Біз Әйтеке би кентіндегі теміржол ауруханасынын терапия бөлімінің меңгерушісі, бірінші санатты терапевт дәрігер Бақыт Айжарықоваға жолығып, короновирус індеті кезінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып беруін сұраған едік.
– Қазалы ауданындық теміржол ауруханасында жұқпалы ауруларға арналған бөлім жоқ. Алайда эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуіне байланысты қолдан келген шараларды жасап жатырмыз. Қызуы көтеріліп ауырып, бізден көмек сұрап келген науқастарды кері қайтара алмаймыз ғой. Сондықтан «Қазалы теміржол ауруханасы» ЖШС директоры Құбыл Ршымбетовтың басшылығымен 20 орындық терапия бөлімі 30 төсек орынға ұлғайтылып, науқастарды емдей бастадық. Өкпені жасанды желдету үшін 7 оттегі нүктесі ашылды. Емделушілердің көптеп түсуіне байланысты дәрі-дәрмектің жылдық қорын тауыстық, әйтуір еңбегіміз қайтып 59 науқас жазылып шықты. Нақты кезеңде біздің бөлімшеде 12 науқас емделіп жатыр, – деп бастады әңгімесін дәрігер Бақыт Шалғынбайқызы.
Оның айтуынша, сырқаттарды емдеу барысында ұжымдағы медицина қызметкерлері де ауру жұқтырып алып, аурухананың хирургия бөліміне жатып емделіп шығыпты. Иә, аты жаман індет қазір әлем елдерін дүрліктіріп отыр. Ал біздің қарапайым сақтық шараларын сақтауға келгенде енжарлығымыз басым. Той-томалақты кейінге қалдыруға, салтымызға қайшы келсе де асқа бармауға болар еді. Бұл талапты да сақтап отырғанымыз жоқ. тіпті, ең қарапайым нәрсе – бетпердемізді де біреу үшін тағып жүргендей, мекемеге кірген соң иегімізге түсіріп қоямыз. Осы індетпен күресте алдыңғы қатарда жүрген дәрігер Бақыт Шалғынбайқызы науқастар уақытылы ем алса, құнарлы тамақпен қатар аурудан жазыламын деген көңіл күймен жеңіп шығуға болатынын күнделікті жұмысы барысында көріп жүргенің айтты.
Дәрігер Бақыттың балдәрен балалық шағы Сексеуіл станциясында өтті. Әкесі Шалғынбай Айжарықов депода машинист болып еңбек етсе, анасы Аққолқа Ерсейітова бар ғұмырын өзі таңдаған мейірбике мамандығына арнаған, өз ісіне берілген жан еді. Кенттегі талай нәзік жандыларды аман-есен босандырып, халық алғысын алған акушерка болды. Бақыт анасымен көшеге бірге шыққанда келіндердің алдынан кесе өтпей, амандасып қошемет көрсеткенің көріп кеудесін мақтаныш сезімі кернейтін.
Кенттегі №24 мектепті бітірісімен бұл анасы Аққолқа сияқты адам жанының арашасысы, Гиппократ антына адал дәрігер боламын деп шешті. Ойын ата-анасына айтқанда олар перзентінің үлкені Бақыттың таңдауына қуанды. Мектепте үздік оқыған зерек қыз арман қуып Ақтөбеге аттанды. Осындағы мемлекеттік медицина институтының қабылдау емтиханынан сүрінбей өтіп, студент атанды. 1986-1992 жылдары осы оқу орнының емдеу ісі факультетін терапия мамандығы бойынша бітіріп шықты. Қызылорда қаласындағы теміржол ауруханасында бір жылдық интернатурадан өтті.
Еңбек жолын облыс орталығы – Қызылорда қаласындағы №3 емханада аймақтық дәрігер болып бастаған бақыт 1993-1997 жылдары жауапты қызметінің қыры мен сырын үйрене бастады. Осы кезеңде қазалылық жігіт Ахмет Елеевпен танысып, тұрмыс құрды. Қазір Бақыт Шалғынбайқызы төрт ұлдың анасы, әулеттің ибалы келіні. Олар 2000 жылы Қазалыға қоныс аударды. Әйтеке би кентіндегі теміржол ауруханасына аймақтық терапевт дәрігер болып қызметке қабылданды. Науқастармен қарым-қатынаста ашық қабақ және жылы сөз мәдениеті керектігін сол кезде өз бойында қалыптастырған Бақыт Шалғынбайқызы «жақсы сөз – жанға шипа» деген басты қағидасынан айнып көрген емес. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын Бақыттың аймағындағы мерзімге байланысты қозатын аурулар күрт азаюы тынымсыз еңбегінің нәтижесі еді. Біліктілігін арттыру курстарынан уақытылы өтіп тұрған кейіпкеріміз 2002 жылы аурухананың терапия бөліміне дәрігер болып ауысыпты. Кейін білікті дәрігердің еңбекқорлығы мен тәжірибесі ескеріліп терапия бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Онан беріде міне, он жыл сырғып өтіпті.
– Осындай қиын жағдайда еліміздегі медицина қызметкерлері өз өмірлерін қатерге тіге отырып емделуішлердің өмірін сақтап қалу жолында жанқиярлықпен еңбек етуде. Біздің ұжымдағы әріптестеріміз де аянып жатқан жоқ. Әсіресе, терапия бөлімшесінде жанкешті жұмысымен халықтың алғысын алғандар медицина қызметкерлерін атап өткім келеді. Олар – терапевт дәрігер Айшолпан Сайрамбек пен педиатр Жаңагүл Елубаева. Медбикелер Ләззат Айнағұлова, Гүлхан Есмолдаева, Гүлнар Жәлимбетова және Ақылбек Өмірзақов, тазалықшылар Маржан Жаримбетова, Жанар Маманова, Айман Жүсіпова, Ләззат Қаратаева және Жеңіскүл Есіркепованың еңбектерінің арқасында аурудың бетін қайтардық. Жалпы, әрбір адам өзінің денсаулығына, өміріне жауапты. Індет өршіп тұрған шақта барынша қауіпсіздік шараларын ұстанғанымыз жөн, – дейді Бақыт Шалғынбайқызы.
Бақытжан ТҮМЕНБАЙ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Қазалы ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<