Алматыда жыл басынан бері 3 мың адам қызылша жұқтырған

839

0

Фото: Астана әкімдігі

Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сәйкес, мегаполисте жыл басынан бері қызылшаның 3176 расталған жағдайы тіркелген. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 1954 жағдай (61,3%), 15 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында – 165 (5,2%) және ересектер арасында – 1057 (33,4%).

Департамент балалар арасындағы аурушаңдық негізінен вакцинациядан бас тарту себебінен болатынын хабарлайды.

– Қызылшаны жұқтыруды, сондай-ақ оның асқынуын болдырмайтын жалғыз тиімді құрал – вакцинация. Қызылшаға қарсы жоспарлы вакцинация 2 рет: біріншісі – 1 жаста (12-15 ай), екіншісі – 6 жаста жүргізіледі. Бұл – вакцинациядан кейінгі иммунитетті дамытуға мүмкіндік береді.

2023 жылғы 10 қараша мен 2024 жылғы 02 маусымның аралығында қалада қызылша, қызамық, паротитке қарсы қосымша жаппай иммундау шеңберінде барлығы 162 294 адам қамтылды. Оның ішінде 6 айдан бастап 10 ай 29 күнге дейінгі 13 119 бала, 2 жастан 4 жасқа дейінгі балалар – 79 785, медицина қызметкерлері – 8676 және басқа жастағы бұрын қызылшаға қарсы жоспарлы екпе алмаған (вакцинация курсы толық емес) толықтыра иммундау бойынша 60 714 бала, – деді Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гаухар Каткенова.

Департамент мәліметінше, екпелерді жүргізу үшін ДДҰ сертификаттаған және Қазақстан Республикасында тіркелген қызылшаға, қызамыққа, паротитке қарсы аралас вакцина қолданылады. Вакцинация тұрғылықты жері бойынша қаланың емханаларының барлық егу кабинеттерінде тегін жүргізіледі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<