Аймақта пандемия басталғалы бері коронавирус инфекциясының 9369 жағдайы тіркелді. Өткен тәулікте 168 дерек анықталды. Індет жұқтырғандардың басым көпшілігі – облыс орталығынан. Оның ішінде, 14 жасқа толмаған балалардың үлесі 19-ды құрап отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова мәлімдеді.
– Күнделікті жүргізілетін эпидемиологиялық талдау нәтижелері көрсеткендей, COVID-19 инфекциясын жұқтырғандардың басым көпшілігі – вакцина салдырмағандар. Қазір әлемде, республикада, соның ішінде аймақта да ауру өршіп тұр. Ауруханаларда жүктеме саны артты, індет жұқтырғандардың басым көпшілігі ауыр халде жатыр. Былтыр аурудың симптомсыз түрі көп тіркелген болса, биыл аурудың мутациялануынан ауыр өтуде. Бұл жағдайды тұрақтандырудың жолы ол – сақтық шаралары мен вакцина. Вакцина алу, оның қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін барлық жағдайлар жасалған. Онлайн түрде екпеге жазылып, өз емханаңызда немесе ірі сауда орындарында ешбір кезексіз вакцина алуға болады. Ауруды еңсеруге бірге күш салуға шақырамыз, – деді ол.
Биылғы 1 ақпан мен 26 шілде аралығында облыста вакцинаның 1- компонентін 220 060, 2- компонентін 140 309 адам салдырған.
Сонымен қатар, мониторингтік топ 11 820 нысанға рейд жүргізген. Нәтижесінде карантин талаптарын бұзған 396 дерек анықталып, әкімшілік айыппұл салынды.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<