Халқымыз «Жақсы дәрігер ауруды жазады, жаман дәрігер ауруға ауру қосады» деп айтады. Медицинаның атасы Ибн Сина: «Дәрігердің үш қаруы бар: бірі – пышақ, екіншісі – шөп, үшіншісі – жылы сөз» деген екен. Осындай игі қасиеттер бойынан табылатын дәрігер ғана халықтың сүйіктісіне айналмақ. Әсіресе, өзінің қай жері ауырып тұрғанын үлкендер секілді түсіндіріп айта алмайтын балалардың тілін тауып, диагнозын дәл анықтауда педиатр мамандардың еңбегі зор.
Облыстық балалар ауруханасының педиатрия бөлімінің меңгерушісі Зульфия Мырзахметова – жиырма жылдан бері талай сәбидің саулығын сақтауға үлес қосып, дертіне дауа тапқан өз ісінің маманы. Ол еңбек жолын облыстық аурухананың клинико-диагностикалық зертханасында дәрігер-лаборант болып бастаған. Онан соң балалар соматикалық бөлімінде педиатр болып еңбек еткен. Облыстық медицина орталығында 1999-2002 жылдар аралығында қызмет атқарып, облыстық балалар ауруханасына ауысады. Аурухананың қым-қуыт тірлігінде жүріп Зульфия Қайырбекқызы өзінің білімімен, ізденімпаздығымен, еңбексүйгіштігімен ұжым арасында абыройға бөленеді. Өз ісіне деген адалдығының, біліктілігінің арқасында үш жылдан кейін ол «Экология және балалар» бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалады. Ұжым басшылығы мен әріптестері үміт артып тапсырған сол қызметті күні бүгінге дейін үлкен жауапкершілікпен атқарып келеді.
Дәрігер – аса жауапкершілікті, шыдамдылықты, өз ісіне деген сүйіспеншілікті қажет ететін ұлы мамандық. Ол адам жанының арашашысы, зерттеушісі, бағдаршамы, қорғаны екені рас. Соның ішінде әлі тілі шықпаған нәрестелер мен балалардың дертіне дауа іздейтін дәрігерлердің еңбегі зор. Олар алдына келген кішкентайларға жылы шырай танытып, мейірімді жүрегімен де емдей алады. Сондықтан болар, баласы ауырған аналар Зульфия Қайырбекқызын іздеп келеді. Осы ретте бірер оқиғаны айтып кетейік.
2015 жылы 6 айлық сәби тері кабатының сарғаюы және құсу шағымымен балалар ауруханасының бөлімшесіне түседі. Балаға галактоземия диагнозы койылады. Шұғыл түрде Алматы каласындағы педиатрия және балалар хирургия зерттеу орталығына жолданады. Дәрігердің қойған диагнозы нақтыланып, нәресте үйіне аман-сау оралады. Тағы бір жағдай осыдан екі жыл бұрын орын алған. Жеті жастағы бала бөлімшеге демікпе диагнозымен түседі. Бұған дейін пульмонолог пен аллерголог мамандарға қаралып, бронх демікпесі диагнозы қойылған. Ем нәтижелі болмаған соң, Зульфия Мырзахметова жетекшілік ететін бөлімшеге жіберіледі. Баланың шағымдары мен ауру тарихын ескеріп, хирургпен консилиум жасалып, бронхоскопия өткізіледі. Нәтижесінде көмейдің көпшілік папиломатозы анықталады. Баланы шұғыл түрде порталмен Астана қаласына оперативті ем қабылдауға жібереді. Тізе берсек, осындай жағдайлар көп. Егер мұндай балаларға нақты диагноз қойылмаса, аурудың асқыну қаупі жоғары еді. Дәлдік, нақтылық, тез шешім қабылдау білікті дәрігер бойындағы қасиеттер болса керек.
Иә, жер бетінде адам денсаулығын қорғап, сақтаудан сауапты қандай іс болуы мүмкін десеңізші. Бұл қастерлі мамандыққа кездейсоқ келе алмайсың. Өйткені, адам өмірі – ең жауапты әрі күрделі іс. Дәрігер болу әркімнің қолынан келе бермейді. Ол – күллі өміріңді, тіршілігіңді осы кәсіпке арнау деген сөз. Ыждағаттылық, еңбекқорлық, сауат, білім, мейірбандылық, адамгершілік тәрізді асыл қасиеттерді біз әдетте халықтың алғысына бөленген дәрігерлердің бойынан көріп жатамыз. Осындай қасиеттерді бойына сіңіре білген Зульфия Мырзахметова көпшіліктің алғысына бөленіп келеді.
Ол өз ісінің шебері болу үшін жылдар бойы тәжірибе жинады. Оқуды үздік бітірген соң алған білімін дәлелдеп, ұдайы ізденуден жалықпады. Медицинадағы озық әдіс-тәсілдерді меңгеруді алдына мақсат етіп қойып, біліктілігін көтеру жолында еліміздің ең үздік клиникаларында түрлі курстардан өтеді.
Бірде Қызылордаға Алматының білім жетілдіру институтынан Роза Қуанышбекова деген академик келіп, аурухана дәрігерлеріне лекция оқиды. Сол кезде білімімен көзге түскен дәрігерге академик ғалымның өзі ұсыныс айтып, оны Алматыға шақырады. Сөйтіп, 2006 жылы Алматыда ғылым докторы Роза Қуанышбекованың жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, осы саланың білгірі атанады. Бірнеше ғылыми еңбегі шетелдік басылымдарда жарияланады.
Жоғарғы санатты, білікті дәрігер Зульфия Қайырбекқызының еңбегі елеусіз емес. Соның ең бастысы – ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі төсбелгісімен марапатталуы. Кеудесінде жарқыраған бұл медаль тәжірибелі, білікті дәрігерді онан әрі шабыттандырып, өз қызметіне деген сүйіспеншілігін арттыра түскені рас. Балалардың бабын білген маман әлі талай тың жаңалықтармен сала дамуына үлес қоса бермек.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<