Антынан айнымаған ақ халаттылар

911

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ҚР Президентінің Жарлығына орай өңірдегі коронавирус індетімен күрес кезінде қайтыс болған медицина саласының қызметкерлерін наградтау рәсімін өткізді. Көрінбейтін жаумен күрестің алғы шебінде жүрген медицина қызметкерлері – бүгінгі күннің батырлары. Жиында облыс бойынша пандемия салдарынан қаза болған бес медицина қызметкері марапатталды.

– Бірінші кезекте коронавирус індетімен күресте дәрігерлердің кө­мегімен ауқымды жұмыстар атқарылып жатқандығын ерекше айтқым келеді. Ақ халатты абзал жандар осынау сындарлы сәтте жанкештілік пен қайсарлықтың ерекше үлгісін көрсетіп, антқа адалдығын танытуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев денсаулық сақтау саласы мамандарына қиын кезеңде ерекше қолдау білдіруде. Сонымен қатар, Президент өмірден озған медицина мамандарына қайтыс болғаннан кейін мемлекеттік награда тағайындады, – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Өңір басшысы медицина қызметкерлерінің отбасы мен бауырларына «Парасат», «Құрмет» ордендерін табыстады.

Көпбейінді балалар ауруха­насының бас мейірбикесі Гаухар Әбенова өткен айда пневмония дер­тінен көз жұмған болатын. Әр баланың аурудан айығуы үшін кәсіби міндетімен қатар, мейірімді болмысымен жан жылуын төгіп, осы салаға 25 жыл өмірін арнаған мейірбике «Парасат» орденімен марапат­талды. Марапат оның сіңлісі Малика Әбеноваға табысталды.

Жиында  Қызылорда қала­лық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер­дің сапасы мен қауіпсіздігін бақы­лау басқарамасының эпиде­мио­логиялық қадағалау бөлімінің бас маманы қызметін атқарған Қоныс Жұбатқанов «Құрмет» орденімен марапатталып, құрмет белгісі қызы Динара Жұбатқановаға табысталды.

Сондай-ақ, көпбейінді балалар ауруханасында қызмет еткен мейірбике Айнұр Зікірия да жақында пневмонияға шалдығып, дүниеден өткен еді. Алты жылдан бері балалардың саулығы үшін еңбек еткен маман «Құрмет» орденімен марапатталып, марапат анасына берілді.

Айнұрдың әпкесін сөзге тарт­қанымызда сіңлісінің кардиология бөлімінде қызмет еткенін, өз мамандығын қатты құрметтегенін, ізденімпаз болғанын айтып берді.

– Сіңліме берілген марапат оған деген құрмет пен еңбегінің жемісі деп ойлаймын. Медициналық колледжде білім алып, еңбек жолын осы саладан бастады. Қашан да өз жұмысын жауапкершілікпен атқаруға тырысатын. Әріптестерінің арасында сыйлы болғанын көріп қуанатынбыз. Жуырда ғана «Жұмыста жаңа санатты иелендім, енді еңбекақым да көбейеді. Келесі айда бауырларымды қуантатын болдым» деп жүзі жадырап, жақсы жаңалығымен бөліскен еді. Бірақ ол күнге жету бұйырмапты. Екі күн тыныс алуы қиындап ауырды да, жалған дүниені тастап кете барды, – деді Сәуле Бекманбетова.

Қазіргі эпидемиологиялық жағ­дайға байланысты Қазалы аудан­аралық ауруханасының дәрі­гері Іскендір Жұмағазиев пен Арал ауданындағы «М.Айқымбаев атын­дағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы» РМК дәрігері Болатбек Айсауытовтың туыстарына «Құрмет» ордендерін аудан әкімдері табыстады. Іскендір Жиенбайұлы денсаулық сақтау саласына өмірінің 35 жылын арнаса, Болатбек Нәкібайұлы ширек ғасыр адамдардың саулығы үшін қызмет атқарған еді.

Алмағайып уақытта еңбек еткен әр медицина қызметкеріне алғыс айрықша, құрмет бөлек. Тәуекелге бел буып, адал қызмет көрсеткен денсаулық сақшыларын ел де ұмытпайды.

Облыс тұрғындарының денсау­лығын сақтау жолында еңбек етіп, қызметтік борышын өтеп жүріп, өмірден өткен медицина мамандарын ұмытпаймыз.

Осы орайда көпбейінді балалар ауруханасының бас мейірбикесі, «Парасат» орденінің иегері Гаухар Әбенова туралы мақаланы келесі беттен оқи аласыздар.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<