Ақыл-кеңеске атүсті қарамайық

920

0

Төтеннен кеп төрімізге шығып алған «COVID» кеселінің қыр-сырын білмегендіктен, бұл туралы алғашқы кезде әртүрлі пікірлердің болғаны шындық.

«Ол вирус 30 градус ыстықта өліп қалады екен, ашық кеңістікте маска тағудың қажеті жоқ» деген сияқты әңгімелерге ердік. Алайда, коронавирус өлтірмесең өрши беретінін көрсетті.


Ал, біз бетперде деп жүрген медициналық маска тағудың ережесін еліміздің бас санитары А.Есмағанбетова былайша түсіндірді: «Адам бір минутта 3-4 рет бетін, көзін ұстайды және оны өздері байқамайды. Оны қадағалап жүру де мүмкін емес. Бет пен көзді кір қолмен ұстау – инфекцияны жұқтырудың бір жолы. Ал, маска ауызды, мұрынды жауып тұрады және шаң-тозаңнан, инфекциядан сақтайды. Сол үшін көшеде де маска тағып жүру ұсынылады. Бұл коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупін азайтады, күнделікті өмірге тезірек оралуға мүмкіндік береді». Міне, осы талап орындалмағандықтан өз айма­ғымызда да карантин режимінің қайта күшейтілгені белгілі.


Жарандар-ау, көзге көрін­бейтін кеселмен арпалыса береміз бе, неге ма­ман­дардың айтқанын орындамаймыз? Мамыражай, уайымсыз өмірге оралуға неге асықпаймыз?


Енді құзырлы орындар мыңның мүддесі үшін бірді тәртіпке шақырудың тетігін қатайтты. Маскасыз жүретіндерге айыппұл сала бастады. Бұл жағдай барлық елдерде де көрініс берді.


Францияда қоғам­дық көліктің барлық түрлерінде, соның ішінде таксиде маска тағу керек. Тәртіп бұзушыларға 135 еуро көлемінде айыппұл салынады.

1,5 метр қашықтықты сақтау және қоғамдық көліктерде маска тағу талабы Нидерландыда да белгіленген. Ережені сақтамағандарға тиісінше 400 және 90 еуро көлемінде айыппұл салынады.

Мұндай айыппұлдар Еуропа елдерінің бірқатарында, ТМД елдерінде де бар.
Біздің елімізде маскасыз жүргендер 83 мың теңге айып­пұл төлейтін болды. Бірақ, кейбіреулер оған «бұл тонау ғой» деп тоңтеріс қарайды. Маскасыз жүріп, өзімізбен бірге өзгеге де ауру жұқтырып, төсек тартқызып жатқанымыз «тонаудың» артын адам өлтіруге апарып соғатынына келте ойымызды бойлатқымыз келмейді.


Жақында Алматыда маска режимін бұзған 165 адам әкімшілік жауапқа тартылған. Анығырақ айтқанда, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабы, 1-бөлігін бұзғаны үшін хаттамалар толтырылған. Бұл бапта 30 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 83 мың 340 теңге айыппұл қарастырылған.


Абайдың сөзі еске түседі, «отқа айдасам көкорай, боққа қашқан…». Неге өз пайдамызға, амандығымызға қарата айтылған ақыл-кеңеске атүсті қараймыз? Бұл кімге жасаған қысастығымыз? Әкемізге ме, шешемізге ме? Жоқ, болмаса, ауру тасып, ақы алатын біз жаудың ортасында жүрміз бе?


Ойланайық.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<