Арал: Басты байлыққа байыпты көзқарас

765

0

Аймақтағы күрделі отаның көбі облыс орталығында жасалады. Басы ауырып, балтыры сыздағанның ем іздеп келетін бастапқы нүктесі де Қызылорда қаласына айналған. Кейінгі оңалту ем-шарасы үшін шалғай аймақтан ағылатын ағайын қаншама?! Бұл үрдіс бір жағынан шаһардың саладағы салмағын білдірсе, көлеңкелі тұсы аудандардағы медициналық әлеует балансының бұзылуына әсер етіп отыр. Олай дейтініміз, науқастар қалаға келуге шығындалып, аудандарда маман тапшылығы туындауда. Міне, осы мәселені шешу үшін аудандардағы денсаулық сақтау саласын жүйелеу, қолжетімді медициналық қызметті қалыптастыру күн тәртібіне көтерілді. Түрлі жоба жүзеге асып, ілкімді бастама жарық көрді.

Жағымды жаңалық Арал ауданында да жетерлік. Әсіресе, биыл сапалы дәрігерлік қызметпен қамтамасыз ету үшін жасалған жұмыс көп. Жаңа бөлімше құру, ауыл-аймақтағы амбулатория құрылысы, маман тапшылығын шешу қолға алынды. Мұның сыртында құрал-жабдық түгендеу, мен тәжірибе алмасу тағы бар. Ендеше, аудандағы салаға қатысты салмақты өзгерісті ретімен баяндайық.

Кардиология және инсульттік бөлімше: көп күткен көмек

Арал қаласы мен аудандағы ауылдардың арақашықтығы алыс екенін көп айтамыз. Қайталамасқа болмас, себебі былайғы жұрт мәселенің тым өзекті екенін ұғынса дейміз. Мәселен, кей елді мекен аудан орталығынан 400 шақырымға дейін алшақ жатыр. Ондағы тұрғындарға Қызылордаға қатынау тұрмақ, аудан орталығына келудің өзі жұмыс. Ал жедел көмек алу қажет науқастардың жайын бағамдай беріңіз. Сондықтан ауданда шұғыл медициналық қызметке мұқтаж азаматтарға жағдай жасау қолға алынуда.

Соның бір дәлелі – Арал қаласынан кардиология және нейроинсульттік бөлімшенің ашылуы. Мұнда жүрек-қан тамырлары ауруларының профилактикасы, отадан кейінгі оңалту жүргізіледі. Бұған дейін тұрғындар мұндай қызметті пайдалану үшін облыс орталығына баратын. Енді алысқа сабылмай, аудан орталығынан алаңсыз ем алуына мүмкіндік туды.

Жалпы бөлімшені ашу «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында жүзеге асты. Бастапқыда нысан жетіспеушілігінен бөлімше жұмысын бастау 2024-2025 жылдарға жоспарланған болатын. Алайда сала жетекшілері мен аудан әкімдігі мәселенің шешімін тауып, аудандық аурухананың әкімшілік бөлімі орналасқан ғимаратты бөлімше жұмысын жүргізу мақсатында босатуға уағдаласқан. Осылайша әкімшілік бөлімін «А.Байтұрсынов» ауылдық емханасының бір бөлігіне көшіріп, ал бөлім ғимаратының орнына кардиология және нейроинсульттік бөлімшелері ашылған.

– Бүгінде осы екі бөлім жүйелі жұмыс істеуде. Бір айда тоқсаннан аса науқас ем алады. Қажетті медициналық құрал-жабдық, мамандар толық қамтылған. Болашақта бөлімшелер үшін арнайы ғимарат салынса, бұдан да көп науқасты қабылдауға, дәрігерлер құрамын кеңейтуге болады, – деді Арал ауданының бас дәрігері Бауыржан Қуанышбаев.

Дәрігер мысалға келтірген жаңа ғимараттың бой көтерер уақыты алыс емес. Бүгінде құрылыс жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жіберілген. Құрылыс құны мемлекеттік сараптамадан шыққан соң айқындалып, қаражат көзі республикалық бюджеттен қаралмақ. Әйтсе де бас дәрігердің сөзінше, жобаның болжамды құны – 1,1 млрд теңге.

Мұндай ауқымды сома нәтижені талап ететіні сөзсіз. Егер керекті қаржы бөлінсе, жоғарыдағы аталған бөлімшелермен қатар, аудан халқының мұқтаждығын туғызып тұрған антиограф және магнитті резонансты томография құрылғысын алу жоспарланып отыр. Осы құрал-жабдықтар алынған жағдайда жүректің аз инвазивті коронаграфиясы секілді манипуляциялар жергілікті аурухана көлемінде жасалады деген жоспар бар.

