Шешек, қызылша, тырысқақ, қызба, оба, сүзек, безгек… Адамзат баласы осы індеттерден вакцинаның арқасында ғана аман қалды. Бұл – бұлтартпайтын ақиқат. Екпе арқылы жүз миллиондаған адам құтқарылды, яғни коронавирус алдымызды кес-кестеген алғашқы кесел емес. Бірақ COVID-19 жұқпалы аурулардың кең таралуы қаншалықты қауіпті екенін тағы бір ескертті. Өткен жүзжылдықтағы адамзат ойлап тапқан жетістіктердің алғашқы ондығына жұқпалы ауруларға қарсы жасалған вакциналардың енуі тегін емес.
Бір ғана шешектен Америкадағы үндістердің 90, орта ғасырда Еуропадағы халықтың 30 проценті, Австралияның байырғы халқы түгел дерлік қырылып қалған деген дерек бар. Ашаршылық жылдары қазақ халқы да осы кеселден шығынға ұшырады. Басқа аурулардың уақыт өте беті қайтса, шешектің дауасы ХХ ғасырға дейін табылмады.
Вакцинаны жасаған ағылшын дәрігері Эдвард Дженнер сынақ барысында жіберген кемшіліктерін жөндеп, екпенің тазалығы мен салу ережелерін жетілдірді. Соның арқасында індетті тоқтата алатын шынайы, тиімді тәсілді жасап шықты.
Шешек ХХ ғасырдың ортасында ғана жойылды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ауру шыққан жердің бәрін бақылауға алып, жаппай екпе жұмыстарын жүргізді. Арнайы медициналық комиссия елдерді аралап, түсіндіру, профилактика жұмыстарын жасады. Шешек соңғы рет 1977 жылдың қазанында Сомалиде тіркелген. Арада екі жыл өткенде, яғни 1979 жылы ғалымдар жер бетінен шешек вирусы толық жойылды деп мәлімдеді. Қазір қауіпті вирус тек зертханада ғана қалды. Зерттеу жұмыстары әлі жалғасуда.
Бүкіл Еуропаны, Азия мен Солтүстік Американы оба індеті жайлап алған кездегі жылнамаларда «өлген адамның санында шек жоқ, көшеде тау-тау үйіліп қалған өліктерді көметін адамды табудың өзі қиын болды» деп жазылған. Қазір бұл ауру өркениетті, дамыған елдерге қауіп төндірмейді.
Бірақ ошағы Африка, Азия және Оңтүстік Америка елдерінде әлі де болса кездесіп қалады. Оба ауруын жұқтыру қаупі бар елдерге баратын жолаушыларға оған қарсы вакцина егіліп, келушілерге арнайы бақылау жүргізіледі. Оба ауруы шыққан жерде міндетті түрде карантин жарияланады.
Вакцинаны 1894 жылы жапондық микробиолог С.Китазато мен француз бактериологы А.Йерсен тапқан. Қазақстанда обаға қарсы күресті Қазақ карантиндік және зооноздық инфекциялар ғылыми орталығы атқарады. Еліміздің 10 қаласында обаға қарсы күресу бекеті мен олардың 13 аудандық бөлімшесі бар.
1945 жылы Арал теңізінің солтүстік жағалауындағы ауыл маңында түйе сойған адамдар ауырып, диагнозы уақытылы қойылмай, мерзімінде індетке қарсы шаралар жүргізілмей, күрделі эпидемиялық жағдай болды. Кейбір деректерге қарағанда 3-4 айдың ішінде эпидемияның ауқымы бес ауылды қамтып, онда 175 адам ауырып, 127-сі қайтыс болған. Сол уақытта КСРО Денсаулық министрлігі Арал қаласында Арал теңізі обаға қарсы күресу станциясын 2 обаға қарсы пунктімен қоса құрды. Кейін Жосалыда және Қызылорда қаласында станциялар ашылды.
Адам баласының полиомиелитпен күресі де мыңдаған жылдарға созылған. Тек 1905 жылы швед педиатры Ивар Викман жұғу жолдарын тауып, 1952 жылы американдық дәрігер Джонас Салк вакцина жасады. Арада 9 жыл өткен соң Алберт Сейбин жақсартылған нұсқасын шығарды. Осы кеселмен АҚШ-тың 32-президенті Рузвельт ауырып, мүгедек болып қалған. Вакцина шыққанға дейін 1945 жылы өмірден өтті.
