Акушерлік техникумнан жоғары колледжге дейін

1087

0

1925 жылдың көктемі мен жазында мемлекеттік басқару органдары Сыр бойына көшірілді. Сол жылдың 15 сәуірінде Ақмешіт қаласында бүкіл Қазақстан еңбекшілері өкілдерінің басын қосқан Қазақ АССР Кеңестерінің V съезі салтанатпен ашылды. Бес күнге созылған съездің негізгі құжатында «Киргиз Республикасын «Қазақ Республикасы» деп, ал оның астанасы Ақмешітті Қызылорда деп атауға қаулы қабылданды.

Қызылорданың Қазақстан астанасы болуымен тарихтың жарқын беттері ашылды. Бұл кезде қалада тұрғын саны 22 577-ге жетті. Дәл осы жылдары орта және арнаулы оқу орындары, өнеркәсіп және ауылшаруашылық мекемелерімен қоса, Қазақтың эпидемиология және гигиена институтының негізінде егу лабораториясы, Қазақтың мал дәрігерлік-бактериологиялық және басқа да институттары құрылды. Міне, осы кезде Қызылорда қаласында әскери гарнизонның және шағын қалалық аурухана базасында республика бойынша орта буын медицина мамандарын даярлайтын алғашқы оқу орны бой көтерді.

Қазақ АССР Денсаулық сақтау комиссариатының бұйрығымен 1928 жылы Қазақ акушерлік техникумы болып ашылған білім ошағына республиканың түкпір-түкпірінен 30 қыз қабылданды. 1933 жылы тұңғыш түлектері 41 акушер болып, техникум фельдшерлік-акушерлік мектеп аталып, оқушы саны 198-ге жеткен. Оның алғашқы директорлығына Батыс Қазақстан өңірінен арнайы шақырылған. Қазақ тілін жетік меңгерген дәрігер Прасковья Добронравова 1939 жылға дейін басшылық етті.

Тарих беттерінен сыр шертер болсақ, Ұлы Отан соғысына фельдшерлік-акушерлік мектепті бітірген 30-ға жуық жігіт пен қыз аттанған. Олардың көпшілігі майданда ерлікпен қаза тауып, қайтып оралмаған. Ал соғыстан аман келген оқу орнының 1939 жылғы түлегі, қазақтың алғашқы генералдарының бірі Нұролла Әлмағанбетовті, бейбіт өмірде Сыр өңірінің денсаулық сақтау ісіне елеулі үлес қосып, 20 жылдан астам облыстың медицина қызметкерлері кәсіподағын басқарған Кеңесбай Қалиевті, соғыстан кейін қалалық №1 емханада 45 жылдан аса тұрақты қызмет атқарған Надежда Романовскаяны мақтан етеміз.

Фельдшер-акушер мектебінде оқыған, кейін медицина саласына білікті кадр даярлау ісіне зор үлес қосқан оқу орнының 1950 жылғы түлегі Ернияз Омаров, 1952 жылғы түлегі Шәріпбай Әлназаров, 1950 жылғы түлегі Варлен Исаев, 1958 жылғы түлегі Базарбай Атабай есімдерін айрықша атап өтуге болады.

ҚазССР Денсаулық сақтау министрлігінің 1954 жылғы бұйрығымен оқу орны Қызылорда медицина училищесі болып аталды. Басшылық қызметте болған София Мақашеваның, Ғалия Наурызбаеваның есімдері колледж тарихында ерекше құрметке ие.

1960-1980 жылдар училищенің материалдық-техникалық базасының жаңарған кезеңі болды. Бұл ретте 1962-1991 жылдары медучилище директоры қызметін атқарған Сара Дәуітбаеваның елеулі үлесін атап өту парыз. Жаңа екі оқу ғимараты, 444 орындық жатақхана Сара Төлегенқызының іскерлігінің, белсенді қызметінің арқасында салынды. Осы жылдары Қызылорда медицина училищесі республикадағы ең үздік оқу орындарының бірі болып саналды. Орта медициналық білімі бар мамандармен қамтамасыз ету мақсатында Сара Төлегенқызының бастамасымен Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Шиелі, Жаңақорған ауданы орталықтарында және Ленинск қаласында училище филиалдары ашылды.

Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен 1996 жылдың 14 маусымында медучилище Қызылорда медицина колледжі болып қайта құрылды. Ал 2016 жылдан бастап оқу орны Қызылорда медициналық жоғары колледжі статусына ие болды.

2018 жылы Қызылорда медициналық жоғары колледжінің 90 жылдығы және Сара Дәуітбаеваның 85 жылдығы атап өтілді. Осы мерейтой аясында Сара Төлегенқызы туралы «Сағынышқа айналған сәулелі ғұмыр» атты естелік-өмірбаян кітабы жарыққа шықты. Көпшілік қауымға арналған бұл кітапта бейнесі алыстаған сайын биік көрінетін тұлғаның өмірбаяны, сағынышқа айналған естеліктер, жылы лебіздер жазылған. Бұған қоса, ұлағатты ұстаз, білікті басшы, Денсаулық сақтау ісінің үздігінің есімін есте қалдыру мақсатында медицина саласы қызметкерлерінің дәстүрлі жазғы спартакиадасы Сара Дәуітбаеваның 90-жылдығына арналып, жоғары деңгейде өткізілді.

Сара Төлегенқызы ұзақ жылдар бойы осы білім ордасын басқарып қана қоймай, ұжымды жаңа жетістіктерге жетеледі. Колледжде сол кезде тұрақталған дәстүрлер әлі күнге дейін берік сақталған.

Өзіне дейінгі оқу орны басшыларының ізгі дәстүрін жалғастырып, 1991-2007 жылдар аралығында оқу орнының директоры қызметінде болған Райса Әбдешқызы колледждің материалдық-техникалық базасын нығайтып, білім сапасының жоғарылауына айтарлықтай үлес қосты. Сол жылдары білім ордасының әкімшілік іс қағаздары мемлекеттік тілде жүргізіліп, қазақ тілінде білім алатын мамандықтар аясы кеңейтілді, 1992-2007 жылдар аралығында Райса Көзденованың авторлығымен студенттерге арналған 12 оқулық пен оқу құралы мемлекеттік тілде баспадан шығарылып, қолданысқа берілді.

Жастардың бойына білім мен өнерді, адамгершілік пен адалдықты, рухани байлық пен ұлттық қасиеттерді сіңіріп, оларды тұлғалы азамат етіп қалыптастыруда Райса Әбдешқызынан кейін әр жылдары басшылық қызметін абыроймен атқарған ҚР Парламент Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова, медицина саласының ардагерлері Әзима Ибраева, Ләйлә Құлтаева есімдері дәрігер-ұстаз ретінде құрметтеледі.

Адам дүниеден озса да, жақсы ісімен мың жасайды. Колледждің өсіп-өркендеуіне, жастардың кәсіби маман, нағыз азамат болып қалыптасуына ерекше еңбек сіңірген Аманжол Әбжаппарұлының, Роза Мырзағұлқызының және Ахмет Шарапатұлының есімдерін әрдайым құрметпен еске аламыз.

Бүгінде колледж – орта буын медицина мамандарымен қатар «Мейірбикелік іс» мамандығын «Қолданбалы бакалавриат» білім беру бағдарламасы бойынша даярлайтын республикамыздағы кәсіптік оқу орындарының бірегейі. Ғасырға жуық тарихында білім ұясынан 30 мыңнан астам орта буын және бакалавр мамандары даярланды. Оқу орнының түлектері – қазір де есімдері елге белгілі медицина саласының қайраткерлері, халыққа адал еңбегін арнап жүрген ақ халатты абзал жандар. Білікті ұстаздардың озық тәжірибесін, оң үрдістерін жалғастырып келе жатқан Қызылорда медициналық жоғары колледжі – бүгінде ұлттық тәлім-тәрбие мен білім құндылықтарын меңгертудің, кәсіби мамандықты игертудің бай тәжірибесін жинақтаған шоғыры биік оқытушылар қауымының киелі шаңырағы. Жаңа кезеңге бет түзеген, бүгінгі басшы Салтанат Тасмағанбетова бастаған ұжым – 95 жылдық толағай табыстардың төл куәсі, мерейтойдың мақтанышы.

Нұрлыбек ЕГІЗБАЙҰЛЫ,

Қызылорда медициналық жоғары колледжінің оқытушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<