Аралдықтар бөлімшенің қазіргі күйіне де риза. Бастысы, медициналық көмек сапалы. Мамандар әрбір науқасты жіті бақылап, ахуалы жақсаруына жағдай жасауда. Тұрғындар тарапынан дәрігерлердің жұмысына көңіл толды. Орайы келгенде бөлімшеде ем алған Кеңес қария мамандардың кәсіби білігіне жоғары баға беріп, алғысын жеткізді. 

– Жасым 70-тен асты. Ауру қысып, аурухана есігін жағалағалы көп болды. Ем-домды алу үшін Қызылордаға әрі-бері баруға күш кем. Көптен бөлімше ашылса деп сұраған едік. Міне, ел тілегі назарға алынып, бүгін бөлімшеге келдім. Дәрігерлер құрамына алғыстан басқа айтарым жоқ. Жоғары деңгейде қызмет көрсеткені көңілден шықты, – деді Кеңес Иманәлиев.

Ғимарат тапшылығы – салаға салмақ

Аудандағы медициналық нысандардың жетіспеушілігіне кеңінен тоқталайық. Жалпы, Аралда салаға қажет ғимарат жетіспеушілігі бұрыннан бар мәселе. 2018 жылы заманауи үлгідегі аурухана ғимаратының пайдалануға берілуі саладағы салмақты азайтады деген үміт болған. Алайда жан-жақты қаралмаған жобаның шикілігі шығып, мәселе күн айналып қайта келді. Мысалы, жаңа нысанның құрылысын жоспарлау кезінде апатты жағдайда тұрған жұқпалы аурулар бөлімшесі ескерусіз қалған. Салдарынан араға 6 жыл салып, тақырыпқа орылуға тура келді. Себебі халық саны өсті, емделуші саны артты.

Басшылық 1989 жылы салынған ескі бөлімше ғимаратының жайын ескеріп, жаңасын салуға әрекет етуде. Соған орай, жұқпалы аурулар ауруханасын қайта салуға ұсыным жасалған. Қазіргі таңда орталық аурухана жанынан 1 гектар жер телімі беріліп, жоба-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамада жатыр. Бас дәрігер жақын арада жағымды жаңалық болады деген үмітін жасырмады.

– Аудандық аурухананың негізгі бөлімі жаңадан салынған ғимаратқа ауысуына байланысты жұқпалы аурулар бөлімшесі ғимараты бұрынғы орнында қалды. Бүгінде бөлімше ғимараты аудандық аурухананың ескі аумағында орналасқан.  Мұнда емделушілер жыл сайын артып келеді. Жаңа нысан салуға жоба-сметалық құжаты әзір, мемлекеттік сараптамаға жолданды, – деді Бауыржан Қуанышбаев.

Осы мәндес мәселемен өзге емханалар кезіккен. Мысалы, қалада «Абай» ауылдық емханасы бар. 20 мыңға жуық тұрғынға алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Маңыздысы сол, халықтың 80 пайызы шаһардағы теміржол жүйесінің «арғы бетінде» қоныстанған. Емдеу орны сондағы халықтың теміржолдан өтпей, қолайлы қызмет алуын қамтамасыз етуі тиіс. Дегенмен, 60 жылдан астам тарихы бар нысанда қайбір қолайлы жағдай жасауға болсын. Тұрғындар талап қойып, жаңа емхана салуды сұрауда.

Халық сұранысы қашанда қаперде. Әкімдік талап-тілек жеткен бойда шешім табуға кіріскен. Осылайша 250 келушілерге арналған емхана құрылысы үшін «Шанхай» шағын ауданындағы А.Мархабаев көшесінен жер учаскесі алыныпты. Қажетті қаражат көлемін нақтылау мақсатында жоба-сметалық құжатын әзірлеуге конкурс жарияланып, мердігер анықталған.

Елге қызметті жергілікті билік қана емес, үкіметтік емес ұйымдар да бірлесе атқаруға бейіл. Мысалы, «Қамқорлық» қоры Арал және Қазалы аудандарында диспансерлік есепте тұратын балалар мен жасөспірімдерге арналған ерте оңалту орталығын ашуды жоспарлаған. Онда 2-17 жас аралығындағы балалар медициналық көмек алатын болады. Алдын ала келісімге сәйкес, болашақ орталық «А.Байтұрсынов» ауылдық емханасының жанынан салынады деген жоспар бар. Қазіргі таңда аудан әкімдігі жоба жұмысын жүргізуге кірісіп, құрылыс мердігерін анықтау кезеңіне көшкен.

Айта кетерлігі, ауданда медициналық мекеме ғимараттарының жылыту жүйесін табиғи газға ауыстыру қарқын алған. Осы жылдың өзінде Жақсықылыш ауылдық дәрігерлік амбулаториясы, психоневрологиялық диспансер және «А.Байтұрсынов» ауылдық емханасы ғимараттарының бу қазандықтары табиғи газға көшті. Ендігі кезекте «Сексеуіл» және «Шижаға» елді мекендері тұр.

