Қазір жұқпалы індет белең алып тұр. Тұрғындар ауру белгілерін аңғарғаннан кейін дәрігер көмегіне жүгінуде.
Осындай қиын кезеңде ешкім өз денсаулығына бейжай қарамауы тиіс. Егер коронавирус пен пневмония белгілері байқалса, дереу аймақтық дәрігерге хабарласқаныңыз жөн. Арнайы тексеруден өтіп, маманның кеңесіне құлақ түріп, тағайындаған дәрі-дәрмекті алып, күтініңіз. Өзіңізді уақытында қолға алсаңыз, ортаңызға да кесіріңіз тимейді.
Сонымен қатар қарапайым сақтық шаралары да ескеріле бермейді. Қоғамдық орындар мен адам көп шоғырланған жерге барған кезде міндетті түрде бетперде, қолғап пен антисептик жаныңыздан табылсын. Бұдан бөлек дәріхана, банк, сауда орындарында әлеуметтік арақашықтық сақталуы тиіс. Қолды сабынмен жиі жуу керек.
Үйде қарт кісілер мен балалар болса, гигиеналық талаптарды қатаң ұстанған абзал. Егде жастағы адамдардың көпшілігінде қант диабеті кездеседі. Сол себепті ерекше күтім жасалады. Сұйықтықты көп ішу де маңызды.
Тұрғындар үйдегі салқындатқышты қосып, салдарынан суық тигізеді. Мейілінше, салқын суды ішпеген дұрыс. Иә, қазір шіліңгір шілде. Бірақ жұқпалы індетпен күресіп жатқанымызды естен шығармайық. Карантин кезінде де ережеге бағынбай басқосулар, жиын-той, мерекелік кештер өткізгендер бар. Бұл жағдай індеттің өршуіне себеп болып отыр.
Бірінші адамдар иммунитетін көтеру керек. Ол үшін құнарлы, табиғи тағамдарды жиі тұтынып, салауатты өмір салтын ұстанып, таза ауамен тыныстап отыру керек. Бізге келген науқастардың басым бөлігінде гемоглобині төмен. Қосымша ауруы бар адамдар да барынша сақтық шараларына мән беріп, үй жағдайында ем алған дұрыс. Тек дәрігердің кеңесі арқылы берілген дәрі-дәрмекті тұтыныңыз.
Өзім еңбек ететін Қазалы темір жол ауруханасы қызметкерлері пациенттерге үй жағдайында стационарлық көмек беруде. Науқастарға тегін дәрі-дәрмек те үлестіріліп жатыр. Біз қолдан келген барлық шараларды жасаудамыз. Сіз де жақыныңызға жанашыр болыңыз.
Бақыт АЙЖАРЫҚОВА,
темір жол ауруханасының терапия бөлімінің меңгерушісі,
бірінші санатты
терапевт-дәрігері
Қазалы ауданы,
Әйтеке би кенті
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<