«Артық салмақ ауру шақырады»

2192

0

«Қазіргі заманғы хирургияның өзекті мәселелері» атты ғылыми-практикалық конференцияда Түркістан облыстық клиникалық  ауруханасы №1 хирургия бөлімінің  меңгерушісі, медицина ғылымының кандидаты, Қожа Ахмет  Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің «Хирургия және анестезиология-реанимация» кафедрасы доцентінің міндетін атқарушы Жеңіс Серғазин және шәкірті, аталған кафедраның оқу бөлімінің жауаптысы Ылхам Аннаоразов «Морбидті семіздік пен гастроэзофагеальды рефлюкс ауруын симультантты лапароскопиялық хирургиялық емдеу» тақырыбында тәжірибелерін ортаға салды. Біз білікті хирург Ылхам Аннаоразовпен тақырыпты тарқатқан едік.

− Ылхам Аширұлы, семіздік салдары неге әкеліп соқтырады?

− 1997 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы алғаш рет жаһандық семіздік эпидемиясы қаупін жариялады. Қазіргі уақытта сарапшылар бұл індет Шығыс Еуропа, Азия, Латын Америкасы, Таяу Шығыс және дамып келе жатқан әлемде пандемияға айналып, Америка Құрама Штаттары мен Батыс Еуропадан тыс жерлерде тез таралғанын айтады. ДДСҰ мәліметтері бойынша 2000 жылмен салыстырғанда 2025 жылға қарай семіздікпен ауыратын науқастар санының екі есе өсуі болжанды. Оның Еуропалық бюросының бағалауы бойынша 2010 жылы тек Еуропада шамамен 150 миллион (20%) ересек адам семіздікке шалдыққан, ТМД-ның басқа елдеріндегі сияқты, Қазақстанда да артық салмақ проблемасына тап болған адамдардың саны жыл сайын 1-2% – ға артып келеді. Республикада семіздікпен сырқаттанушылықтың орташа жылдық көрсеткіші барлық 100 000 тұрғынға шаққанда 4,1 пайыз құрайды.

− Бариатикалық хирургия туралы толығырақ айтып берсеңіз?

− Соңғы жылдары бариатикалық хирургия экспоненциалды түрде өсті. Бұл 1970 жылдары басталған семіздіктің үлкен эпидемиясынан және 1990 жылдардың ортасында минималды инвазивті хирургияның пайда болуынан туындады. Ру (RYGB) әдісі бойынша асқазанға анастомоз салу, билио-панкреатиялық ұрлау, асқазанға аздыратын бандаж, слив резекциялау сияқты қауіпсіз, тиімді және ұзақ мерзімді оталарды біртіндеп дамыту және стандарттау соңғы онжылдықта қол жеткізген жетістіктер − бариатияның дамығанының белгісі. Бүгінде Америка Құрама Штаттарында жыл сайын 200 000-нан астам бариатикалық процедура өткізіледі

− Бұл хирургияның  көрсеткіштері қандай?

− Семіздікпен ауыратын және басқа да аурулары бар, артериялық гипертензия, 2 типті қант диабеті және артроздар, аяқ-қол артриті немесе дене салмағының индексі 40 келіден асқан пациенттерге жасалады.

− Хирургиялық бұл тәсілдің кемшіліктері бар ма?

− Бариатикалық хирургияның                кемшіліктері салбыраған теріні жинау үшін кейін пластикалық хирургия қажеттілігі туындайды. Ағзаға түсетін дәрумендер мен минералдардың жеткіліксіз мөлшерінен денсаулығында айтарлықтай мәселелер, мысалы, анемия, витамин тапшылығы және Верник ауруы, дәрумендер мен микроэлементтерді өмір бойы қабылдау қажеттілігі туындауы мүмкін.

−  Бір мысал келтіріңізші?

− 39 жастағы әйелге ота жасадық.  Салмағы – 125 кг, бойы – 165 см дене салмағының индексі 46.  Қабылдау кезінде «алиментарлы семіздік 3 дәрежелі. Дене салмағының индексі 40, ГЭРА, диафрагматикалық грыжа»  диагнозі қойылған. Науқастың айтуынша, бала кезінен салмақ тастаудың бірнеше әрекеттері, диеталық терапия нәтижесіз болған. Соңғы алты айда консервативті әдістерінің тиімсіздігін ескере отырып, хирургқа жүгінген, амбулаториялық тексеруден кейін хирургиялық емдеу ұсынылды, толық тексеруден өтті, жедел емдеу үшін жоспарлы түрде облыстық клиникалық ауруханаға жатқызылды.

− Мұндай аурулар көбіне тұқым қуалай ма?

− Ол науқастың анасы мен 2 әпкесі семіздікпен ауырған. Әкесі өкпе обырынан қайтыс болған. Көп жағдайда адамның саламатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтанбауынан болады.

− Сіздер қабылдаған «Морбидті семіздік пен гастроэзофагеальды рефлюкс ауруын симультантты лапароскопиялық хирургиялық емдеу» әдісінің қанша науқасқа көмегі тиді?

− Барлығы 70 ота жасалды. Орташа дене салмағы 200 келі болатын 5 адамға, 120 келі салмақтағы 20 адамға және 105 келі 30 емделушіге, 94  келі салмақтағы 5 науқасқа ота жасалып, нәтижелі болды.

Әңгімелескен

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<