Құрал қолда болса…

Байқасақ, аралдық «ақхалаттылардың» кәсіби тәжірибесі толысуда. Жыл сайын жаңа жоба, ай сайын күрделі ота жасалғаны туралы ақпар БАҚ пен әлеуметтік желіде тарауда. Мұндай нәтижеге қызметкерлердің білім деңгейі ғана емес, материалдық-техникалық базаның қалыптасуы сеп болғандай. Бір ғана мысал, аудандық аурухананың эндоскопия бөлмесіне «Олимпус эвис Х1» эндовидео құрылғысы алынып, алғаш рет видеоколоноскопиялық зерттеу жүргізіле бастады. Бұл соңғы үлгідегі видеоқұрылғының NBI режимі жай көзге білінбейтін ісіктерді ерте сатысында анықтауға мүмкіндік береді екен. Бүгінде асқазан-ішек жолдарынан осы видеоэндоскопиялық жолмен қан тоқтатуды қолға алған. Аудандағы күрделі оталар МӘМС шеңберінде тегін жасалуда екен.

Ұжым жетістігіне бас дәрігер, білікті маман Бауыржан Мұратбекұлының қосқан үлесі зор. Оның бастамасымен көптеген күрделі ота сәтті жүзеге асып, сан науқас аяққа тұрды. Әсіресе, холангиостомия, ТАРР герниопластикасы, кернеусіз және комбинирленген пластикасын жүргізуде маманның тәжірибесі орасан. Дәрігерлердің жатырдан тыс жүктілік және лапароскопиялық тубэктомия сынды отаны сәтті жасауына жағдай туғызғаны өз алдына бөлек жетістік. Алдағы уақытта көруі нашар сырқатқа офтальмохирургия бейіні бойынша ота жасау қолға алынбақшы. Қазір офтальмологиялық сырқаттар үшін микрохирургиялық отаға қажетті құрал-саймандарға тапсырыс беріліпті. 

Шалғай ауыл шет қалмайды

Қала түсінікті, құрал жетпесе, келеді, маман тапшы болса, алдырар. Алайда Арал үшін ауданның саладағы көрсеткішін көтеру алдымен ауылдағы медицинаны дамыту арқылы ғана жүзеге аспақ. Осы мақсатта елді мекендерде медициналық бекет пен амбулаториялар салу ісі қарқын алған. Іс ауқымын өткен жылғы жұмыстан байқау қиын емес. 2023 жылы аудан орталығынан алыс қоныстанған «Бөген» және «Қызылжар» ауылдарына дәрігерлік амбулатория салынса, «Көктем» елді мекеніне облыстық қазынадан жаңа типтік жобадағы медициналық бекет бой түзеді. Әрбір амбулатория құны 400 млн теңгеден асып жығылады. Қажетті медициналық құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етілген.

Сондай-ақ жедел жәрдем көмегін жолға қою, дер кезінде көмек көрсету үшін санитарлық автокөлікпен қамту жіті назарда. Бұл бағытта түрлі деңгейдегі бюджеттен қаржы қаралып, ауыл-аймақ талабы ескерусіз қалмағанға ұқсайды.

«Жедел жәрдем көлігі елді мекендерге ауадай қажет. Сондықтан жыл сайын аудандағы денсаулық сақтау нысандарының базасын автокөлікпен толықтыру жүргізілуде. Өткен жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасы қолдауымен 3 жаңа санитарлық автокөлік берілді. Биыл қосымша санитарлық автокөліктер беріліп, мәселе түбегейлі шешіледі деп жоспарлануда», – делінген аудандық аурухана мәліметінде.

Келген автокөліктің қай ауылға жол тартатыны қажеттілікке қарай шешіледі. Мұны өткен жылы пайдалануға берілген 3 автокөліктің қай емхана теңгерімінде екенінен аңғарсақ болады. Мысалы, алғашқысы «Қаратерең» дәрігерлік амбулаториясына жолданды. Себебі елді мекен аудан орталығынан шалғай жатыр. Кейінгісін «Сексеуіл» кентіне беру мақсаты – халық көп, шақырту саны ауқымды. Соңғысы жүктемесі толастамайтын Арал қаласында қалған. Барлығы 4 санаттағы заманауи жедел жәрдем көліктері. Алғашқы медициналық көмектен бастап шұғыл операциялық жұмысты қапысыз жүргізуге қолайлы. Бұл – өткен жылғы көрсеткіш. Биыл аталған бағыттағы жұмыс жалғасын таппақ.

Ал биылдан күтер жаңалық қайсы десек, Тоқабай ауылынан дәрігерлік амбулатория салу жобасын атасақ болады. Емдеу мекемесі жыл соңында ел игілігіне пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бастама соңына жетсе, ауыл халқының денсаулық сапасын арттыруға мүмкіндік ашылады деген сөз.

