Бағаны бақылау жалғасады

1056

0

Дәрі-дәрмек тапшылығын болдырмау күн тәртібіндегі мәселе және ол арнайы органдар бақылауында. Бүгінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы, экономикалық тергеу департаменті мен кәсіпкерлік және туризм басқармасы, фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту ассоциациясы мен үкіметтік емес ұйым өкілдерінен мониторингтік топ құрылып, қала дәріханаларында тиісті жұмыстарды қолға алған. Осы және өзге де мәселелер төңірегінде өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте тарқатып айтылды.

Жиында облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау дапартаменті басшысының орынбасары Ғалима Жаксылыққызы осы аптада «Alexey Sultan Akhmet», «Сенім», «Қызылорда теміржол ауруханасы», «Достармед Line» серіктестіктерінің емханаларына және қаланың 30 дәріханасына мониторинг жүргізілгенін хабарлады.

– Қалада фармацевтикалық қызметпен 178 дәріхана, дәріханалық пункт айналысады. Олардың қызметін мониторингтік топ қадағалауда. 8 шілдеден бастап тиісті жұмыстар жүргізілуде, қаладағы батыс мөлтек ауданының дәріханаларын тексеріп, тұрғындарға керек препараттардың бар-жоғына және бағаға да бақылау жасалды. Топ тұрғындардың сұранысына ие дәрілердің қай дәріханада бар екені жөнінде ақпарат береді. Қазір дәріханалар алдында кезек көп. Сондықтан тапшы дәрілер облысқа жеделдетіп жеткізілуде. Кеше өңірге 100 млн теңгені құрайтын қажетті дәрі-дәрмек әкелінді. Атап айтқанда, дене қызуын түсіретін, вирусқа қарсы, бактерияға қарсы витаминдер және өзге препараттар. Аталған дәрілік заттар облыстың барлық фармацевтикалық желісіне бөлінді. Бұдан бөлек, көрші мемлекеттермен қарым-қатынас орнатылып, Өзбекстан елінен жақын арада 150 млн теңге шамасында дәрілік заттарға келісім жасалды, Ресейден және Катар елінен келген дәрілер осы аптадан бастап қала және аудан дәріханаларына жөнелтілетін болады, – деді  Ғалима Жаксылыққызы.

Мәліметке сүйенсек, соңғы 4 күннің қорытындысы бо­йын­ша мониторинг барысында  №№6, 4, 1 қалалық емха­налар да нозология бо­йынша МӘМС жүйесінде амбу­латориялық деңгейде дә­рі­­лік заттармен қамтамасыз етілген. Қазір 24 дәріхананың бірнешеуінде кейбір дәрілік заттар жоқ, дегенмен олар күн сайын жеткізіліп жатыр. Мониторингтік топ өкілдері С витамині мен парацетамолдың бірнеше дәріханаға  түскенін айтады. Тағы бір айта кететін жайт, халықтың басым бөлігі вирусқа дексаметазон ем деп ойлап жүр. Ол – гормондық дәрі. Оны тек дәрігердің нұс­қауымен ғана қолдану қа­жет­тігін ескерген жөн. Алайда, дәл осы препарат қазіргі күні тапшы тауарға айналғандықтан, өңірде оның бағасын негізсіз өсірген факт анықталып отыр. Облыс бойынша экономикалық тергеу департаменті «Дексаметазон» дәрілік препаратының  бір ампуласы 1500 теңгеден сатылғанын хабарлады. Сатушы медицина қызметкері екені анықталып отыр. Бүгінде лицензиясыз дәрі-дәрмек сату фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу бас­талды, ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабы 1-бөлігімен қозғалған қылмыстық іс департаменттің өндірісінде.

Мониторинг жүргізу барысында дәрілік заттарды заңсыз сатудың 23  дерегі  анықталды. Айталық, 38 жастағы қала тұрғыны заңсыз 55  дана «Кетатоп» дәрісін сатқан. Заңсыз фармацевтикалық кәсіппен ай­налысқан тұлғаға қатысты Қазақстан Республикасының Әкім­шілік құқық бұзушылық кодексінің 424-бабының 1-бө­лі­гімен әкімшілік жауап­кершілік қаралған. Ал, дәріханалардың дәрі-дәрмек­терді жоғары ба­ғамен сатудың 12 дерегі анық­талып отыр. Дәрілік заттарға белгіленген шекті бағалардан асырып сатқандарға қатысты Қазақстан Рес­­пуб­ликасының Әкімшілік құқық бұзушылық ко­дексінің 426-бабының 1-бө­лігімен жа­уап­кершілік қа­ралған.

Заңсыз дәрі-дәрмектерді  сату деректері бойынша түп­кілікті процессуалдық шешім қабылдау үшін Қы­зыл­орда облысы бо­йынша Эко­номикалық тергеу депар­таментіне жолданды.

Мониторингтік топ қазіргі кезде аталған дәрі-дәрмектің тегін берілуге жататынына немесе нақты сатылу бағасы туралы эксперттердің қатысуымен тексеру жүргізуде. Олар дәрілік заттардың шекті бағалары жы­лына екі рет 10 шілдеге дейін және 10 қаңтарға дейін бекі­тілетінін, қандай да бір дәрілік заттың бағасына жарты жыл ішіндегі теңге бағамы да, сату маусымдылығы әсер етпейтінін айтады. Дәрілік заттардың шекті бағасын «DariKZ» мо­бильді қосым­шасынан білуге болатынын да қаперден шы­ғармау қажет.

М.СНАДИН.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<