Азаматтық бейнесі айқындала түсуде

1174

0

Естисіз ол жайында сан аңызды,

Танылған аймағына адам ізгі.

Сыр елі әрқашан есте сақтар,

Смайыл Кәрімбаев ағамызды.

Ұлы Отан соғысының ардагері майдан шебінде «Қызыл Жұлдыз», бейбіт күндері «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендері мен көптеген медальдардың иегері Шиелі аудандық ауруханасының бас дәрігері қызметін 30 жылдан аса үздіксіз атқарған Смайыл Сейітназарұлы Кәрімбаевтың есімін елі айрықша ардақтап, әрқашан зор құрметпен еске алады. Соның бір айғағы, биыл 7 маусымда елін сүйген, елі сүйген арда азаматтың 100 жылдығы  аталып өтеді. Соғыс және еңбек ардагерінің аруағына бағышталып ас беріледі.

Осы мәдени көпшілік іс-шаралар қарсаңында Смайыл ағамыздың көзін көрген әріптес, іні, бауыр болған елге танымал азаматтардың ол кісі жайлы естеліктерінен үзінділер бергенді жөн көрдік.

Тұрғанбай Маханов, Қазақстанға еңбегі сіңген дәрігер, Қызылорда облысының Құрметті азаматы:

– Сәкеңді мен сонау 1961 жылдан бастап білетін едім. Сол жылы біздер Ақтөбе мединститутының 4-курс студенттері өндірістік тәжірибе алуға Шиелі аудандық ауруханасына жіберілген болатынбыз. Ол кісі аудандық аурухананың бас дәрігері және оташы болып жұмыс атқарады екен. Мені сол 20 шақты студенттердің ішінен ота жасауға әрдайым көмекке шақырып алатын. Жаз айы. Сарысу өзенінің бойында қойшылардың жылдық тойы болатын болып, соған мені ертіп апарды. Сондағы көргенім, Смайыл ағаға көптеген кісілер келіп сәлем беріп және жағалай тігілген өздерінің киіз үйлеріне шақырып жатты. Менің байқағаным, елдің ең сыйлы, абыройлы да ардақтысы болып көрінді. Кейін етене араласқан жылдары дәл солай екенін өмірдің өзі көрсетті.

Айтпағым, Сәкеңнің белсенді іс-қимылы Шиелі ауданының денсаулық саласын жетілдіруге арнаған қажырлы қызметтері ел есінде, бүкіл халықтың жадында сақталып келеді. Ол кісінің жеке басына айтылып жатқан сөздер мен әңгімелердің уақыт алыстаған сайын маңызы артып азаматтық бейнесі айқындала түсуде.

Сайлаубай Әбішев, Қоғам қайраткері Қызылорда қаласының Құрметті азаматы:

– Адамды танып, білу үшін көп уақыт қажет екені белгілі. Бірақ білсе де, ол адам туралы баға беруде пендешілік пікірден аса алмай, жақсы сөз, жақсы пікірдің өзі сұранып тұрса да, оны ұрпақ тәрбиесіне пайдалануға «сараңдық» жасайтын әдетіміз барын кімнен жасырамыз. Қадірлі Сәкең, біріншіден, үлкен тұлғалы азамат, қарапайым отбасының басшысы, ұл-қыздарының сүйікті әкесі, немере-шөберелерінің қимас та қайталанбас атасы, туған-туыстарының ақылман жетекшісі, Төлтай апамыздың жан жары көңілден кетпес өмірлік серігі бола білген жан.

Екіншіден, ол кісі өмірдегі өз орнын тапқан мамандық иесі – адам жанының шынайы инженері, адамдарды өздерімен ой бөлісе отырып, ортақ шешім шығара алатын психолог адам ретінде танылған тұлға. Үшіншіден, жас маман дайындаудың хас шебері, өз ісіне шынайы берілген емшілердің ұстазы ретінде көпшіліктің құрметіне бөленген адам еді.

Сондықтан да болар бір орында, бір жерде, бір мамандықтың иесі болып табаны күректей 40 жылға жуық, оның ішінде отыз жылдан астам уақыт аудандық аурухананың бас дәрігері болып жұмыс атқаруы кез келген жұмыр басты пендеге бұйырмаған сенім. Смайыл аға үшін бұл тұрақтылық, сол ауданға медицина саласына басшы болар кадрдың, маманның жоқтығынан емес, жас мамандардың сенімді жұмыс жасауына, мол тәжірибе жинақтауына мүмкіндіктер берілуінде еді.

Ыбырай Ахметов, медицина саласының ардагері:

– Смайыл Сейітназарұлының ұйымдастыру қабілетінің арқасында ауданның денсаулық сақтау саласының жұмысы облыс көлемінде әрдайым алдыңғы қатардан көрінетін. Сондықтан да облыстық денсаулық сақтау бөлімі, облыс, аудан басшылығы алдында беделі жоғары еді, ол кісінің ұсыныстары аяқсыз қалмайтын. Соның айғағы ретінде облыс аудандарының ішінде 1974 жылы бірінші болып типтік үлгідегі үш қабатты аудандық аурухана ғимараты салынып, халық игілігіне берілуін айтар едім. Сәкеңмен қатар жұмыс істеп, тәлім-тәрбиесін алған сол кездегі қызметтестері біздер үшін ол кісінің абыройы әсте төмендеген емес. Кездескенде жиі еске алып, аудан медицинасын қалыптастыруда атқарған жұмыстарын айтып, қызметтес болғанымызды, тәрбиесін алғанымызды әрқашан мақтан тұтамыз. Белгілі классик жазушы Н.Гогольден кейінгі оның заманындағы белгілі жазушылар өздерін «Гогольдің шинелінен шыктық» деп, ал өзіміздің Шерхан Мұртазаның тәрбиесін алған жас жазушылар «Шерханның шекпенінен шықтық» деп мақтанса, Смайыл ағаның тәлім-тәрбиесін алған біздер, замандас дәрігерлер «Кәрімбаевтың қалқасынан шықтық» деп айта аламыз. Бұдан артық қандай мәртебе керек.

Мақсұт Ибрашев

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<