Анам осы мамандықтың иесі болғандықтан, дәрігердің жұмысына көз ашқалы қанықпын. Үнемі дәрі құйып не қан қысымын өлшеп жатады. Әлі де солай ғой. Зейнетке шықса да ауырған жұрттың шақыртуына барады.
Ауыл адамы дәрігерді акушер не фельдшер деп айырмайды. Олар үшін бәрі – доғдыр.
Мұндай доғдырлар әр ауылда бар. Олар бәлсініп жатпайды. Келген жұртқа «мен медбике едім, фельдшерге көрініңіз» деу жоқ. «Жүкті әйелдерге ғана жауаптымын, басың ауырса аудан орталығына барсаңшы» деп жатқан акушерді де көрмейсіз. Олар алдына келген науқастың бірінші тәнін емес, жанын сөзбен емдеуге кіріседі.
Шиелінің Жаңатұрмысында туып-өскен Ақбота Жиенбаева фельдшер болғалы 5 жыл. Бала кезінен дәрігер болып ойнап, көршінің кішкентай ұл-қызын емдеп жүретінін бүгінде күліп еске алады. Сол бала қиялымен мамандығын адаспай тапты. Бес жылдан бері ақ халат киіп, ауыл халқына қызмет етіп жүр.
– Қызылордадағы «Өркениет» медициналық колледжін 2016 жылы бітірдім. Мамандығым – фельдшер. Сол жылы Шиелідегі наркологиялық стационарда алғашқы еңбек жолым басталды. Жұмысқа тұрардағы қорқынышты айтпаймын (күліп). Бірақ нағыз жауапкершілік арқалағанымды сол кезде анық түсіндім, – дейді Ақбота.
«Ауырған адамға ең бірінші керегі – жылы сөз» дейді ол. Қазір «Көкшоқы» ауылдық емханасында фельдшер болып қызмет істейтін Ақбота тұрғындармен ұдайы байланыста.
– «Көкшоқыға» ауысқан соң да тәжірибем аз болды. Емхана жұмысынан хабарсыз едім. Мұнда ай сайын балаларды жасына сай екпеге шақырамыз. Жұмысқа тұрғаныма ай толмаған уақыт. Өзіме тиесілі аймақтан ешқандай бала шақырмағанмын. Дұрысы, шақыру керектігін ешкім айтпаған. Әріптесім Ләззат Жакеева ескерткенде, екі күн ішінде бала біткенді амбулатория ішіне толтырып жібергенмін. «Бала қайда?» деп ескерту берген Ләззат апай ертеңіне бүкіл ауыл балаларына екпе салып шаршағаны бар. Сондай да қызықтар өтті. Бүгінде көп нәрсе үйрендім, әлі де үйренерім жетерлік. Үлкен-кіші «адам жанының арашасы» деп көмек күтеді. Олар үшін сен бәрін білетін доғдырсың, – деп ағынан жарылды жас фельдшер.
Көкшоқыдағы 21-аймақтың аяжаны дейтін қосымша міндеті бар Ақбота пандемия кезінде халық арасында болды. Індеттің таралмау жолдарын үйретіп, вакцинаның маңыздылығын айтуда ауылдағы медицина қызметкерлерінің еңбегі зорын ұмытпауымыз керек. Ауылдық емхана дәрігері Ғалия Серікбайқызынан көп нәрсе үйренген фельдшер қыздың ел-жұртқа тілегі біреу ғана. Ол тілек бәрімізге түсінікті…
Адамдар ауырмасыншы…
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<