Ауырмайтын жол іздейік!

1121

0

COVID-19  вирусының эпид­­ахуалы  әлем бойынша күр­деленіп барады. Біздің елі­мізде де жағдай қалыпты емес. Бірқатар өңірлерде каран­тиндік шаралар күшейтілді.  Біздің облыста ахуал тұрақты болғанымен, қауіпті кеселдің қашан, қайдан келетінін болжау қиын. Сондықтан жағдайға бей-жай қарамай, сақтық шараларын қатаң ұстанудың маңызы зор.

№1 емхана бойынша ін­деттің алғашқы кезеңінде 240 науқас тіркелсе, 382 адам пневмониямен ауырды. Оған қоса 40 әріптесіміз пневмонияға шалдықса, 5-уі коронавирус инфекциясын жұқтырды. Қазан айында 2 адамнан аталған вирус анықталса, қарашада тағы 2 науқас тіркелді.

Емхана 40 мыңнан аса  тұрғынға қызмет көрсетеді. Пандемия кезінде 5 мобильді топ жұмыс істеді. Сонымен бірге Call орталық ұйымдастырылып, қызмет атқарды. Мобильді топтың бір бөлігі науқастарды көрсеткішіне қарай провизорлық және карантиндік стационарларға тасымалдады. Келесі бір топ індеттің симптомсыз  және жеңіл түрлерімен ауырған, сонымен бірге стационардан орташа және ауыр дәрежеде емделіп шыққан науқастарды бақыласа,  үйдегі стационар бойынша  ем тағайындалған пнев­мония диагнозы нақтыланған науқастарға да көмек берді.  Қазіргі кезде 2 мобильді топ жұмыс істеуде.  Егер қажет бол­ған жағдайда олардың санын арттырамыз. Қазіргі кезде вирустың болжамды екінші толқыны ту­ралы айтылып, дайын­дық жұмыстары пы­сықталуда.  Осы орайда емхана қызметі де барлық санитарлық-эпидемиологиялық талап­тарды сақтай оты­рып, ұйым­дас­тырылуда.  Фильтр бөлімі бар. Науқастарды қабылдау алдын ала жазылу арқылы жүргізілуде. Жеке қорғаныш құралдары қоры жеткілікті мөлшерде жасақталған. Мамандарымыз арнайы  курстардан өтті.

Қауіпті кесел әлем елдерін күн өткен сайын тығырыққа тіреуде. Мұны күнделікті жаңалықтардан көріп-біліп отырмыз. Айма­ғымызда ахуал тұрақты бол­ғанына қарамастан,  «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген халқымыздың тәмсілін естен шығармай, сақтық шараларын мұқият орындаудың маңызы зор. Олай болса, маска кию, арақашықтық сақтау, қолды жиі жуу, көпшілік жерге бармау секілді аурудан сақтанудың қағидасын  қатаң ұстанайық.

Рахима СЕРАЛИЕВА,

№1 қалалық емхана бас дәрігері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<