрлі басшылық қызметтердегі 217 адамға төленетін жылдық еңбекақы шамамен 44 миллион доллардан аспауы тиіс.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<