Қызылорда облысы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының (КҚГҚ) табиғи ошағында орналасқан. Биыл өңірде КҚГҚ бойынша 113 елді мекен қолайсыз деп есепке алынды. Олардың басым көпшілігі Жалағаш және Арал аудандарында орналасқан. Эпидмаусымның басталуына орай қолайсыз елді мекендерде аса қауіпті жұқпалы ауруға қарсы профилактикалық шаралар да басталып кетті.
Энтомолог мамандардан тұратын 3 арнайы жұмысшы топ құрылып, елді мекендерде зоологиялық барлау жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс барысында 2163 кене жиналып, 226 сынама зерттелді. Әзірге КҚГҚ-ға оң нәтижелер анықталған жоқ. Дегенмен, кененің ересек және нимфа (жас) түрлері табиғатқа белсенді шыға бастағаны байқалды. Оған дәлел, жыл басынан бері кене шағумен медициналық көмекке 2 адам жүгініп, бақылауға алынған.
Жыл сайын барлық қолайсыз елді мекендерде санитариялық-қорғаныш аймақтарын құру үшін кенеге қарсы өңдеу шаралары жүзеге асырылады. Биыл залалсыздандыру жұмыстары 42,85 шаршы шақырым жер көлеміне жүргізіледі. 1-кезеңін сәуір мен маусым аралығында бастау жоспарлануда.
Нақты кезеңде облыстағы медициналық мекемелерде КҚГҚ-мен ауыратын науқастарды емдеу үшін вирусқа қарсы препараттар, иммундалған плазма және т.б. қажетті құрал-жабдықтар қоры жасақталды. ҚКГҚ вирусының негізгі тасымалдаушысы – иксод кенелері. Олар күн жылысымен адамдар мен жануарларға шабуыл жасайды. Сондықтан адамдар арасында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруы кене белсенділігі артқан кезде жиі анықталады. Ауру кене шаққанда немесе қырқым кезінде одан бөлінген биологиялық сұйықпен не болмаса ауру адамның қанымен жанасқанда жұғады.
Көктем келіп, күн жылығаннан адамдар табиғат аясына демалу науқанын бастайды. Демалысқа шыққан уақытта қалпақты комбинезон кию, шалбардың балағын шұлықтың ішіне салып, резеңкелі манжетті жеңі бар көйлек кию қажет. Киім кене жабысқаны көрінетіндей ашық түсті болғаны абзал. Дененің ашық жеріне репеленттер (спирттік зат, одеколон) сеуіп, киімге акарицидті құралдарды пайдалану керек. Кенені жалаң қолмен және бірден жұлып алуға болмайды, өйткені тұмсығы қалып қойып, орны іріңдеп, жара болуы мүмкін. Жануарларды қырқу кезінде қолғап кию қажет.
КҚГҚ ауруының белгілері өзге де инфекциялық аурулардың клиникалық белгілеріне ұқсас келеді. Дене қызуы көтеріледі, бас ауырады, тәбет болмайды, буын мен бел сырқырайды. Келесі күні лоқсу, құсу, іш өту сияқты симптомдар пайда болады, ине салған жерлердің көгеруі, бет ісініп, қызаруы мүмкін. Ауру одан әрі асқынған жағдайда науқастың мұрнынан, қызыл иегінен, ішектен қан кете бастайды, тері бөртпелері және тері астына қан құйылу арқылы көкала дақтар пайда болады. Аурудың алғашқы белгілері пайда болған жағдайда емдеуді мүмкіндігінше тез бастау керек. Сондықтан, егер сізді кене шаққан болса немесе эпидемиологиялық көрсеткіштерге байланысты (табиғатқа шығу, мал қырқымына қатысу, мал сою, мал күтіміне қатысу және т.б.) клиникалық белгілер байқалғанда міндетті түрде тұрғылықты жер бойынша емдеу мекемесіне медициналық көмекке жүгінуді сұраймыз.
Ескеретін жағдай, бұл аурудың емі бар, уақытылы дәрігерге жүгініп, медициналық бақылауға алынған немесе клиникалық көрсетілімдерге байланысты ем алған жағдайда толық емделіп шығатын инфекция.
Қорыта айтқанда, аталған инфекциядан сақтану немесе ауру жұқтырған жағдайда толыққанды емделіп, сауығып шығу – әр адамның өз қолында!
Ж.Жетілгенова,
облыстық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау департаментінің бөлім басшысы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<