Құрметке лайық қызмет

1217

0

12 мамыр – Халықаралық мейірбикелер күні. Осы атаулы күнге орай құттықтаулар легі толассыз түсіп жатыр. Қазіргідей пандемия уақытында бұл бізге үлкен дем берері сөзсіз.

Шиелі ауданаралық ауруханасында жалпы 825 орта буын медицина қызметкері бар.  Оның 51-і фельдшер, 56-сы акушер, 4-і фармацевт, 714-і жалпы мейіргер. Оның ішінде  аға мейіргерлер, рентген лаборанттар, медстатис­тер, патронаж мейіргерлер болып та бөлінеді. Орта буын қызметкердің 130-ы жоғары санатты болса, 45-і бірінші, 20-сы екінші санатты.

Жалпы, медицина қызмет­керлерінің ішінде осы буын өкілдеріне деген көпшіліктің құрметі ерекше екені сөзсіз. Себебі, олар денсаулық сақ­тау саласының алға жылжуы­на үлес қосып, медицина сала­сындағы қалыптасқан дәс­­­түр­лерді қазіргі заманауи әдіс-тәсілдермен ұштастырып, күнделікті тәжірибеде меди­циналық көмек көрсету сапасын арттыруға, мейіргерлік күтімді жетілдіруге үлес қосып келеді. Бүгінде мейірбике – тек дәрігер бұйрығын орындаушы емес, ол сонымен бірге үнемі ізденіс үстінде жүретін шығармашыл тұлға. Науқастың бірден-бір жанашыры. Бір сөзбен айтқанда, емделушінің күтімін ұйымдастырушы, орын­даушы, науқас ықыласын қорғаушы, кеңесші, зерттеуші, медициналық топтың белсенді мүшесі. Сондықтан уақыт өткен сайын оларға қойылатын талап пен жауапкершілік жүгі ауырлап келеді, яғни, бүгінгі мейірбике өз саласын дәрігерден кем білмеуі тиіс. Халық денсаулығын жақсарту, ана мен бала саулығын қорғау, тұрғындарды скринингтік тексерулерден өткізу, сала­уатты өмір салтына баулуда, өзге де көптеген шаралардың басы-қасында бірінші болып мейірбикелер жүреді.

Мейірбикелік іс қайырым­дылық, мейірімділік пен гуманизмге негізделген. Бұл қасиет­тер ақ халат киіп, ант берген әрбір медицина қызметкеріне үлкен жауапкершілік жүк­тейтіні белгілі. Сондықтан олар қай кезде де алдыңғы шептен көрінеді. Қазіргі пандемиямен күрес  кезінде де мейірбикелеріміз дәрігер­лер­мен бірдей қауіпті індетке қас­қайып қарсы тұруда. Күн-түн демей, аяғынан тік тұрып, міндеттерін орындау­да. Атап айтқанда, коронавирус инфекциясына қарсы карантиндік орталықта 25 мейірбике қызмет атқарды. Сонымен бірге ауданға кірер тұстарда қойылған тосқауыл бекеттерінде 27 мейірбике мен фельдшер қызмет атқарды.

Науқасты қабылдағаннан бастап, оны емдеу барысындағы барлық жауапты тірліктің бел ортасында жүретін мейір­бикелер еңбегі қоғам алдында қашан да бағалы,  сый-құрметке лайық. Осы орайда індетпен күресте тынымсыз еңбек етіп жүрген медицина қызметкерлеріне мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетілгені қуантады. Мәселен, карантиндік орта­лыққа және тосқауыл бекет­терінде тұрған қызмет­кер­леріміз айлық жалақысынан бөлек 850, 425, 212 мың теңге көлемінде үстемеақыларын алды. Онымен қоса каран­тинде жұмыс істеген көпбалалы, жал­ғызбасты 3 қызмет­ке­ріміздің балаларына ноутбук берілді. Үйіне қайтпай қызмет еткен мамандарға аудан әкімдігінен азық-түлік көмегі берілді. 

Жалпы мейірбике ісі – денсаулық сақтау жүйесінің бөлінбес бөлшегі. Өйткені тұрғындарға медициналық көмек көрсетудің тиімділігі көп жағдайда мейірбике жұмысына тікелей  байланысты.

Назым Сейілханова,

Шиелі ауданаралық ауруханасының бас мейірбикесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<