Бір өкініштісі, вакцинациялау тарихындағы ең сорақы қателік осы полиомиелит екпесімен байланысты. 1955 жылы американдық фирма құрамында аурудың тірі вирусы бар 100 мың доза препаратты қолданысқа жіберіп қойған. Одан балалардың өлімі, мүгедектікке шалдығуы тіркелген. ДСҰ 1988 жылы ғана осы кеселдің беті қайтқанын мәлімдеді. Қазір ара-тұра Ауғанстан, Пәкістан мен Нигерияда байқалып қалады.
Қызылшаның вакцинасы пайда болғалы жарты ғасырға жуықтаса да, бұл аурудан әлі күнге дейін адам өлімі тіркеліп тұрады. 1963 жылы американдық микробиолог Моррис Хиллеман қызылша, ұшпа, және эпидпаротитке қарсы біріктірілген вакцина жасап шығарды. Сол жылдан бастап балаларға егілді. Вакцина жасалғанға дейін әлемде жылына 2,6 млн адам осы аурудан көз жұмған.
Соңғы жылдары қызылшаның қайта тарала бастауына екпеге қарсылардың көбеюі себеп болып отыр. Бұған британдық дәрігер Эндрю Уэйкфилдтің медициналық басылымға жариялаған ғылыми мақаласы әсер етті. Дәрігердің «осы вакцина балаларды аутизмге шалдықтыруы мүмкін» деген болжамын басқа бұқаралық ақпарат құралдары іліп әкетіп, халықты дүрліктіріп қойды.
Жақында ДСҰ қызылша, полиомиелит сияқты жұқпалы аурулардың қайта таралуы мүмкін екенін айтып, ескерту жасады. Өйткені COVID-19 кесірінен кейбір елдердің вакцинациялау қызметінде үзіліс болған.
ХІХ ғасырға дейін туберкулез де емге көнбейтін ауру деп есептелді. Сол кезеңнің әдеби шығармаларында классиктер оны чехотка деп атаған. 1921 жылы француз микробиологы Альберт Кальмет БЦЖ вакцинасын жасап шығарды және бұл – осы уақытқа дейін аурудың алдын алуға салынатын бірден-бір екпе.
Дифтерия, яғни күл ауруы да балалар өміріне қауіп төндірген апаттардың бірінен саналады. 1923 жылы вакцина пайда болған соң, көптеген елде ол із-түзсіз жойылды. Қазір осы жұқпалы ауруға қарсы вакцинация Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілген. Сәбиге 2 айлығынан бастап егіледі. Бауырды зақымдайтын, жеміс-жидекті жумай жегеннен, лас ауызсудан пайда болатын, ауырған адамнан жұғатын А, В және С гепатиттері де әлемдік медицинаны әлі күнге дейін алаңдатып отыр. Вирустың А, В түрлерінің вакцинасы бар, ал С түрі еш екпеге бағынбай келеді.
1885 жылы Луи Пастер құтыру ауруына шалдыққан адамды өлімнен құтқару үшін вакцина ойлап тапты. Бірақ ұзақ уақытқа дейін адамдарға сынап көруге бата алмады. Бір күні зертханаға итке таланған 9 жасар баланы алып келді. Пастердің әдісі оны құтқарудың соңғы мүмкіндігі еді. Бала құлан-таза айығып, ғалымның даңқы әлемге тарады. Қазір де бұл ауруды вакцинациялау қағидасы сол алғашқы тәжірибедегіден алыс емес. Жараны тез арада жуып, зарарсыздандыру және екпе салу.
Қазір әлем коронавирус індетіне қарсы күрестегі жолайырықта тұр. Өткен жылдың соңына қарай 200-ден астам вакцина жасалып, оның 64-і адамға сынақ ретінде салына бастады. ДСҰ былтыр пандемия жариялаған соң, 18 айда вакцина табылады деп үміттенетінін айтқан. Енді оның тиімділігі тексерілетін уақыт келді.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<