Маман әзір болса…

Саладағы өзекті мәселенің бірі – маман тапшылығы. Бас дәрігердің сөзінше, бұл олқылық ауданда да байқалады. Маман аз, кадрдың жас көрсеткіші ұлғаюда. Қажетті қызметкердің жоқтығынан зейнетке шықса да жұмыс істеуге мәжбүр маман көп. Бүгінгі меже – 20-ға жуық дәрігерді жұмысқа тарту. Бұл бағытта Бауыржан Мұратбекұлының ықпалымен Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің бітіруші түлектерімен келіссөздер жүргізілген. Нәтижесінде, 6 жалпы тәжірибелі маман ауданға келіп, сырқат жандардың сауығуына сеп болады деген үміт бар. Бұған қоса, анестезиолог-реаниматолог, офтальмотолог, оториноларинголог, неонатолог сынды дәрігер мамандар резидентура бойынша білім алуда.

– Аталған мәселе ауданда емес, елімізге ортақ жағдай. Тек әр өңірдің олқылықты шешуге байланысты әлеуеті сан қилы. Біз өз кезегімізде жергілікті мамандарды жұмысқа орналастыру, өңіраралық келісімдер арқылы жастарды үгіттеу, қызметкерлердің біліктілігін арттыру арқылы нәтижеге қол жеткізуге тырысудамыз. Жоғары оқу орындарымен келісім-шарт жасап, мамандардың алдыңғы легі келуде. Аудан орталығының қала статусы болуына орай жас мамандарды «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы тұрғын үймен қамтамасыз етуге қол жетті. Сондай-ақ аудан әкімдігімен бірлесе қызметтік үймен қамтудың балама жолы да қарастырылуда. Сондықтан маман тапшылығы мәселесінің шешілер сәті алыс емес, – деді бас дәрігер.

Әңгіме барысында білікті маман ЖОО-мен байланыс тек қызметкер санын ұлғайту үшін емес екенін ұқтырды. Айтуынша, травматологиялық сырқаттарға жедел оталар ауданда жүргізілгенімен, кейбір күрделі отаны жасау үшін науқасты облыстық көпбейінді ауруханаға жіберуге мәжбүр. Бауыржан Мұратбекұлы осы мәселені шешу үшін дәрігерлердің білімін жетілдіруге маңыз беруде. Қазірдің өзінде бір топ дәрігерді Ақтөбе қаласында М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті базасында резидентурадан білімін жетілдіруге жіберген. Оған қоса бұрын ауданда жасалмаған оталарға қажетті металлоконструкцияларды алып, жергілікті жерден жасалатын ота санын арттыруды мақсат тұтқан.

– Офтальмологиялық сырқаттар үшін  микрохирургиялық отаға қажетті құрал-саймандарға тапсырыс беріп, ауруханаға жеткізуін күтудеміз. Микрохирургиялық ота жасауға маман дайындалып, жыл соңына дейін көруі нашар сырқатқа офтальмохирургия бейіні бойынша оталар қолға алынатын болады, – деді ол.

Маман мәселесін шешу саладағы салғырттық пен қателікті шешеді. Нәтижеге де бастар қадам осы. Мысалы, биыл облыстағы ана өлімі 5,7 есе, сәби өлімі 13,4%-ға төмендеді. 2023 жылдың қорытындысымен 3 негізгі медико-демографиялық көрсеткіштің нысаналы индикаторына қол жетті. Өткен жылы республикалық және жергілікті бюджеттен 52,1 млрд теңге қаралып, 23 медициналық нысан салынды. Мұның бәрі дұрыс стратегиялық жоспардың жемісі екені анық.

P.S. Есте болcа, аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровамен кездесуде саланың жай-жапсарын айта келе, алдағы жоспарға тоқталған болатын.

«Медицина ұйымдарының материалдық-техникалық базасының нығаюына, тапшы кадрларды даярлауға ерекше көңіл бөліп келеміз. Заманауи жаңа ғимараттарды ел игілігіне табыстап, медицина қызметкерлерінің жылы да жайлы жұмыс орнында халыққа сапалы қызмет етуі үшін барлық жағдай жасалуда. Биыл 5,5 млрд теңге қаржы бөлініп, 5 медициналық нысан құрылысы жүргізілуде, оның 2-еуі пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 11 нысан құрылысына сатып алу конкурсы жарияланды», – деген болатын.

Демек, саладағы серпіліс әлі алда. Әсіресе, аудандардың денсаулық сақтау бағытындағы толымды өзгерісі енді басталмақ. Бұл ретте Аралдың ісі жүйелі, жоспары күн ілгері екені қуантады.

Ерсін ШАМШАДИН,

«Сыр бойы»

Қызылорда– Арал–Қызылорда

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<