Ахуал күрделі сипатта

1572

0

Бүгінде еліміз бойынша COVID-19 вирусын жұқтырғандардың саны 14809-ға жетті. Оның ішінде 9188 адам аурудан айығып шықса, 77-сі қайтыс болды. Ал облыста 28 наурыздан 14 маусымға дейін коронавирус инфекциясының 625 жағдайы тіркелді. Аталған індет бойынша эпидемиологиялық ахуал тек біздің ел емес, дүние жүзінде күрделі.

Облыста соңғы уақытта қауіпті індет ілмегіне іліккендер арасында клиникалық белгілері бар науқастардың басым көпшілігі әртүрлі созылмалы ауруға шал­дыққан. Сонымен қатар, ор­таша және ауыр жағдайда жан сақтау бөліміне түсетін нау­қастар саны да артып келеді.  Осы­ған орай, жүрек-қан тамыры аурулары, қан қысымы жоғары және қант диабетімен ауыратын т.б. созылмалы сыр­қаттары бар егде жастағы азаматтар аса сақ болғаны дұрыс.

Дәл қазір жауапкершілікті сезініп, әрбіріміз сақтық шараларын қатаң ұстанып, оны күнделікті өмірде бұлжытпай орындауды үйреншікті қалыпты әдеттердің біріне айналдыруымыз керек.  Індетті жұқтырып алмау үшін ең оңай, қарапайым ғана амалдарды сақтасақ жеткілікті. Бұл сақтық шаралары туралы күнделікті бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер арқылы ақпараттандырылуда. Жұмыста, көлікте, көшеде, дүкенде және халық көп жиналатын орындарда мүмкіндігінше арақашықтықты сақтаңыз. Егер мүмкіндік болса, кеңседе емес, үйде отырып жұмыс істеуге тырысыңыз. Туыс, достармен онлайн, видео-қоңырау және өзге де жаңа технологиялардың көмегімен байланыс орна­тыңыз. Қоғамдық орындарда, қоғамдық көліктерде мас­ка киіп жүріңіз. Қолды кем дегенде 20 секунд сабынмен жиі жуып, құрамында спирті бар залалсыздандырғыш сұйық­тықты пайдаланыңыз. Өзіңіздің және отбасы мүшелерінің дене қызуын жиі өлшеп тұрыңыз. Ал ауру белгілері байқал­ған жағдайда 103 арқы­лы медициналық жәрдем шақыр­тыңыз. Осы қарапайым ғана ере­желерді орындасақ, ауруға дес бермес едік. Өйткені бұл шара­лар наурыз, сәуір және мамыр айларында төтенше жағдай кезіндегі карантинде ауруды ауыздықтауға біраз көмектесті. Мамыр айының соңында карантин талаптары жеңілдегені белгілі. Осыдан кейін аурудың өсімі жоғарылап кетті. Бетперделік режим, әлеу­меттік арақашықтық сақтал­майды, той-жиындар әлі де жал­ғасуда. Сақтық шара­лары  өз деңгейінде емес. Соның салдарынан эпиде­­мио­логиялық ахуал күрделенуде.

Коронавирус пандемиясына байланысты әлем ғалымдары тарапынан түрлі болжам бар. Көптеген сарапшылар індеттің екінші толқыны болатынын айтып, дабыл қағып отыр. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вирустың екінші толқыны жойқын болуы мүмкін екенін алға тартады. Сондықтан ДДСҰ мәліметінше, коронавирусқа байланысты енгізілген шектеулерді толық алып тастауға әлі ерте. 

Ауру жас та, адам да таңдамайды. Мұны коронавирус инфекциясы бойынша күн сайын жарияланып жатқан ресми деректерден көріп отырмыз. Кәсіпкер, кәсіпорын мен медицина мамандары, мемлекеттік және БАҚ қызметкерлері арасынан індет жұқтырғандар қатары артуда. Сондықтан, баршаңыздан «жеке карантин» ережелерін қатаң сақтауды сұраймын. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегендей, аурудың алдын алу шараларына мұқият мән берейік.

Әлия  ӘБДІҚАЙЫМОВА,

 облыстың Бас мемлекеттік

санитариялық дәрігері.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<