Адам папиллома вирусы — бұл бір вирус емес, 200-ден астам түрі белгілі туыстас вирустар тобы. Жоғары онкогендік қауіп түрлері деп аталатын АПВ-ның кем дегенде 14 түрі шырышты қабық арқылы таралады және жатыр мойны обырын, тамақтың, әйел және еркек жыныс мүшелерінің қатерлі ісігін тудыруы мүмкін. Адамдар папиллома вирусын әртүрлі жолмен жұқтыра алады. Мысалы, қол алысу немесе жыныстық қатынас арқылы. Тері немесе шырышты қабық жанасқанда вирус денеге енеді. АПВ-ны жұқтыру оңай, сондықтан адамдардың 80%-ы өмірінде бір рет болса да осы вирусты жұқтырады. Жұқтырғаннан кейін вирус ағзада ұзақ уақыт тіршілік ете алады, бірақ бұл адам ауырады дегенді білдірмейді. Өзінде вирус бар екені туралы білмеуі де мүмкін.
АПВ вирусын әйелдер де, еркектер де жұқтырғанымен, әрі көбіне еркектер жұқтырғанымен бұл вирус әйелдер үшін қауіптірек. Ыңғайлы болу үшін оларды «жақсы», «жаман» және «қатерлі» деп бөлейік. «Жақсы» түрі салдарынан аяқ пен қолда сүйел пайда болады. Бұл жағымсыз, бірақ оңай емделеді. «Жаман» вирус немесе қатері төмен АПВ үшкір кондилом тудырады. Әйелдерде кондилом жатыр мойнында, қынапта, сыртқы жыныс мүшелерінде және тік ішек айналысында, еркектерде жыныс мүшесі, тік ішек айналасында және жұмалақта пайда болады. Бұларды емдеу сүйелдерді емдеуге қарағанда қиынырақ, бірақ емдеуге болады. «Қатерлі» типті вирус бәрінен де қауіпті. Барлық жағдайда дерлік жатыр мойнының қатерлі ісігін адам папилломасы вирусының 16-түрі немесе 18-түрі туғызатыны дәлелденген. Еркектерде АПВ-сы жоғары қауіпті вирус түрі сирек жағдайларда тік ішек немесе жыныс мүшесі обырын тудыруы мүмкін
Аурудың алдын алуда вакцинация – тиімді және ыңғайлы профилактикалық әдіс. Екпе ерлерге де, әйелдерге де жасалуы мүмкін. Ғалымдардың пікірінше, 11-13 жас аралығындағы қыздарды вакциналау жатыр мойны обырының даму қаупін 90% – дан астамға төмендетеді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бойынша былтыр қыркүйектен бастап 11 жастағы қыздарды АПВ жоғары онкогенді түрлеріне қарсы 4 валентті вакцинамен егу қолға алынды. Вакцина тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілді. АПВ вакцинасы 6 айлық аралықпен 2 рет егіледі. АПВ-ға қарсы 2 валентті вакцина 16, 18 типті антигендерден және 4 валентті вакцина 6, 11, 16, 18 типті антигендерден тұрады. Қолданыстағы вакциналардың тиімділігі өте жоғары. Адам папиллома вирусына қарсы вакциналау жоғарыда айтып өткеніміздей, ҚР Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілді, екпе ата-аналардың ақпараттық келісімімен, тегін жүргізіледі.
Айта кету керек, АПВ вакцинасын әлемнің 110-нан астам елінде, оның ішінде Өзбекстан және Қырғызстан Республикалары сияқты көршілес елдерде егуде.
Гүлжан ЖҮСІПБАЕВА,
Сырдария ауданы, Н. Ілиясов ауылдық
дәрігерлік амбулаториясының жапы тәжірибелік мейіргері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<